Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасын сынады. Айтуынша, ел оның игілігін сезіне алмай отыр. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың өзі ел алдында бірнеше рет таныстырып, Үкімет үлкен үміт артқан бағдарламаның несі дұрыс емес? Бекітілгеніне жарты жыл болмай жатып неге сынның астында қалды? Бұл туралы хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған бағдарламаның қажеттігін Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда айтқан. Пандемия, дағдарыстар тізбегі, қаңтар оқиғасы. Бұл сынақтың бәрі ең әуелі халықтың әлеуметтік жағдайынан көрініс тапқаны белгілі. Бір ауған жүкті қайтадан оңдау қаншалықты қиын болса, халықтың жұқарған қалтасын қалыңдату да соншалықты күрделі шаруа.
Бұған дейін әлеуметтік теңсіздіктің ұңғыл-шұңғылын бюджеттен төленетін төлемдер арқылы жабуға бой үйретіп алған Үкіметтің алдынан жаңа мәселе шықты. Келешектің қамына деп құрылған Ұлттық қорды бұдан әрі ысыраптау қауіпті бола бастады. Әлеуметтік төлемдердің бюджетке салар салмағы да, халықтың әлеуметтік ахуалы да ауыр күйінде қалып отыр. Жылдың басында ірі бизнес өкілдерімен кездескен Президент халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден, жылдық табысы 1300 АҚШ долларынан аспайтынын айтқан болатын. Кейін де Президент ресми статистиканың қисынсыз деректері мемлекеттік жоспарлау ісіне кесірін тигізіп жатқанын сынады.
Қасаң статистиканың кесірі
Біз сөз етіп отырған бағдарламаның кіріспе шолуындағы деректер Президент келтірген деректерге қарағанда оптимизмге жақын деп айтуға болады. Яғни, құжатты әзірлеушілер мен бағдарлама операторларының қандай да бір шешім қабылдарда ресми статистиканың қасаң деректерін басшылыққа алу тәжірибесінен бас тартқысы жоқ.
«Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,3%-ды құрайды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының әдістемесі бойынша, Қазақстандағы кедейшілік деңгейі орта есеппен 10%-ды құрайды. ЭЫДҰ елдерінде кедей халықтың үлесі 11,6%-ды құрайды (АҚШ-та – 16,8 %, Израильде – 17,7 %, Чилиде – 16,8 %, Канадада – 14,2 %, Аустралияда – 12,8 %, Ұлыбританияда – 10,8 %)», - деп жазылған бағдарламаның кіріспе шолуында.
Бағдарлама авторлары ұсынған статистиканың айтар ойы елдегі кедейлердің үлесі АҚШ, Израиль, Ұлыбритания Канада сияқты дамыған мемлекеттерден аз дегенге саяды. Бірақ мұндай оптимистік статистиканың халықтың азық-түлік себетімен сәйкеспейтіні бар. Мұнайлы деп есептелетін Маңғыстау мен Атырау облыстарында, қойнауы кенге бай саналатын Қарағанды мен Шығыс Қазақстанда, топырағы құнарлы Солтүстік Қазақстан мен Қостанайда, Батыс Қазақстан, Түркістан, Павлодар өңірлерінде, тіпті ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне (37389 теңге –ред.) де жетпейтін халықтың үлесі өсіп келеді. Бағдарламада бұл деректер де айтылған.
«5 өңірде (Ақмола, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақтан облыстары және Шымкент қ.) кедейлік көрсеткіші республикалық орташа деңгейден жоғары (5,3 %)», - делінген бағдарлама мәтінінде. Ресми статистика бойынша, жалпы ішкі өнімнің құрылымындағы еңбекақының үлесі тым төмен. Тіпті Еуразиялық экономикалық одақ елдердің көрсеткіші де Қазақстандікінен жоғары. 2020 жылы ЖІӨ-дегі еңбекақының үлесі 31,2 % болса, Ресейде – 46,7 %, Беларусьте – 49,7 % болған. «Бұл еңбекақы төлеудегі сәйкессіздіктерге, жасырын жұмыссыздықтың болуына байланысты»,- деп топшылайды құжатты әзірлеушілер.
Бағдарлама авторлары Қазақстанда орташа еңбекақы мен медианды жалақы мөлшерінің арасындағы айырмашылықтың тым үлкен екенін айтады. Мысалы, былтыр төртінші тоқсанда қазақстандықтардың орташа айлығы 275,6 мың теңге екені туралы ресми статистика жарияланды. Ал медианды айлық көлемі 157,9 мың теңге болған. Мемлекет басшысы елдегі байлықтың 55 пайызын 162 адам ұстап отырғанын айтқан болатын. Бағдарлама авторлары құжат жобасын әзірлеген кезде Президент мәліметімен сәйкеспейтін басқа деректі пайдаланған.
«Кедей санатындағы 3,8 млн халық жалпы табыс жиынтығының 9,42 %-ын иеленеді. Ал ең бай 3,8 млн адамға жалпы табыстың 39,4%-ы тиесілі», - деген мәлімет келтіреді.
Дегенмен халықтың кедейленуіне игіліктердің әділетті бөлінбеуі себепкер екені айтылған. Бірақ бағдарлама аясында қабылданған шараларда теңсіздікті жоюдың құқықтық базасы туралы ештеңе айтылмаған. Халықтың табысын арттыруға қауқары бар шаралардың негізгі бөлігі бюджеттен төленетін төлемдерге негізделген
Бағдарлама мынадай 4 бағыт бойынша іс-шараларды қамтиды:
1) бюджеттен төленетін жалақыны арттыру жөніндегі міндеттемелер;
2) жаңа жұмыс орындарын құру арқылы халықтың табысын арттыру;
3) халық табысының сатып алу қабілетін қорғау;
4) табыс деңгейін арттыруды қамтамасыз ететін жүйелі шаралар. Мемлекет байлығының игіліктерін әділетті бөлісу, әлеуметтік теңсіздікті жою мәселесі тасада қалғанын аңғаруға болады.
Елде жасалған 154 635 ұжымдық шарттың тек 30 мыңына кәсіподақтар қол қойған
ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, Халықтың табысын арттыру 2025 жылға дейінгі бағдарламасының аясында атқарылып жатқан шаруалар азық-түлік бағасының қымбаттауы мен инфляцияның көлеңкесінде қалып отыр.
«Кейінгі онжылдықта бағамен күресуде монетарлық шаралар басымырақ болды. Нәтижесі сұранысты басуға алып келді. Олар, сондай-ақ, бағаны шектеудің сәтсіз тәсілдерін қолдануға тырысты. Бағаға әсер етудің анағұрлым тиімді макроэкономикалық шаралары (қолжетімді несиені ынталандыру) және институционалдық тәсілдер (бәсекелестікті дамыту, кәсіпкерлік тәуекелдерді төмендету) сирек қолданылады», - дейді федерация басшысы.
Сондай-ақ, ол бағдарлама іске қосылғанына қарамастан, еңбекке ақы төлеу саласы әлі бейберекеттіліктен арылмағанын айтады.
«Экономикалық қызмет түрлері, шаруашылық жүргізуші субъектілер, жұмыскерлердің кәсіби топтарына ақы төлеудің қалыптасқан жүйесі әділетсіз параметрлерге негізделген. Бірыңғай тарифтік кестені, ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесін шұғыл түрде жаңарту қажет», - дейді ұйым басшысы.
Сатыбалды Дәулеталин қазір халық табысын арттыру ұранымен қабылданып жатқан шараларда уақытша науқаншылдық басым екенін де атап өтті.
«Жартылай шаралардан, уақытша ымыраға келуді және саңылауларды бітеуге бағытталған ең аз өтемақыларды іздеуден, ең алдымен, жалақыны өсіру арқылы азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға көшу керек. Кәсіподақтар федерациясы еңбекақы жүйесін сапалы жетілдіру бойынша Үкіметке ұсыныстар пакетін әзірледі. ҚР Еңбек кодексінің 107-бабына сәйкес, қызметкердің жалақысы еңбек шартының, ұжымдық шарттардың және жұмыс берушінің актілерінің жағдайларымен айқындалатын еңбек шартында белгіленеді. Ұжымдық шарттарда еңбекке ақы төлеу жүйесі және жұмыс берушінің актілері туралы ережелер қамтылуы тиіс болғанымен, іс жүзінде бұл механизм тиімсіз. Бұл жағдайдың негізгі себебі жұмыс берушінің қызметкерге ықпалы және кәсіподақ ұйымдары болмаған жерде жасалған ұжымдық шарттардың декларативті сипаты болып табылады. Бүгінгі таңда елімізде жасалған 154 635 ұжымдық шарттың тек 25-30 мыңға жуығына кәсіподақтар қол қойған. Қалған шарттардың мазмұны сұрақ тудырады»,- дейді ол.
Бұл олқылықты жою үшін Кәсіподақтар федерациясы Еңбек кодексіне еңбекке ақы төлеу жүйесін жұмыскерлер өкілдерінің пікірін ескере отырып айқындауға жол ашатын толықтыру енгізуді ұсынған көрінеді.
«ҚР Еңбек кодексінің 157-бабының 2-тармағы 2) тармақшасы бойынша, ұжымдық шартқа жалақыны индекстеу тәртібін енгізу міндетті ереже емес, тек мүмкіндік ретінде қарастырылған. Біз заңнамада жалақыны индекстеу түсінігінің анықтамалары мен белгілеулерін, жұмыс берушiлердiң жалақыны индекстеу мiндетi туралы нақты заңнамалық нормаларын, жалақыны индексациялаудың оның кезеңділігі мен өлшемдеріне байланысты негізгі принциптерін белгілеуді ұсынамыз», - дейді федерацияның төрағасы.
Оның пайымынша, қазақстандықтардың еңбекақысындағы айырмашылықтар да негізсіз қалыптасқан.
«Кейбір жағдайларда жұмыс берушілер топ-менеджерлер мен жұмыскердің табысын бекіткен кезде 50 және одан да көп есе айырмашылыққа жол берген. Ең бастысы, бұл айырмашылықты ешбір еңбекке қатысу коэффициентімен және жауапкершілік деңгейімен түсіндіру мүмкін емес. Бұл әділетсіздікті жою үшін Кәсіподақтар федерациясы басшы мен қатардағы жұмысскерлердің жалақысының арақатынасының шекті деңгейін 10 еседен аспайтындай етіп белгілейтін заңнамалық норманы енгізуді ұсынды», - дейді Сатыбалды Дәулеталин.
Неге екені белгісіз, Кәсіподақтар федерациясы берген бұл ұсыныстар бағдарламада көрініс таппаған.
Қазақстанда ең төменгі орташа айлық 60 000 емес, 125 мың теңге болу керек
«Бізге Халықаралық еңбек ұйымының «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» №131 конвенциясын ратификациялау қажет. Әлемдік тәжірибеде ең төменгі жалақы орташа айлық жалақының 50%-ы деңгейінде болуы керек. Бұл Қазақстанның мысалында шамамен 125 мың теңге болуы керек. Сондай-ақ, бірқатар елдерде ең төменгі жалақыны анықтау үшін «ең төменгі тұтыну бюджеті» деп аталатын – ең төменгі күнкөріс деңгейімен салыстырғанда жоғары деңгейдегі игіліктер мен қызметтерді бағалауды сипаттайтын есептік шама қолданылады. Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қайта қарауды да ұсынғанбыз. Жәрдемақы мөлшері 15 АЕК-тен аспайтындықтан, әдетте, қызметкерлер ауырған жағдайда жалақысының бір бөлігінен айырылады. Заңнамада аталған жәрдемақы мөлшерін қызметкердің еңбек өтіліне қарай орташа жалақысының 60-тан 100%-ға дейін саралап белгілеуді ұсынамыз. Жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеудің тең жағдайын жасау тұрғысынан салалық арттырушы коэффициенттерді белгілеу және қолдану мәселелеріне ерекше назар аударған жөн. Біз Үкіметтің құзыретіне еңбек жағдайларын зияндылық және қауіптілік дәрежесі бойынша жіктейтін салалық арттырушы коэффициенттерді есептеу әдістемесін бекітуді енгізуді ұсынамыз»,- деді Кәсіподақтар федерациясының басшысы.
Ал Дүниежүзілік банктің Қазақстан бойынша сарапшылары бағдарламада көздеген ең пәрменді шаралар онсыз да тұрақты табысы бар адамдардың жағдайын жақсартуға бағытталғанын айтады.
«Жалпы Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы инклюзивті тәсілдерге құрылған. Яғни, негізгі бағыттардың орындалуы жауапты министрліктер мен ведомстволарға жүктелген. Бірақ сол шараларға Цифрлық даму министрлігін қатыстыру шаралары жеткіліксіз. Әсіресе жастарды қолдау, шағын және орта бизнесті сүйемелдеу, Еңбек және халықтың әлеуметтік қорғау министрлігі қабылдайтын шараларды ауқымды интеграциялау ісіне инновациялық технологияларды пайдалану мәселесі мардымсыз ойластырылған. Сондай-ақ, зейнет жасындағы адамдарды шараларға барынша тарту және қамту жағы жеткіліксіз. Бұған дейін біз Ұлттық экономика министрлігіне берген пайымымызда аталған бағдарламаның жұмысы бар адамдарға көбірек, жұмыссыздарға азырақ бағытталғанын айтқанбыз», - деп жазылған Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілдігінің берген мәліметінде.
Кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановты қабылдап, вице-премьер Мемлекет басшысына Халықтың табысын арттыру бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы мәлімет берді.