Алматы қаласының білім беру жүйесін дамытудағы 2023-2030 жылдарға арналған өңірлік жол картасы негізінде Алматы электромеханика колледжінің энергетика саласында шеберхана меңгерушісі ретінде 2023 жылдың күз айында Бразилия мемлекетінде электр-энергетика саласы бойынша халықаралық тағылымдамадан өтіп келдім. Бұл тағылымдама маған әлемдік деңгейдегі жаңа технологияларды меңгеруге, алдыңғы қатарлы өндірістік тәжірибені зерттеуге және заманауи әдістерді оқу процесіне енгізуге зор мүмкіндік берді.
Халықаралық тәжірибе мен өзімнің кәсіби жұмысымда жинақтаған білімімді саралай отырып, білім алушыларымызға қазіргі заманға сай технологияларды және бағдарламаларды біріктіріп, SMART PRODUCTIONS (Ақылды өнеркәсіп) жобасы аясында білім беруді мақсат тұттым. Бұл жоба – өнеркәсіп пен зауыттарды заманауи құрылғылармен және бағдарламалар арқылы басқарудың инновациялық тәсілі. Жалпы, SMART PRODUCTIONS жүйесі үш негізгі бағытта жұмыс істейді: өндірісті іске қосу, басқару және реттеу; өндіріс барысын бақылау; ақауларды анықтап, жөндеу жұмыстарын жүргізу.
Тағылымдама барысында әлемнің алдыңғы қатарлы зауыттары мен кәсіпорындарында қолданылатын технологияларды зерттеп, олардың тиімділігін көзбен көрдім. Бүгін де өндіріс орындары толық автоматтандырылған жүйелерге көшіп, өндірістік процестерді сандық форматта басқару мүмкіндігіне ие. Бұл өзгерістер Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде де өз орнын табуы тиіс деп есептеймін.
Мен қазіргі таңда SMART PRODUCTIONS жүйесі негізінде білім беру арқылы студенттерімізге заманауи өндірістің талаптарына сай дағдыларды меңгертуді көздеп отырмын. Жобамның басты мақсаты – өндірістегі автоматтандырылған басқару жүйелерін, смарт-технологияларды және жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолданып, кәсіби білікті мамандар даярлау.
Осы тақырыпты оқу бағдарламасына енгізіп, студенттер мен өндірістік оқыту шеберлеріне арнайы курстар мен тәжірибелік сабақтар ұйымдастырып SMART PRODUCTIONS жүйесінің негіздерін жан-жақты түсіндіріп үйретудемін. Осылайша, заманауи технологияларды меңгерген мамандарды даярлау ісі қарқынды жүзеге асырылуда. Осы жұмысымыз ел Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың «2025-Жұмысшы мамандықтар жылы» бағдарламасына тұспа-тұс келуінің өзі SMART PRODUCTIONS жобасы аясында кәсіби білім беру жүйесінде жаңа мүмкіндіктер ашып, студенттерге заманауи өндірістік стандарттарға сай дағдыларды үйретуге зор ықпал етуде.
Осы саланың маманы ретінде болашақта оқу орнымыздағы зертханалар мен өндірістік алаңдарды жаңғырту, инновациялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ студенттердің тәжірибелік білімін шыңдау бағытында қарқынды жұмыс жүргізліп, еліміздің өнеркәсібіне жаңашыл, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда Алматы электромеханика колледжі алдыңғы қатардан көрінетініне сенімдімін!
Нәлжігіт Бекнұр Мұратұлы
“Алматы электромеханика колледжі” КМҚК,
шеберхана меңгерушісі