«Алатау» дәстүрлі өнер театрында Республика күні қарсаңында талантты композитор Теміржан Базарбаевтың 90 жылдық торқалы тойына орай, мүмкіндігі шектеулі зағип әншілер арасында өткен І халықаралық «Екі жұлдыз» ән фестивалі мәресіне жетіп, жаңа жұлдыздар өнердің көгінде жүзді.
Көңіл-күйді көкірек көзімен көрген
Бұдан сегіз жыл бұрын республика аумағында ғана ұйымдастырылып келген аталған фестиваль биыл халықаралық дәрежеде ұйымдастырылып, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия мемлекеттерінен келген өнерпаздарды құшақ жая қарсы алды. «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алдына ақ лимузин көлігімен салтанатты түрде жеткізіліп, қызыл кілем арқылы жүріп өткен өнер көшін «Екі жұлдыз» жобасының авторлары – бірнеше республикалық және халықаралық байқаудың лауреаттары, апалы-інілі Нұрбек Ғизатов пен «Өнер бұлағы» қоғамдық қорының президенті Бәтима Сағынғалиқызы, халықаралық «Екі жұлдыз» ән фестивалінің директоры, қазақ өнерінің қайраткері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Президенттің Құрмет граматосының иегері, кинорежиссер, әнші Ғазизхан Әділханов бастап берді. Ал, сахна шымылдығын Алматы қаласы көру мүмкіндігі шектеулі жандардың демалысын ұйымдастыру бөлімінің «Ата мұра» ұлт-аспаптар ансамблі «Көрұғлы» күйімен ашты.
«Екі жұлдыз» дәл бүгін самғар көкке,
Жарығын шашып өтсін төңірекке.
Қазақтың ән мұрасы мәңгі жасап,
Мәңгі өлмейтін ән қалсын бар жүректе!
– деп мәнерлі өлеңімен сөз бастаған әсем жүргізушілер – «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері Бибігүл Оразбекқызы мен Архимед Омар көрерменмен амандасып, «Алатау» дәстүрлі өнер театры директорының орынбасары Ақберген Жұмабаев өнер фестиваліне құттықтауынжолдады.
Екі күн бойы үш шет мемлекеттен, тоғыз аймағымыздан жиылған 14 жұп әнші сахна көрігін қыздырып, жүректерді тербетіп, көрермен көзайымына айналды. «Әнді сүйсең – менше сүй» деп ұлы Абай айтпақшы, тыңдаушының құлағына жеткен әсерлі ән оның жүрегіне нұр шашқандай. Қасиетті топырақтың ерекшелігін әнге қосып, аңсау мен сағынышты арқау еткен композитор Теміржан Базарбаевтың «Ауылым», сағыныш пен аңсауға толы «Қаздар қайтқанда» әндері киелі сахнада әлденеше рет шырқалса да, әнсүйер қауымның құлақ құрышын қандырғандай.
Әділқазы алқасындағы Республикамыздың мәдениет қайраткерлері, дәстүрлі әншілер Алма Аманжолова, Сандуғаш Стамғазиева, халықаралық, республикалық ән байқауларының жүлдегері Думан Жақанбаев, актер Есенай Ильясовқа жеңімпазды анықтау да оңайға түспегені рас. Әр дуэт өнер көрсеткен сайын бағалаушылар «5»-тен «10»-ға дейінгі баға беріп, оның да себеп-салдарын ашып айтып отырды.
Ата-анадан жастайынан жетім қалып, тағдырдың басқа салғанын көріп, қаншама қиналса да, бозбала Теміржан өмір толқынында шыңдалған.Өнер байқауына бақ сынауға келген өнерпаздар дақос жанарының қадірін қатты сезінген дәп сондай күрескер жандар. Екі күндік додада жарық дүниені көзбен көрмесе де, көкірек көзімен сезінгенкәсібилікке ұмтылған әншілердің жолы болды. Бірі колледжде, бірі консерваторияда оқитын жас дарындар – Нұрдана Арғын мен Айсұлу Тұрымбек байқауға ұсынған екі әнімен де оқ бойы озық шықты. «Қаздар қайтқанда» әнін сызылта шырқаған жұп Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың «Сары ала қаз» әнін орындап, шабыттың шырқау шегіне көтеріліп, Гран-При жүлдесін алғаусыз жеңіп алды. Оларға «Екі жұлдыз» мүсіншесі мен 500 мың теңгенің сертификаты ұсынылды.
Көңіл құсын шартарапқа шалқытқан
Бірінші жүлделі орынды қазақтың қара домбырасын қастерлеген Алғысбек Дәуен мен Ерхат Тәжібаев ақын Ахмет Кендірбаевтың сөзіне жазылған композитор Теміржан Базарбаевтың ұмытылып бара жатқан «Сағыныш» атты әнін жаңғыртып, әдемі орындауымен көрермен мен әділқазы назарын бірден өзіне аударды. Жігіттер де жарқыраған «Екі жұлдыз» мүсіншесін иеленіп, 300 мың теңгенің жүлдесін қанжығасына байлады.
Екінші орынға Өзбекстан Республикасы, Ташкент қаласынан келген Сураехон Каримова мен Азизжон Косимов лайық деп танылды. «Қаздар қайтқанда» әнін өзбекше өрнекпен әрлеп, шырқау дауыспен ән сызылтқан сүйкімді жұп көптің қошеметіне ә дегеннен-ақ бөленді. Екінші орынды жеңіп алған екінші дуэт – қарағандылық Екатерина Абишева мен Эмина Высочинская бұл әнді джаз стиліне салып, тартымды жеткізуімен ерекшеленді. Бұл жұптар 200 мың теңгелік жүлдесімен сүйіншіленді.
Ал Семейден келген тамаша вокалистер Айша Омарбекова мен Гүлзия Байжұманова Теміржан Базарбаевтың «Жаңа жерлер, жасыл көлдер» атты сирек шырқалатын әнін паш етіп, үшінші орынды жеңіп алса, шымкенттік Әсет Серікбай мен Әкімжан Өміртай гитарамен шебер орындаушылық танытып, жүлдегерлер қатарына ілінді. Үшінші орын иелеріне 100 мың теңгенің сертификаты ұсынылды.
Сондай-ақ, «Көрермен көзайымы» жүлдесі түрік халқының әзиз әнімен қонақкәдесін жасаған Реджеп Сайгылы мен Камиль Гечменге бұйырды. Ақтаудан ат арылтып келген Шынар Ниетқалиева мен Өтеген Базарбаев «Ең әдемі әншілер» атанса,«Актерлік шеберлігі үшін» деген атауға өнерге деген ынта-жігерінің арқасында өскемендік қос өнерпаз Динара Әбілқайырова мен Мағзат Мұқашев лайық болды. Қырғыз елінен келген айыр қалпақты ағайындар – Марс Жакупов пен Эрнисбек Жумагулов баян мен комузды үйлестіре ән шырқап, «Ең мықты сүйемелдеуші» атанды.
Халықаралық дәрежедегі мұндай іс-шараны өткізу атымтай жомарт демеушілерсіз қиын екені анық. Ақшалай және заттай демеушілігін аямаған қайырымды, өнерге жанашыр азаматтар да «Алғыс хатпен» марапатталды. Олар: «Тарбағатай» мейрамханасының басшысы Амина Тұрысбекқызы Төлекова, «ADD» қонақүйінің басшысы Айнагүл Балабиева, «КазПРО ENERGY» ЖШС-інің басшысы Арман Еркебұланұлы Сарынов, «Дәулет-Бекет» ЖШС-інің басшылары Сыдық Бекет пен Ақмарал Сыдыққызы, Қожа-Ахмет Йассауи қорының төрағасы Джураходжа Тасходжаев, кәсіпкерлер Гүлсара Суазқызы, Марал мен Жанболат Бекмұсаевтар, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы облысы Іле ауданы филиалының төрайымы Кәмила Сапархайыр, осы бірлестіктің мәртебелі мүшесі Баян Ахметова сынды демеушілер болса, фестивальге ақпараттық демеуші болған «Алматы ақшамы», «Алатау» телеарнасы, «Қазақстан дәуірі», «Үш қоңыр» газеттері мен «Игілік» журналының басшыларына «Алғыс хат»ұсынылды.
Сондай-ақ, гала-концертте Алматы қаласы Саңыраулар мәдениет үйінің өнерпаздары: мамыр айында Абай облысы, Семей қаласында өткен КСРО Халық әртісі, қазақтың бұлбұл көмей әншісі Бибігүл Төлегенованың 95 жылдық мерейтойына арналған ымдап ән айту бойынша Х республикалық байқаудың Гран-при жүлдесін жеңіп алған Анастасия Самойлова мен Елдос Маратұлының «Зеркала» дуэті, халықаралық байқаулардың лауреаттары Алим Мендибаев пен Лаура Королеваның өрелі өнері көрермен көңілінен шықты.
... Сазгерлік ізгілікті ізге түсіп, елеулі еңбегімен бабалар үнін ұлықтап, ұрпақтарға жеткізе білген талант иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Теміржан Базарбаевтың мағыналы ғұмырындағы саналы өмір соқпағы өміршең өнерге осылайша сара жол салды. Әлі талай зерделі зерттеуді қажет ететін Теміржан көкеміздің көкірек-көзді ашып, көңіл құсын шартарапқа шалқытатын әндері ел-жұртын шаттық құшағына бөлей беретініне бек сенімдіміз.