Қазір Алматыда 1 346 нысанның құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды балалардың құқығын қорғау, құрылыс нормаларының сақталуы, қаланың санитарлық жағдайы, қоғамдық көліктің жұмысы және қала шаруашылығын қысқы кезеңге дайындау мәселелеріне арналған аппараттық кеңес өткізді.
Алдымен балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, сондай-ақ жауапты ведомстволардың өзара іс-қимылы талқыланды. 2027 жылы Алматыда зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсететін мамандандырылған кабинет ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар №1 Балаларды қолдау орталығын кеңейту қажеттігі қаралды.
Бұдан кейін Қала құрылысын бақылау басқармасының жұмысы туралы есеп тыңдалды. Қазір Алматыда 1 346 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның 377-сі бюджет қаражаты есебінен, 969-ы коммерциялық негізде салынып жатыр. Жыл басынан бері жоспардан тыс 1 944 тексеру жүргізіліп, 1 236 заңбұзушылық анықталған. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 619,4 млн теңге болды.
Қазан айының басынан бері 22 құрылыс нысанындағы жұмыс тоқтатылды. Лицензиялық талаптарды бұзғаны үшін 570 лицензияның қолданысы уақытша тоқтатылып, тағы 45 лицензияның күші жойылды. Бұдан бөлек, қалада заңсыз салынған 53 нысан сүрілді.
Кеңесте тұрғын үй кешендеріндегі инженерлік желілерді қызмет көрсетуші ұйымдарға беру жайы да назардан тыс қалмады. Кейбір үйлерде құрылыс компаниялары инженерлік коммуникацияларды тиісті ұйымдарға тапсырмайды. Соның салдарынан тұрғындар коммуналдық қызметтерге қатысты қиындықтарға тап болады. Дархан Сатыбалды құрылыс сапасы мен құрылыс салушылардың міндеттемелерді орындауын бақылауды күшейтуді жүктеді.
Жер қазу жұмыстарына байланысты қала әкімі жол жабынын сапалы қалпына келтіруді және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерді қайта қазуға жол бермеуді тапсырды.
Сондай-ақ әкім қаланың санитарлық тазалығын күшейтуді, құрылыс қалдықтарын уақытылы шығаруды, арықтарды тазалау, жөндеу мен көркейту жұмыстары аяқталғаннан кейін аумақтарды ретке келтіруді тапсырды.
Бұған қоса, Дархан Сатыбалды қала шаруашылығының қыс мезгіліне дайындығын тексеруді және қоғамдық көлік жұмысын жақсарту бойынша шаралар қабылдауды міндеттеді. Әсіресе, тұрғындар қарбалас уақытта автобустардың шамадан тыс толуына шағымданатын бағыттарға баса назар аудару қажет.