12 сәуір – Ғылым күні. Ұлт үшін маңызды күнде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысы өтті. Биыл ғалымдар екінші рет бас қосты. Президент ұлттық кеңесті былтыр 26 қаңтарда құрған еді. Алғашқы жиында еліміздің ғылыми-техникалық саясатының алдағы басымдықтары айқындалған. Ал екінші жиында техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу мәселелері қозғалды.
Институционалды өзгерістер
Хакім Абай 100 жылдан астам уақыт бұрын қазаққа ғылымның маңызы жайлы жазып кеткен. Өкініштісі, біз әлі күнге дейін ғылымның ұлттық дамуындағы рөлін түсінбей келеміз. Соңғы бірнеше жыл ғылым саласына ерекше мән берілуде.
Ғылымның дамуы үшін ең алдымен мемлекеттік саясат реттелуі тиіс. Осы бағытта 2022 жылы Ғылым және білім министрлігі Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне бөлінді. Сарапшылар мұндай ұсынысты біраз жылдан бері айтып келген. Ғылым дамуы үшін жеке министрлік қажет болғаны бәрімізге белгілі еді.
Тұтас жүйені бір ғана министрлік құра алмасы анық. Осы орайда былтыр 26 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесті құру туралы Жарлыққа қол қойды. Кеңес ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындау бойынша ұсынымдар әзірлеу мақсатында құрылды. Кеңес құрамына халықаралық деңгейде танылған академиктер мен ғалымдар енді.
Ғылым ұлтты технологиялық байыту құралы ғана емес, рухани дамудың кепілі. Мемлекеттік идеологияның құрамдас бөлігі. Ал идеология бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілерді бір идея төңірегінде топтастыруы тиіс. Сондай идеяның бірі – саясаткерлер шешім қабылдау кезінде ғылыми негізделген талдау мен сараптамаға баса назар аударуы қажет. Мұны Президент Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында айтқан еді.
2023 жылы 17 маусымда өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырыста Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қоғам тынысы әрдайым назарда болуы өте маңызды. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет. Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Түптеп келгенде, бұл – тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеудің кепілі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы, өзегі – осында», – деген еді.
Сөз күйінде қалмайды
Институционалды мәселеге заңнамалық қолдау да жатады. Қазір Парламент «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын талқылауда. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңесте сөйлеген сөзінде атап өтті. Заң жобасында мынадай бастамалар енгізілген:
- «қауымдастырылған профессор (доцент)» және «профессор» ғылыми атақтары үшін жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамына және республикалық бюджеттен ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми қызметкерлерге қосымша ақы белгілеу;
- жас ғалымдарға тұрғын үй сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту құқығы қарастырылған.
Бұл бастамалар ғалымдардың материалдық жағдайын жақсартады. Сонымен қатар, заң қабылданса, еліміз технологиялық даму бағытына өтеді. Ғылымды қаржыландыру көлемі де өсе бермек.
Жалпы, дамыған мемлекеттер ғылыми зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға қаражатты көп бөледі. Алдыңғы қатарлы елдер ЖІӨ-нің 2%-ға жуығын ғылымға жұмсайды. 2021 жылы Қазақстан 0,13% ғана бөлген. Бұл сол кездегі әлемдегі орташа көрсеткіштен 14 есе аз. Үкімет алдағы уақытта оны 1%-ға арттыруды мақсат етіп отыр.
Басты мәселе – техногенді апатпен күрес
Ұлттық кеңестің бұл жолғы отырысының басты тақырыбы – су тасқыны болды. Мемлекет басшысы осы кезде білікті мамандар мен ғалымдардың тапшылығы айқын сезіліп отырғанына назар аударды. Оған ғылымға жете мән берілмеуі себеп болды дейді Президент.
Жер сілкінісі, су тасқыны және өзге де табиғи апат адамның еркінен тыс болады. Десе де, оларды болжап, дайындық жұмыстарын жасау қолдан келетін іс. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның әлеуетін техногендік және табиғи апаттарды болжау, климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін барынша пайдалану маңызды екенін атап өтті.
Шынында да, соңғы жылдары елімізде техногенді, табиғи апаттар жиі орын алуда. Қазақстанның географиялық орналасуы да отқа май құйып отыр. Адами фактор да жоқ емес. Салалық жемқорлық белгілері бар. Қыруар қаржыға салынған бөгеттер судың қарқынына төтеп берер емес.
Эколог ғалымдар қазіргі су тасқыны алдағы уақытта қуаңшылыққа ұласуы мүмкін деп болжам жасауда. Сондықтан Үкімет пен жергілікті жердегі әкімдердің жауапкершілігі арта түспек. Бұл жұмыста атқарушы органдар ғылыми қауымдастықпен етене жұмыс істегені абзал.
Ғылым мықты болса, мемлекет қуатты болады.