Гүлдей нәзік, болаттай берік

 Гүлдей нәзік, болаттай берік интернеттен

Темір тұлпар тізгіндеген қыздар қазір күн санап көбейіп келеді. Өткен ғасырда трактордың құлағында ойнаған Кәмшат Дөненбаева таңданарлық құбылыс болса, Алматы көшесінде әнші қыздардан алғаш көлік жүргізген марқұм Мәдина Ералиеваға да көпшілік қызыға қарайтын. Қаланың қарбалас тіршілігі, бала-шағаның қамы, кезек күттірмейін шаруа шаш-етектен болғасын бүгінгі күні қыз-келіншектің көбі көлік жүргізіп жүр. Олардың арасында білім алып  көлік жүргізу құқына ие болғандар да, өзі талаптанып үйреніп кеткендер де бар. Алматы қаласында автомектеп көп, бірақ ең ерекшесі –  «Бағдаршам» автомектебі, себебі бұл мектеп тек нәзік жандыларға арналған.

«Бағдаршам» автомектебінің негізін салушы Асылзат Қамбарбекова: 

«Автомектеп ашамын деген идея келген кезде қарасам, Алматыда 99 мектеп бар екен, мен енді осыларға ұқсамауым керек, қандай ерекшелік енгізсем екен деп бас қатырдым. Сол уақытта іздене жүріп, ТМД елдерінің біразында әйелдерге арналған автомектептің  бар екенін білдім, сөйтіп осы ойға бекіндім. Автомектептерді қарасам, көбі өздерін құнсыздандырып жіберген, бағасы 15-20 мың теңге, жалға алған орны ең арзан жер, ешкім бармайтын, аренда өтпейтін жерге барып отыр, көбіне жертөледе орналасқан. Содан кейін мен ең қымбат, жайлы, жақсы орынды таңдауым керек деген оймен осы мектепті аштым, өзімнің ойымша, біз сияқты қымбат аренда төлейтін автомектеп жоқтың қасы, көбінің жалға алу ақысы 60-70 мыңнан аспайды. Мектепті ашудағы ең басты мақсатым – жолдағы көлік апатын азайтуға тамшыдай болса да үлес қосу. Статистиканы қарасаң, көлік апатының саны мен одан көз жұмғандар туралы ақпараттан жан түршігеді. Менің мектебімнің басты ерекшелігі –  жолда жүру ережелеріне баса назар аудару, куәлікті кім көрінген ала беретін болды ғой, бірақ соның ішінде ережені толық білетіндер аз. Жүргізуші куәлігін сататын адамдардың қалай ұйықтайтынына таңым бар, ереже білмейтін, көлікті сыйға алған адамға ақшасын алып, куәлікті бере салады, соның кесірінен талай апат болып жатыр. Мен өзімнің мектебімде оқыған қыздарға мұндай жолмен куәлік алмауды қатты басып айтамын, өйткені мұның ар жағында адамның тағдыры тұр, ол ойыншық емес. 2023 жылы Алматы тұрғындарына 4 млрд айыппұл салынса, былтыр 10 млрд айыппұл төлеген, бұл цифр куәлік сататындар мен сатып алатындарды ойлантса екен.»

Аруларға көлік жүргізудің оңай емес екені анық. Қыз-келіншектің көбі оған қызыққанымен, қорқынышты жеңу қиын. Осындай қорқынышпен бетпе-бет келіп, жеңіске жеткен блогер Ақерке Әбілхан өзінің тәжірибесімен бөлісті:

«Көлік жүргізу мен үшін де қиын, қорқынышты дүние болған. Өзім көлік жүргізуім керек деп ойлаған да емеспін. Қаскелеңде тұрамын, шаруаның бәрі қалада, екі ортада қатынаудан шаршаймын, таксиге де көп ақша жұмсаймын, сөйтіп зорығып кеткен кезде осы ақшаға бір көлік алатын уақыт өтті ғой деген ой келді. Сөйтіп автомектепке барып, инструктордың көмегімен оның талай шашын ағартып жүріп үйрендім. Үйренгеніме 1 жыл уақыт өтіп, көлікке отырмағасын қайтадан білгенімді ұмытып қалдым. Бір күні жолдасым  ойда жоқта Kia Morning  деген кішкентай көлік сыйлады, менде ол кезде жүргізуші куәлігі де жоқ. Содан 3-4 ай уақыт өтті, куәлік те алдым, сөйтіп рульге отырып жүргізіп кеттім. Дәл сол уақытта өмірімнің қиын бір кезеңін бастан кешіріп жүрген кезім еді, анам өмірден өткен, жаңадан көлік жүргізіп жүрген соң қалай бұрамын, қайтіп қоямын деп басым қатып бар зейінім жолда болды, бір жағынан бұл мені қайғымның жеңіп кетпеуіне де көмек болды. Бар ынтамды салып үйренген соң оңай сияқты көрініп кетті. Қазір міне сол кішкентай көліктен LEXUS 570-ке көштім.»

Нәзік жандының бәрі бірдей көлік жүргізуді тек қызығушылықтан ғана меңгермейді. Көлік тізгініне отырудың мәжбүрлі себебі де бар. Қала көшесінде такси қызметін көрсетіп, нәпақасын тауып жүрген Гүлназ Сайлаубайқызы көлік тізгіндеуді күнкөрістің қамы үшін үйреніпті: 

«Бірнеше жыл істеген жұмысымнан қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалдым. Басқа жұмыс іздеп едім, ойымнан шығатын қызмет табыла қоймады. Алматы сияқты қымбат шаһарда бір ғана отағасының жалақысымен бала-шағаны тарықтырмай өмір сүру мүмкін емес. Ойлана келе көлік жүргізуді үйренуге бел байладым, бірақ ол кезде тұрақты таксист болып кетемін деген ниетім болған жоқ. Бұл жұмысқа дәл сол уақыттағы қаржылай мәселемді шешіп алайын деп кірісіп едім, қазір үйреніп қалдым. Табысым да жақсы, графикті де өзім реттеймін, сондықтан бұл мен сияқты отбасылы әйелге лайықты жұмыс деп ойлаймын. Әу баста анам мен енем қатты қарсы болған, бүгінде олардың да көзі үйренді, тіпті сыртқы жұмыстарын маған тапсыра салатын болды. Осы табысымның арқасында балаларымның қалауына шек қоймаймын, көлігімді де жаңалап алдым, айына 700 мыңдай табыс табамын. Алматыда көлік жүргізу кімге болсын оңай емес, көлік те, кептеліс те көп, уақыт та жетпейді, үнемі стресс болады. Бірақ жұмыстың оңайы бар ма деген көзқараспен қараймын да, Құдайыма сыйынып алып, күнде жолға шығамын. Жолда жүрген соң түрлі адаммен кезігесің, көшеде көлік мінген әйелді көрсе сыйламақ түгілі, қыспақтап есіңді шығаратын, ашуыңа тиетін азаматтар да бар. Соларға таңғалам, ертең олардың қызының да менің орнымда отырмасына кім кепіл, неге түсіністікпен қарамайды деп қарным ашады, көпке топырақ шашпаймын, жол бергісі келіп тұратын мәрт жігіттер де бар, оларға алғыс айтамын. 10 жыл такси қызметімен айналысқандағы түйген ойым – адам көлікке отырғанда мінезі өзгермейді, ол өмірде қандай болса, көлікте де, жолда да сондай, әлгі мен айтқан азаматтарға қатысты да осыны айтар едім.»

Ерлер қауымына деген таксист келіншектің өкпесін естіген соң, көліктегі азаматты сөзге тарттық. Алматылық Елдос Бауыржан көліктегі қыз-келіншектер туралы ойын былай жеткізді:

«Алматының кептелісі біздің жүйкеміз бен сабырымыздың сынағы сияқты, өзімнің де бірнеше рет көліктегі қыздарға ашуым келіп, жол бермей қойған кезім болды. Қазір өзімді тәрбиелеп келе жатырмын, көбіне өткізіп жіберуге, сигнал басып, мазасын алмауға тырысамын. Бірақ шыдамыңды тауысып жіберетін, жолда қатты сасқалақтайтын әйелдер болады, сондай кезде «осылар неге үйінде отырмайды» деп жының келеді. Өзімнің келіншегімнің көлік жүргізуіне рұқсат бермеймін, себебі маған ұнамайды.»

Ал көлік жүргізетін арулардың психикасына қандай күш түседі деген сұраққа Тұран университеті "Психология" Жоғары мектебінің сениор-лекторы, психолог Гүлнұр Ысқақ былай деп жауап берді:

«Көлік тізгінінде отырған кезде кез келген адамның танымдық процестерінің бәрі іске қосулы тұрады. Бір ғана зейінді алатын болсақ, оның өзі бірнеше қызмет атқарады, қарапайым тілмен түсіндірсем, бір уақытта аяқпен педальді басып, бір қолмен тізгін ұстап, екінші қолмен телефонмен сөйлесіп, айнаға қарап отырамыз, яғни көлік жүргізген адамның психикасы белсенді жұмыс істеп тұрады. Бұған қоса алдымдағы көлік кілт тоқтап қалмасын, ізімдегі көлік соғып кетпесін, жан-жақтан ешкім жол кесіп жүрмесін деген алаңдаулы көңіл-күй адамда стресс тудырады. Ойлаудың да анализ, синтез деген функциясы ылғи қосулы тұрады. Көлік тізгініндегі адамда үнемі алаңдаушылық, күйзеліс пен мазасыздық деңгейі көтеріңкі болады, соның әсерінен бе екен, байқауымша, рульдегі әйелдердің көбінде артық салмақ болмайды. Күнделікті жұмысқа автобуспен қатынайтын әйелде ондай жауапкершілік, жолдағы жағдайға алаңдау деген жоқ, ал көлік жүргізетін әйел бір мезетте бірнеше қызметті атқарып, оның миында да, физикалық денесінде де тыныштық болмайды. Әйел адамның үйіндегі сансыз шаруасына, қызметіндегі кәсіби міндетіне қоса көлік тізгіндеу де үлкен бір жүк деуге болады.»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:48

18:46

17:47

17:35

17:14

17:05

16:40

16:35

16:22

16:18

15:53

15:37

15:17

14:56

14:52

14:44

14:28

14:14

13:44

13:38

13:36

13:34

13:33

13:31

13:03