Еңбек адамы
Алматыдағы 5571 әскери бөлім – мегаполистің тыныштығын қамтамасыз ететін маңызды құрылым. Бұл бөлім сарбаздары күн сайын ішкі тәртіпті күзету үшін кезекшілікке шығады. Олардың қызметі көрінгенімен, сарбаздардың рухани жағдайы мен психологиялық тұрақтылығына жауап беретін мамандардың еңбегі әрдайым байқала бермейді. Осы бөлімдегі аға лейтенант, бригаданың психологиялық қамтамасыз ету қызметінің аға офицері Гауһар Сайлауханқызы сарбаздардың күнделікті күйзелістерін түсініп, олардың әскери ортаға бейімделуіне көмектеседі.
Гауһар ханымның әскери салаға келген жолы ерекше. Алғашында мектепте психолог болып жұмыс істеп жүріп, қысқарту салдарынан жаңа қызмет іздейді. 2016 жылы әскерге қабылданып, өмірінің жаңа тарауын бастайды. «Әскери орта мен үшін күтпеген өзгеріс болды. Алайда, бұл шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Сарбаздармен жұмыс істеу маған шабыт береді», – дейді ол.
Қазір Гауһар ханым 1300-ден астам сарбаздың психологиялық дайындығына жауапты. Әскер қатарына жаңадан келген жастарды зерттеу, олардың моральдық жағдайын бақылау, бейімделу кезеңін жеңілдету – бұл жұмыстың негізгі бөлігі.
Күзгі әскерге шақырылу науқаны кезінде бөлімге келетін сарбаздардың әрқайсысы мұқият тексеруден өтеді. Гауһар ханымның айтуынша, жастардың әскери өмірге бейімделуі әртүрлі уақыт алады. Кейбіреуі ортаға тез сіңіп кетсе, енді бірі ұзақ уақыт бойы жаңа тәртіпке үйрене алмайды. Осы кезде психологтардың жұмысы маңызды рөл атқарады.
«Әскерге келген әр баланың жан-дүниесіне үңіліп, оның мәселелерін түсінуге тырысамыз. Түрлі әдістемелік жаттығулар, сауалнамалар арқылы олардың мінез-құлқы мен психологиялық жағдайын анықтаймыз. Күйзелістегі сарбаздармен жеке жұмыс жүргіземіз», – дейді Гауһар ханым.
Әскердегі әрбір сарбаз кезекшілікке тек психологтың рұқсатымен ғана шығады. Бұл олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадам. «Жастардың әртүрлі жеке мәселелері болады. Ата-анасымен немесе жақындарымен жанжалдасуы олардың мінезіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан сарбаздарды үнемі бақылап, күйзеліс белгілерін анықтап отырамыз», – деп түсіндіреді кейіпкеріміз.
Гауһар ханым көптеген сарбаздың тағдырымен бетпе-бет келген. Оның айтуынша, кейде әскери қызметке жарамсыз жастар әскерге алынып жатады. «
Бірде әскерге психологиялық ауытқулары бар бала келді. Қарапайым ортаға бейімделе алмағандықтан, әскердегі тәртіп оған ауыр тиді. Төрт айлық бақылаудан кейін оның денсаулығы әскерге жарамсыз екенін анықтап, үйіне қайтардық», – дейді ол.
Сонымен қатар, әскерде өмірі түбегейлі өзгерген жастар да бар. «Әлеуметтік ортадан оқшау өскен бір сарбаздың бойындағы тұйықтықты жеңуге бір жыл уақыт жұмсадық. Ақырында ол әскери тәртіпке бейімделіп, жаңа ортаға үйренді. Қазір ол әлеуметтік желілер арқылы байланысқа шығып, алғыс білдіреді. Осындай жетістіктер біздің жұмысымыздың маңыздылығын дәлелдейді», – дейді Гауһар ханым.
Кейіпкеріміз әскери психологтың рөлін әйел адам жақсы атқаратынына сенімді. «Әйелдер мейірімділігі мен жауапкершілігінің арқасында сарбаздарға ерекше көңіл бөледі. Жастарды түсініп, оларға қолдау көрсетуде әйелдің жұмсақ мінезі өте маңызды», – деп атап өтті ол.
Гауһар ханымның тағы бір ерекшелігі – оның ТикТок желісіндегі белсенділігі. Онда ол әскери өмірдің қызықты сәттерімен бөлісіп, сарбаздардың ата-аналарына ұлдарының өмірінен хабар береді.
«Әлеуметтік желі арқылы ата-аналар балаларының әскери өмірін көріп, уайымдарын басады. Бұл бізге сарбаздардың жақындарымен байланыс орнатуға көмектеседі», – дейді ол.
Әскери психологтың жұмысы сырт көзге байқалмаса да, ол сарбаздардың моральдық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі негізгі күш. Гауһар Сайлауханқызының қажырлы еңбегі, сарбаздарға көрсеткен қамқорлығы – Отан қорғаушыларды тәрбиелеудегі маңызды үлес. Оның жұмысы еліміздің болашағына деген сенімді нығайтады.