ffin.kz

Фумио КИШИДА, Жапония Премьер-министрі: Ынтымақ пен дамуға бастайтын диалог

Фумио КИШИДА, Жапония Премьер-министрі: Ынтымақ пен дамуға бастайтын диалог Сурет видео скрині

Аталған диалог 2004 жылы Жапонияның бастамасымен дүниеге келген және биыл оған 20 жыл толып отыр.

Жа­пония билігі хабар­лағандай, Кишида мырза диалог аясында орнаған серік­тестік пен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ниетті. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Жапония Үкіметінің басшысы Орталық Азия елдері басшыларымен жоғары деңгейде кездесу өткізбекші. Кездесулер барысында халықаралық ауқымдағы екіжақты мәселелер мен ынтымақтастық төңірегіндегі және жекелеген салалардағы кең ауқымды қарым-қатынастарды нығайту көзделіп отыр.

Сондай-ақ Фумио Кишида 10-11 тамыз күндері Өзбекстанға, 11-12 тамыз күндері Моңғолияға сапармен баруды жоспарлаған. Бүгін Күншығыс елі Премьер-министрінің елімізге сапары аясында Жапония мен Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанмен арадағы берік байланыстар сөз етілген мақаласы Егемен Қазақстан басылымында жарияланған.

 

Орталық Азиямен байланыстың іргесі берік

Жапония мен Орталық Азия аймағын, әсіресе, Қазақстанды Азияның табиғи ерекшеліктері мен мәдениеті байланыс­тырады. Ал Жібек жолы арқылы орнаған қарым-қатынастың тарихы тым тереңде жатыр. Жапония мен Орталық Азия арасын теңіз бен құрлықтан тұратын мыңдаған шақырым бөліп жатқанына қарамастан, біз бір-бірімізге мәдени және этностық жағынан жақындығымызды ертеден сезініп келеміз.

Жапония Орталық Азия мемлекеттері тәуелсіздікке қол жеткізген кезде алғаш­қылардың бірі болып, 1992 жылы әр мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Содан кейінгі 30 жылдан астам уақыт аралығында Орталық Азияға әрдайым қолдау көрсетіп, дос пейіл­ді байланысын жалғастырып келеді.

 

«Орталық Азия + Жапония» диалогі

Орталық Азияның маңыздылығын ұдайы назарда ұстайтын Жапония әлемде бірінші болып, 2004 жылы «Орталық Азия + Жапония» өзара әрекеттесу үлгісін іске асырды. Аталған формат ая­сын­да Астана қаласында сол кездегі Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаев мырзаның төрағалығымен өткен бірінші кездесуден бастап, бүгінге дейін Сыртқы істер министрлерінің тоғыз кездесуі ұйымдастырылды. Менің де Сыртқы істер министрлерінің 2014 жылы Қырғыз Республикасында өткен 5-ші, 2017 жылы Түрікменстанда өткен 6-кездесулеріне қатысып, Орталық Азия мемлекеттеріндегі әріптестеріммен көптеген талқылау жүргіздім. Содан бергі 20 жыл ішінде тұрақты жалғасып келе жатқан «Орталық Азия + Жапония» диалогі аясында өткен көптеген саяси диалог пен жеке алмасулар бүгінде екі тарапты байланыстырып тұрған берік негізге айналды.

Қазіргі кезеңде Орталық Азия тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізіп, Еуропа мен Азияны байланыстыратын сауда жолы ретінде маңыздылығын арттырады. Сонымен бірге біз Орталық Азия мемлекеттеріне халықаралық жағдайдағы өзгерістердің түрліше әсер ететінін де түсінеміз. Орталық Азия төңірегінде тосын жағдайлар жиілей түскендіктен, заң үстемдігіне негізделген еркін де ашық халықаралық тәртіпті қолдайтын және нығайтатын серіктес ретінде «Орталық Азия + Жапония» диалогін одан әрі нығайтудың уақыты келді деп білеміз.

Осы тұрғыдан алғанда, «Орталық Азия + Жапония» диалогіне 20 жыл толған осы жылы Қазақстанда «Орталық Азия + Жапония» диалогі аясында бі­рінші рет мемлекет басшыларының жо­ғары деңгейдегі кездесуін өткізу дер кезінде қолға алынған іс-шара болғалы тұр.

 

Ынтымақтастықтың жаңа бастамалары

Энергетикалық және минералдық ресурстарға бай, сондай-ақ жас та жігер­лі адами капиталға ие Орталық Азия­ның әр мемлекеті ІЖӨ-нің жоғары өсу қар­қынына қол жеткізіп, әрі қарай эко­номикалық өсу әлеуетімен әлем назарын өзіне аударып отыр. Кейінгі ұрпақ қамы үшін одан әрі ілгерілей дамуды қамтамасыз етуде өнеркәсіпті әртараптандыру мен жасылдандырудың, байланысты жақсарту мен кадрларды даярлаудың маңызы зор.

Осыған орай, Жапония бұл саммитте Орталық Азия мемлекеттерімен бірлесе келешек ұрпаққа бағытталған ынтымақтасудың жоғары деңгейдегі жаңа бастамаларын 3 басым бағытта ұсынады. Атап айтқанда:

1) Орталық Азия аймағындағы дамудың жаңа моделіне көшуді ілге­рі­лететін «Экология және орнық­ты даму»;

2) Орталық Азия аймағының өз ішіндегі және Орталық Азия мен әлем арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсетін «Өзара байланыс»;

3) Іскерлік адами ресурстар және әйелдердің құқықтары мен мүмкін­діктерін кеңейту сынды салалардағы «Адам ресурстарын дамыту».

Биыл Қазақстандағы алапат су тас­қыны кезінде Жапония бөгеттер мен су қоймаларының мамандарын шұғыл аттандырумен бірге одан кейін де тасқын зардабын жою мен мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру мақсатында ынты­мақ­тастық қарым-қатынас орнат­ты. Сон­дай-ақ табиғи апаттардың алдын алу ба­ғытындағы мамандар­ды Жа­по­ния­ға шақырып, түрлі мәсе­лелер­ге қа­тыс­ты өзара пікір алмасулар жүр­гізіл­ді. Одан бөлек, ядролық сынақ­тар­дан зар­дап шеккен Семей қаласына ме­дици­­на­лық көмек көрсетіп, денсаулық сақ­тау саласы қызметкерлерін оқытып келе­міз. Сонымен қатар Жапония өзі­нің ха­лықаралық ынтымақтастықтағы бұ­рын­­ғы тәжірибелеріне сүйене отырып, Қазақстанның аймақтық даму са­ла­сын­дағы ынтымақтастықты жүзеге асы­­ратын KazAID халықаралық даму агент­­тігіне, оның қызметкерлерінің әлеуе­тін арттыруға қолдау көрсетті. Жа­по­­нияның бүгінгі күнге дейін қосқан осын­­дай үлесі Қазақстанның қазіргі дамуы­на қызмет еткеніне қуаныштымыз.

Ілгерілетілген бастамалар аясындағы берік ынтымақтастықтың осындай нәтижелеріне негізделген Жапония мен Орталық Азия, Жапония мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жаңа дәуірге қадам басқалы тұр.

 

Баянды болашақ жолында

Қазақстанға сапарым барысында осыған дейінгі ізашар қайраткерлер негізін қалап, қорғап, қалыптастырған берік іргетаста нық тұрғанымызға көзім жетеді деп ойлаймын. Бұл іргетастың негізі Жібек жолы арқылы байланысқан Жапония мен Орталық Азия арасындағы қатынастың мың жылдан астам уақытқа созылған тарихынан және Орталық Азия мемлекеттерінің тәуелсіздігінен кейін жан-жақты ұштаса, бекемделе түскен Жапония мен Орталық Азия арасындағы байланыстан, «Орталық Азия + Жапония» диалогі аясында қалыптасқан достық пен ынтымақтастық жетістіктерінен тұратыны анық. Осыған орай, Жапония мен Орталық Азияның, сондай-ақ Жапония мен Қазақстанның бірге жүріп өткен тарихының тағылымын үлгі ете отырып, «Орталық Азия + Жапо­ния» диалогінің Қазақстандағы бірінші саммиті жемісті нәтиже беретініне сенімдімін.

Өзара тиімді ынтымақтастық қатынас­тар құру жолымен және Жапония мен Орталық Азия ілгерілеткен жаңа бастамалар негізінде Жапония мен Орталық Азия, Жапония мен Қазақстан алдағы 10, 20 және одан арғы жылдары жарқын болашақ құру үшін күш біріктіріп, қатар жүретін кезді асыға күтемін. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55