«Астана күні» де келіп қалды. Қазақ мемлекетінің бас қаласының айбыны жыл өткен сайын асқақтап барады. Күллі дүниеге мәшһүр болып, аты әлемге танылды.
ХХІ ғасырда дүние жүзі бойынша жаңадан бой көтерген бірден-бір қала болса, ол – Астана. ТМД аумағында да ешқандай мемлекет жаңадан бас қаласын салмады. Тек біз ғана өзіміздің сүйікті шаһарымызды сала білдік. Соның нәтижесінде Еуразия жүрегінде жаңа Елорда бой көтерді. Осылайша Сарыарқаның сайын даласы баршаға пана, жайлы қоныс, саялы мекенге айналды.
Тарихи деректерге зер салсақ, Ғұн империясының орталығы Бозоқ шаһары, қазіргі Елордамыздың маңында қоныс теуіпті. Мұны археолог, тарихшы, этнограф ғалымдар дәлелдеді. Әлі де қазба жұмыстары жүргізіліп, зерттеле түссе, тың деректер де қолға ілініп қалар. Баһадүр бабамыз Хан Кененің тарихын да ұмытпайық. Кенесары ханның туған жері Ақмола өңірі. Уағында патша отаршылдары осы бекіністі иеленгенде, әскерлерімен қоршап от қойып өртеп жібереді. Сөйтіп, халыққа өзінің атақонысын қайтарыпты.
Сарыарқа – қазақтың байлығының көзі ғана емес, сонымен қатар өнердің, мәдениеттің және тарихтың кеніші. Сарыарқаның асыл тумалары, сонау Абылай заманындағы Бұқар жырау, Қаз дауысты Қазыбек би, ақындар Шөже, Шашубай, Доскей, жазушы С.Сейфуллин және ақын Қасым Аманжолов, композиторлар Тәттімбет, Мәдидің елі. Сал- сері, ақын-жыраулардың төгілте жырлаған құтты мекені. Бұл бүгінде дербес елдің Елордасы.
Шаһар шырайлана түсті
Астана келбеті көпті таңқалдыра түсті. Аспанмен таласқан ғимараттар алыстан менмұндалап тұр. Көркіне көз тоймайды.
Шаһар күннен-күнге гүлденіп келеді. Қаланың архитекторлар тобын басқарған сәулетші Кисе Курокава еді. Оның басты идеясы үлкен даңғыл, көрікті саябақ, ауаны ылғалдандырып тұратын субұрқақ және сән- салтанаты келіскен ғимараттар болатын. Әрине, Қазақ елінің бас шаһары болғандықтан, ұлттық құндылық басты негізге алынды.
Мегаполисте smart үйлер, smart аялдама, ақылды бейнебақылаулар орнатылған. Халықтың тұруына өте қолайлы жағдай жасалған. Бүгіннің өзінде 1,5 миллонға жуық халық қоныстанған. Статистикаға сүйенсек, 2030 жылы 2 миллионнан астам тұрғын ғұмыр кешетін көрінеді. Еліміз бойынша ең жаңа ғимараттар шоғыры сонда. Қаланы айналдыра «Астана орманы» қоршап жатыр. Мұнда аққайың, терек, шырша, арша егілген. Сондай-ақ, қырғауыл, марал, елік, борсық, түлкі, суыр, қоянға дейін бар. Веложолақ салынған. Тынығушыларға арнайы орындар қарастырылған. Ең бастысы, эко- тазалықты сақтау жолға қойылған.
Астанада символикалық бейнедегі ғимараттар самсап тұр. Бірегей ғимарат – Бәйтерек. Бұл қазақы мифологиядағы самұрық құстың аңызына байланысты туындаған. Мәні ел-жұрт бай-қуатты болып, өркені өссін деген мағынаны білдіреді. EXPO–2017 көрмесіне орайластырылып салынған «Нұр әлем» павильоны әсемдігімен көпті баурайды. Оның мәні – қуат көзін арттыру, ғаламда бейбітшілікті сақтау. Былтыр Астананың орталық мешіті бой көтерді. Қазіргі таңда Орталық Азиядағы мұсылмандардың ең үлкен діни орталығы саналады. Сыйымдылығы – 235 мың адам. Осылайша тізімді жалғастыра беруге болады. Әлі де көкпен таласқан үйлер бой көтере берері сөзсіз.
Диалог ордасына айналды
Дүниежүзілік саммит, халықаралық форум, алқалы бас қосулар Елордада ұйымдастырылып келеді. Мәртебелі меймандар, туристер, саяхатшылар, әртүрлі саланың сарапшылары жиналатын киелі мекенге айналып отыр.
Бас қала еліміздің ғана емес, әлем елдерінің лидерлері бас қосатын, келелі мәселелерді талқылайтын, түйін тарқататын орталыққа айналды. Соның ең негізгісі 2003 жылдан тұрақты ұйымдастырылып тұратын Әлемдік дін көшбасшыларының съезі. Бейбітшілік және келісім сарайына жиналғандар дәстүрлі дінаралық татулық, бірлік, ұйымшылдық, өзара түсіністік қағидаларын басшылыққа алып отыр. Осы жиын арқылы да елімізді бүкіл әлем таныды.
Астана экономикалық форумы жыл сайын өткізіледі. Штаб-пәтері – Астанада. АЭФ-ты 2008 жылы Ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы мен Қазақстан Республикасының Үкіметі ұйымдастырды. Мақсаты – қаржы нарығында туындаған мәселелерді реттеп, бизнесті ынталандырып, нарықтық экономиканың бағытын айқындау.
P.S. Астана ең жас әрі сұлу мегаполис. Қазақ мемлекетінің алтын тәжі, әлемдегі бейбітшілік пен татулықтың ұйытқысы мәңгі жайнап, жасай берсін!