Каспий маңындағы елдердің басшылары бұған дейін бес рет бас қосқан
Ертең Мемлекет басшысы Түрікменстанға барады. Ашхабадта өтетін Каспий маңы елдері басшыларының алтыншы саммитіне қатысады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Теңізді жағалай қонған бес ел басшылары 4 жылдан бері бас қоспады. Тараптардың теңізге қатысты айтары көп. Алқалы жиынға бірқатар мәселе арқау болмақ.
Орталық Азиядағы ерекше елде биыл көктемде тарихи оқиға болды. Елді 15 жылдай басқарған Гурбангулы Бердімұхамедов президенттіктен кетіп, орнына ұлы Сердар Бердімұхамедов отырды. Ертеңгі саммит кіші Бердімұхамедовтың бірінші басшы ретінде өткізетін алғашқы аса ауқымды шарасы болғалы тұр. Бірден 4 елдің президентін қарсы алады. Амандық болса, ертең Ашхабадқа Қазақстан, Әзербайжан, Ресей мен Иран басшылары келеді.
Каспий маңындағы елдердің басшылары бұған дейін бес рет бас қосқан. Соңғы рет 2018 жылдың тамызында Ақтауда кездесті. Ол кезде теңіздің құқықтық мәртебесі туралы конвенция қабылданған еді. Ал 29 маусымда Түрікменстанның бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың туған күнінде ресми Ашхабад алтыншы Каспий саммитін өткізгелі отыр.
Каспий аса маңызды стратегиялық аймаққа жатады. Географиялық орналасуы оны Азия мен Еуропа құрлықтарында ғана емес, дүние жүзіндегі ерекше ықпалды теңіздердің қатарына қосты. Қойнауы тұнған қазына. Теңіз қайраңында мұнай мен газдың мол қоры шоғырланған. Геолог мамандардың бағалауынша, қарт Каспийде 68 миллиард баррель мұнай бар. Әлемдегі «қара алтынның» барланған қоры 150 миллиард баррель көрінеді. Ал мұнайдың төңірегінде қашанда үлкен саясат жатады. Ертеңгі саммитке де бестік басшылары өз есебімен, өз мүддесімен келеді. Сарапшылардың болжамынша, президенттер саммитте 2018 жылы Ақтауда қабылданған конвенцияны толықтай жүзеге асыруды сөз етпек. Себебі теңізді жағалай қонған бестіктің арасында шешілмеген мәселе аз емес.
«Жақында болатын саммит енді осы мәселемен байланысты болады деген ойдамыз. Яғни осы конвенцияны жүзеге асыру, әрі қарай. Шешілмегені әлі медиандық шекараны бөлу. Әрине әр мемлекет өзінің мүддесі бойынша әдістерді өздерінің аймағын ұлғайту үшін сондай әдістерді ұсынады. Бұл үлкен мәселе. Сондықтан оны мемлекеттер басшылары өз бетінше шешуі керек»,-дейді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бөлім басшысы Айдар Құрмашев.
Ортақ мәмілеге кеп, теңізден пайда табуға әуелі біз мүдделіміз. Себебі Каспийдің солтүстік, солтүстік-шығыс жағалауында Қазақстан шекарасы 2320 шақырымды алып жатыр. Бұл теңіз жағалауының үштен бірі біздің иелікте деген сөз. Ақтау Құрық порттары арқылы астық, металл экспорттап отырған Қазақстан Каспийдің көліктік әлеуетін арттыруды көздейді. Әсіресе геосаясаттың дүлей дауылы соғып тұрған қазіргі шақта теңіздегі төте жолдың маңызы арта түсті. Экономикалық пайданы ғана көздемей, экологиясын сақтау да және бір міндет. Мұнай қалдығын тастағаннан, теңізді ластағаннан мұндағы тіршілік атаулы зиян шегіп жатыр. Осының бәрі ертеңгі саммитке өзек болады деп күтілуде. Бастысы Каспийді бестікті бөлетін емес, бірігіп пайда көретін достық теңізіне айналдыру мұраты тұр.