Алматыда The Spirit of Tengri фестивалі өтеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
7 маусым күні Алматыдағы Абай алаңында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен халықаралық The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі өтеді. Іс-шараға қатысатын арнайы қонақтардың бірі Andru Donalds. Ол композициялары дүние жүзіне кеңінен танылып, бірнеше буынның музыкалық мәдениетіне айналған Enigma жобасының вокалисі.
The Spirit of Tengri - Орталық Азиядағы жыл сайын мыңдаған көрермен жиналатын ең ірі музыкалық open-air фестивальдердің бірі. Фестиваль заманауи этникалық музыка, world music, ethno fusion және ұлттық әуен мен қазіргі музыкалық бағыттар үндескен түрлі жанрларды ұсынатын, әлемнің әр түкпірінен келген орындаушылардың басын қосады.
Әр жылдары фестиваль сахнасында Еуропа мен Азияның танымал артистері мен музыкалық ұжымдары өнер көрсетті. Жоба мәдени байланысты нығайтып, этникалық музыканы насихаттайтын әрі заманауи музыкалық бастамаларды қолдайтын маңызды алаңға айналды.
Биыл фестиваль аумағында демалыс аймақтары, Ethno Market, foodcourt, интерактивті және серіктестердің алаңдары жұмыс істейді. Фестиваль сағат 12:00-де ашылып, ал кешкі музыкалық бағдарлама 18:00-де басталады.
Ұйымдастырушылар қазақстандық орындаушыларды қолдауға және заманауи этно-сахнаны дамытуға ерекше мән береді. Биыл фестиваль аясында алғаш рет этно, фолк және contemporary world music жанрларында өнер көрсететін отандық музыканттар мен топтарға арналған open call ұйымдастырылады. Өтінім фестивальдің ресми сайтында 26 мамыр мен 1 маусым аралығында қабылданады.
The Spirit of Tengri фестивалі Алматыда алғаш рет 2013 жылы өтті, содан бері ол Орталық Азиядағы маңызды мәдени оқиғалардың біріне айналды. 2026 жылы фестиваль халықаралық деңгейде мойындалып, bema! сыйлығының «Халықаралық фестиваль» номинациясында жеңіске жетті.
bema! Best Experience Marketing Awards – оқиғалық маркетинг пен коммуникация (event marketing және experience marketing) саласындағы халықаралық сыйлық әрі фестиваль.
Өтетін күні: 7 маусым 2026 жыл
Өтетін жері: Алматы, Абай алаңы
Кіру тегін