Мәжіліс депутаттары брифингте бұралқы иттер мәселесіне байланысты жануар иелерінің жауапкершілігі мен бақылау тетіктері қалай жүзеге асырылатынын түсіндірді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Мәжілісте өткен брифингте депутаттар бұралқы иттерге қатысты жаңа нормалар аясында жануар иелеріне қойылатын талаптар мен бақылау шаралары туралы айтты.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалдының сөзінше, қолданыстағы заңнамада «бос жүрген ит» деген ұғым бар.
Оның айтуынша, егер иттің иесі болса, жануарға міндетті түрде тұмылдырық тағылып, иесі оны жетекпен немесе қауіпсіз жерде ғана серуендетуге тиіс. Ал өзге жағдайларда ит арнайы қауіпсіз орында ұсталуы керек. Егер ит көшеде бос жүрсе, оны уақытша ұстау пунктіне апарып, ары қарай мәртебесі анықталады. Иттің иесі белгілі болса, оған әкімшілік шара қолданылады.
Ал «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин заң бойынша шара нақты агрессия байқалған жағдайда қабылданатынын атап өтті.
Оның сөзінше, жануар иелерінің жауапкершілігін күшейту үшін барлық ит пен мысықты міндетті түрде чиптеу ұсынылған. Чиптің бар-жоғын бақылау және мониторинг жүйесі арқылы тексеру көзделіп отыр. Бұл құзырет жергілікті атқарушы органдар мен учаскелік полицейлерге беріледі.
Депутаттың айтуынша, тексеру тек көшеде емес, тікелей үй жағдайында да жүргізілуі мүмкін. Яғни, жануардың бар-жоғы және оған чип салынған-салынбағаны анықталады. Егер чип болмаса, иесіне бір ай уақыт беріледі. Осы мерзім ішінде талап орындалмаса, айыппұл салынады.
Ал қайта тексеру кезінде де чип орнатылмағаны анықталса, мұндай жануар иесіз деп танылып, бұралқы ретінде конфискациялануы мүмкін.
Осылайша, депутаттардың айтуынша, жаңа тәсіл бір жағынан жануар иелерінің жауапкершілігін арттырса, екінші жағынан бақылау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік береді.