Қазақстанда барлық саланы цифрландыру қарқын алуда
Бірінші кезекте әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру басталмақ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов және ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі (ЦДИАӨМ) Бағдат Мусин әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бойынша жұмыс кеңесін өткізді, оның барысында атқарылған жұмыстар мен ағымдағы жылға арналған міндеттер, сондай-ақ цифрландырылған мемлекеттік қызметтердің реинжинирингі мәселелері талқыланды, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің таратқан хабарына сілтеме жасап.
Ведомство басшыларынан басқа кеңеске Еңбекмині мен ЦДИАӨМ вице-министрлері және департамент директорлары, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ, «ЕРДО» АҚ, «Зерде» ҰИХ» АҚ және «ҰАТ» АҚ өкілдері қатысты.
Серік Шәпкенов әлеуметтік-еңбек саласында көрсетілетін 45 қызметтің 41-і (91%) электрондық түрде көрсетілетінін, оның 18-і проактивті, яғни азаматтың қатысуынсыз автоматты түрде көрсетілетінін хабарлады. Сондай-ақ, министр Электрондық еңбек биржасы, цифрлық жұмыспен қамту орталықтары, Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі, Әлеуметтік қызметтер порталы және т.б. сияқты Еңбекмині іске асырып жатқан жобалар туралы айтып берді.
ЦДИАӨМ өкілдері 1 шілдеден бастап «1411» байланыс орталығы «1414» бірыңғай байланыс орталығының платформасына ауыстырылатынын хабарлады. Алдағы уақытта 2 және 3-тоқсандардың қорытындысы бойынша байланыс орталығының қызметіне бірлескен бағалау жүргізілетін болады.
Өз кезегінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов Әлеуметтік қызметтер порталын пайдаланушылардың белсенділігінің артуына байланысты 1 тамыздан бастап «ЕРДО» АҚ базасында Әлеуметтік қызметтер порталы мәселелері бойынша байланыс орталығын іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ 1414 байланыс орталығынан Әлеуметтік қызметтер порталы мәселелері бойынша қоңырауларды автоматты түрде бағыттауды жүргізеді», – деді ол.
Ербол Оспанов сондай-ақ Мемлекет басшысының зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауға байланысты процестерді толық цифрландыру туралы тапсырмасының орындалу барысы туралы хабарлады.
«Негізгі міндет – қызмет көрсетудің бастамашысы азамат емес, мемлекет болуы үшін осы қызметті мүмкіндігінше проактивті форматқа көшіру. Ол үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде азамат туралы ақпараттың болуы қажет. Бүгінгі таңда зейнетақы төлемдерін тағайындау процесі азаматтың Мемлекеттік корпорацияға жеке барып өтініш беруі талап етілметіндей етіп цифрландырылды. Құжаттардың сәйкестігін одан әрі қарау, электрондық зейнетақы істерін қалыптастыру Еңбекминінің ақпараттық жүйелерінде жүргізіледі», – деп бөлісті вице-министр.
Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, азамат туралы ақпаратты мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне толық аударудың мүмкін болатын нұсқаларын есептеу жүргізілуде.
Еңбекмині сондай-ақ зейнетақы төлемдері мен жәрдемақыларды әкімшілендіру жөніндегі шығыстарды оңтайландыру бойынша жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта әрбір жәрдемақы немесе зейнетақы төлемі екінші деңгейдегі банктерге және «Қазпошта» АҚ-ға жеке элемент ретінде түседі, олардың әрқайсысы үшін комиссиялық алым төленеді. Бұл шешім комиссиялық алым төлемдерінен жыл сайын шамамен 4,5 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, кеңес барысында тараптар «бала тууға байланысты және бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақылар тағайындау» проактивті мемлекеттік қызметін оңтайландыруды талқылады. Осылайша, көрсетілетін қызметті алушымен диалог кезінде SMS санының екіден бірге дейін қысқаруының арқасында 1 маусымнан бастап проактивті түрде сәтті көрсетілген қызметтер саны 10%-дан 37%-ға дейін өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 50%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Жыл соңына дейін тағы келесідей бірқатар проактивті қызметтерді оңтайландыру жоспарлануда:
– жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау;
– асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді тағайындау;
– асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау;
– еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемді тағайындау;
– мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындау;
– «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау.
Кеңес қорытындысы бойынша тараптар әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бойынша белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.