Венесуэла төңірегіндегі геосаяси шиеленіс Қазақстан экономикасына қалай әсер етуі мүмкін? Aqshamnews.kz тілшісі бұл туралы қаржы сарапшысы Айбар Олжайдан пікір алды.
Венесуэланың мұнайы - "ауыр мұнай"
Сарапшының айтуынша, Венесуэлада мұнай қоры өте мол болғанымен, оның басым бөлігі өңдеуі күрделі саналатын ауыр мұнайға жатады.
"Венесуэлада әлемдегі ең ірі мұнай қорларының бірі бар. Бірақ оның мұнайы көбіне ауыр мұнай санатына жатады", - дейді Айбар Олжай.
Айбар Олжай бұл жерде Қытайдың рөлі маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, Қытайдың бірқатар өндірістік және өңдеу жүйесі ауыр мұнайды тұтынуға бейім, сондықтан Венесуэла мұнайы Бейжің үшін стратегиялық ресурсқа айналған.
"Қытайдың мұнай өңдеу зауыттарының бір бөлігі дәл осындай ауыр мұнайды өңдеуге икемделген. Сондықтан Венесуэла мұнайы Қытай үшін де аса маңызды", - дейді сарапшы.
АҚШ-тың мақсаты қандай?
Сарапшы болжамынша, Вашингтонның Венесуэла бағытына қатысты қатаң саяси-экономикалық ұстанымының түпкі мәні - мұнай ағынына ықпал ету.
"Біріншіден, Қытайға экономикалық ықпал жасауға мүмкіндік береді. Яғни Венесуэла мұнайы арқылы Бейжіңнің энергия қауіпсіздігіне қысым күшейеді. Екіншіден, АҚШ үшін бұл қадам ішкі энергетикалық тұрақтылықты арттырып, әлемдік мұнай бағасына тәуелділікті төмендетуге ықпал етуі ықтимал", - дейді Айбар Олжай.
Айбар Олжайдың айтуынша, егер Венесуэла мұнайы АҚШ нарығына тікелей әрі тұрақты бағытталса, онда Вашингтон әлемдік мұнай бағасын қажет кезде төмендетіп немесе көтеріп, нарықтағы ойын шарттарын өз мүддесіне қарай ыңғайлай алады.
Қазақстанға әсері қандай?
Айбар Олжай Қазақстан секілді мұнайға тәуелді елдер үшін басты қауіп - әлемдік мұнай бағасының ұзақ мерзімге төмен деңгейде тұрақтап қалуы екенін айтады. Баға төмендесе, саланы жаңғыртуға, инфрақұрылымды күтіп ұстауға және инвестиция салуға мүмкіндік қысқарады.
"Қазақстан үшін, әрине, Трамптың әлемдік нарықта мұнай бағасын жоғары деңгейде ұстап тұруға ұмтылатын ұстанымы тиімді болуы мүмкін. Өйткені егер әлемдік мұнай бағасы (соның ішінде фьючерстер) ұзақ уақыт төмендеп, баррелі 30 доллардан да төмен деңгейде болса, онда Қазақстан экономикасы кезең-кезеңімен қысымға түседі. Бірінші жылы-ақ бюджет кірістері мен компаниялардың табысы қысқарып, шығындарды оңтайландыру басталады. Екінші жылы қиындық тереңдеп, ірі жобалар мен инвестициялар кейінге шегерілуі мүмкін. Ал үшінші жылға қарай өндірістік әлеуеттің әлсіреуі, яғни белгілі бір мағынада деградациялық үрдіс байқалуы ықтимал. Себебі мұнай саласында инфрақұрылымды ұстап тұрудың өзі қымбатқа түседі: құбырларды жаңарту, өндірістік жабдықтарды жөндеу, апаттардың алдын алу, кен орындарын күтіп-баптау – мұның бәрі тұрақты қаржыны қажет етеді. Ал мұнайдан түсетін кіріс төмендеп кетсе, компанияларда да, мемлекетте де модернизацияға қаржы бөлу мүмкіндігі азаяды. Соның салдарынан мұнай инфрақұрылымы тозып, өндірістің тиімділігі төмендейді", - дейді ол.
Сарапшының сөзінше, мұнай құбырлары мен өндірістік жабдықтарды жаңарту тұрақты қаржыны талап етеді. Ал мұнай кірісі азайса, модернизацияға ақша жеткіліксіз болып, ұзақ мерзімде өндірістік әлеует әлсіреуі мүмкін.
Еске салайық, өткен сенбіде АҚШ Венесуэлаға қарсы операция жүргізіп, ел президенті Николас Мадуроны және оның жұбайын республиканың астанасы Каракаста ұстап әкеткен. Бүгін Мадуроның Бруклиндегі тергеу изоляторына жеткізілгені белгілі болды. Венесуэла президентін тұтқындау туралы айта отырып, АҚШ президенті Дональд Трамп Монро доктринасын еске салды. Бұл доктрина Америка құрлығын өзге державалардың араласуына жабық аймақ деп жариялайды. Сондай-ақ, Трамп "АҚШ-тың барлық жауына" Венесуэлада болғандай операция жасалуы мүмкін екенін айтып қорқытты. Бұған қатысты саяси сарапшы Пердехан Шәмшиев бұл операцияға құқықтық баға берді.