АҚШ-та Венесуэла президенті Николас Мадуро мен жұбайы Силия Флоресті арнайы операция барысында ұсталды. Ақпараттық порталдар мен желіні шулатқан оқиғаның хронологиясы қандай? Венесуэла қандай ел және неге Трамп оның басшысын тұтқындады? Сұрақ көп әрине. Аqshamnews.kz тілшісі осы тақырып туралы тәптіштеп береді.
Венесуэлада не болып жатыр?
Венесуэла - Оңтүстік Американың солтүстігінде, Кариб теңізі мен Атлант мұхитының жағалауында орналасқан ел. Аумағының батысы Колумбиямен, оңтүстігі Бразилиямен, шығысы Гаянамен шектеседі. Испаниядан тәуелсіздігін 1811 жылғы 5 шілдеде жариялаған (ұлттық мереке ретінде аталады). Кейін тәуелсіздік соғысы нәтижесінде егемендігі нығайған.
Қаңтардың 3-іне қараған түні Венесуэлада АҚШ арнайы күштері операция жүргізіп, Николас Мадуро мен бірінші ханым Силия Флоресті қамауға алып, АҚШ-қа әкеткені туралы ақпарат тарады. Оқиғадан кейін Мадуро Нью-Йоркте қамауда болып, сотқа жеткізілетіні айтылды.
сурет: Matias Delacroix/AP Photo/
Операция барысында Каракаста және бірқатар нысандар маңында соққылар болғаны, инфрақұрылымға әсер еткені және қаза тапқандар бар екені де хабарланды. Бұл жағдай БҰҰ алаңында да талқыланбақ.
Оқиғадан кейін ел ішінде көңіл күй екіұдай: кей өңірлерде “сақтық пен белгісіздік” басым болса, кейбір азаматтар дүрбелеңге бой алдырып, азық-түлікке сұраныс артқаны туралы дабыл қағып жатыр.
сурет: Венесуэла астанасына жасалған соққы
Сонымен қатар Венесуэланың Жоғарғы соты вице-президент Делси Родригеске уақытша президенттік өкілеттіктерді беру туралы шешім шығарғаны хабарланды.
Мадуроның ұсталуы және Трамптың саясатына баға
АҚШ-та Мадуро мен Силия Флореске есірткі айналымы және қару-жараққа қатысты заңсыз әрекеттері үшін айып тағылғаны, істің Манхэттендегі федералды сотта қаралатыны айтылды. Reuters мәліметінше, айыптаулар нарко-терроризм және есірткі/қару қылмыстары бойынша ауыр баптарды қамтиды.
Трамп болса Венесуэлада “қауіпсіз әрі дұрыс” билік транзиті болғанға дейін АҚШ-тың елдің бағытын уақытша “басқаруға” дайын екенін айтып, мұнай секторына америкалық компаниялардың қайта кіретінін меңзеген. Бұл ұстаным бірқатар шетелдік БАҚ-та кеңінен талқыланды.

Энергетика факторы да бұл дағдарыстың өзегіне айналып отыр. Венесуэлада әлемдегі ең ірі дәлелденген мұнай қоры бар (шамамен 303 млрд баррель) екенін АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасы (EIA) көрсетеді.
сурет: ұсталған Венесуэла президенті
Халықаралық реакция да әркелкі болып тұр: Мадуроның одақтастары Вашингтонды егемендік пен халықаралық құқықты бұзды деп айыптаса, өзге елдер “халықаралық құқық нормаларын сақтау керек” деген сақ позиция ұстанып отыр.
Ал БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бұл жағдайды “қауіпті прецедент” деп бағалағаны айтылды.
Венесуэланың келешегі не болмақ?
Қысқа мерзімде өзекті түйткілге айналған негізгі сұрақ: ішкі басқарудың құламай сақталуы және күштік құрылымдардың кімге бағынатыны талқыға түсті. Қазір Жоғарғы сот шешімі бойынша Делси Родригес уақытша өкілеттілікке ие болғанымен, ел ішіндегі саяси тепе-теңдік, элиталар мен әскердің позициясы анықтаушы факторға айналады.
Екінші ірі түйін – санкциялар мен мұнай саясаты. Reuters-тің талдауынша, саяси транзит және санкциялық режимнің өзгеруі Венесуэла мұнай өндірісін орта және ұзақ мерзімде өсіруі мүмкін, бірақ өндірісті қалпына келтіру ірі инвестиция мен уақытты қажет етеді.
сурет: Reuters © Marco Bello
Үшінші мәселе – қайталама соққы қаупі. Бірқатар ақпарат көздері Трамп әкімшілігі Венесуэла билігі АҚШ талаптарын орындамаса, әскери қысымның жалғасуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын жазды.
"Қазақстан да сабақ алуға тиіс": саяси сарапшы пікірі
Саяси сарапшы Пердехан Шәмшиев бұл операцияға құқықтық баға беруде сақтық қажет екенін айтады:

Пердехан Шәмшиев
саяси сарапшы
"Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық құқық тұрғысынан бұл заңсыз әрекет. Бірақ қазір халықаралық құқық дағдарыста. Сондықтан Трамптың Венесуэладағы операциясын заңды не заңсыз деп дөп басып айту қиын. Мадуро қалай сайланса да, елдің легитимді президенті. Оның тағдырын өз халқы шешуге тиіс еді. БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесі, Адам құқығы бойынша комиссиялар бар. Сондай-ақ Халықаралық сотты ұмытпаған жөн", – дейді сарапшы.
Шәмшиевтің пікірінше, операцияның астарында геоэкономикалық есеп басым:
"Қазір құқықтың емес, күштінің заманы. Осы тұрғыдан қарасақ, Трамптың операциясы Венесуэланың мұнай секторын бақылауда ұстауға бағытталған әрекетке ұқсайды. Есірткімен күрес, адам құқығын қорғау – сылтау ғана. Билікке кім келсе де, елдің мұнай секторы америкалық бизнеске тәуелді болып қалады", – деді ол.
Қазақстан үшін қорытынды:
"Бұл кейстен Қазақстан да сабақ алуға тиіс. Барынша Трамптың құбылмалы сыртқы саясатына бейімделіп, іскерлік қарым-қатынасты жалғастыру қажет", – дейді Пердехан Шәмшиев.