Себебі, мал терісінің 84 %-ы қоқысқа тасталады. Қой жүні мен басқа да мал терісі тап-таза шикізат күйінде обал болуда.
Бүгінде ірі қарадан жылына 3,5 млн тері алынса, оның тек 17 пайызы ғана кәдеге жаратылады, деп хабарлайды aqshamnews.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.
Олар отандық зауыттарда өңдеуден өтеді немесе экспортқа жөнелтіледі.
Мамандар бұл салаға мемлекет тарапынан қолдау қажет деп отыр. Әйтпесе тері зауыттарын қайта жаңғыртып, өндіріс қарқынын күшейту мүмкін емес. Теріні кәдеге жаратып, көл-көсір пайда тауып отырған елдер бар екен. Мәселен, іргедегі Моңғолияда 35 тері зауыты бар. Халық саны 3,5 млн екенін ескерсек, 100 мың адамға 1 зауыттан келеді. Ал Қазақстанда небәрі 9 зауыт бар. Алайда бұл зауыттардың өзі толық қуатымен жұмыс істеп тұрған жоқ.
Шаймерден Ахметов ҚР АШМ Аграрлық нарықтар және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:
- 11 млн дана тері өндірілетін болса, оның үш жарымы ірі қараныкы, 8 миллионы ұсақ малдыкі. Сол ірі қараның, үш жарым миллионның ішінде бар-жоғы 6 пайызы ғана қайта өңделеді екен. 9,8 пайызы экспортқа кетеді. Ал қалған 84 пайызының барлығы не өңделмейді, не экспортталмайды, қалып қойып отыр.
Зауыттар шикізат сапасына шағым білдіреді. Себебі, оқыра тескен немесе сойған кезде тілінген терілерді өңдеу мүмкін емес. Қазір ветеринариялық қадағалауды күшейтуге күш салынып жатыр. Сарапшылар саланың тамырына қан жүгірту үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет дейді.
Бақытжан Момбеков, "Атамекен" ҰКП өңдеу өнеркәсібі департаментінің сарапшысы:
- Соны өңдейтін заводтың құрал-саймандары жоқ қой. Көрдіңіз ба, бәрі бірінің үстіне бірі болып жатыр. Қаншы айтып, жатырмыз, қанша бір лизинг беріңдер, образцовый бір какой то завод жасайық деп. Кәсіпкерлер де дайын, мысалы өздерінің білімін, біліктілігін ауыстырып бірге. Бірақ соған бір механизм табылмай, тетік табылмай.
Тері зауытының құрал-жабдықтары өте қымбат тұрады дейді мамандар. Сондықтан қомақты несие алу керек. Алайда бұл несиеге екінің бірі қол жеткізе алмайды. Көбінесе кәсіпкерлерде кепілге қояр мүлік болмайды.
Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық нарықтар және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:
- Ол мәселені білеміз, амалдарын ойластырып жатырмыз. Оның бір амалы, қазіргі мынау жергілікті әлеуметтік корпорациялар бар ғой, солар арқылы қаражатты алып, солардың гарантиясымен, гарантиясымен бе немесе бірлескен кәсіпорындар құрып, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның атына ма, сондай-сондай варианттарын ойластырып қарастырып жатырмыз.
Мамандардың айтуынша, өндірістік тізбекті жолға қоймай, тері өңдеу саласының келешегі бұлыңғыр. Шикізат көзі, зауыт-фабрика бір жерде шоғырлануға тиіс. Бұл логистика жағынан ұтымды, шикізат сапасын бақылауда да тиімді болмақ.