Биылғы 1 шілдедегі мәліметке сәйкес, елімізде көпбалалы аналарға берілетін "Алтын алқа" және "Күміс алқа" марапаттарының иегерлері, сондай-ақ, бұрынғы "Батыр ана" және "Ана даңқы" ордендерінің иегерлеріне тағайындалатын жәрдемақыны 242 495 әйел алып отыр. Аqshamnews.kz тілшісі әр өңірде қанша көпбалалы ана барын анықтады.
Кейінгі бес жылда Республика бойынша көпбалалы ана саны артқан.
- 2021 жылы 229 451 ана;
- 2022 жылы 229 193 ана;
- 2023 жылы 233 759 ана;
- 2024 жылы 238 532 ана;
- 2025 жылы 242 495 ана жәрдемақы алған.
Аймақ бойынша бөлінісі қандай?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылғы 1 шілдеге дейін "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.
Жәрдемақы мөлшері қандай?
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл жәрдемақының мөлшері "Күміс алқа" иегерлері үшін 25 165 теңге (6,4 АЕК), ал "Алтын алқа", "Батыр Ана" және "Ана даңқы" ордендерінің иегерлері үшін 29 097 теңге (7,4 АЕК) болып белгіленді.
Кейінгі жылдары республика бойынша жәрдемақымен қамтылған наградталған аналардың саны тұрақты түрде артып келеді. Министрліктің мәліметінше, кейінгі бес жылда бұл көрсеткіш өсу динамикасын сақтап отыр.
Әлеуметтік қолдау шаралары
Бүгінде наградталған аналарға Салық кодексіне сәйкес бірқатар жеңілдікқарастырылған. Олардың қатарында көлік құралдарына, тұрғын үй жанындағы жер учаскелеріне, жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салықтан босату бар. Сондай-ақ нотариаттық қызметтер, төлқұжат пен жеке куәлік рәсімдеу кезінде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
Марапаттау ережелері
2010 жылдан бастап марапаттау шарттары жеңілдетілді: "Алтын алқа" жеті және одан да көп баласы бар аналарға (бұрын 10 және одан да көп), ал "Күміс алқа" алты баланың аналарына (бұрын 8 бала) беріледі.
"Күміс алқа" алқасымен алты бала туған және тәрбиелеген аналар марапатталады. "Алтын алқа" жеті және одан да көп бала туған және тәрбиелеген, Қазақстан азаматтығы бар аналарға, жетінші бала бір жасқа толғаннан кейін және басқа балалары тірі болған жағдайда табысталады.
Құжат тапсыру тәртібі
Көпбалалы аналарды мемлекеттік наградаларға ұсыну туралы өтінішті жергілікті атқарушы органдар Президент жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияға жолдайды. Ол үшін аналар тұрғылықты жері бойынша аудан әкімдігіне қажет құжаттарды тапсыруы керек.