"Егер ішіміз қазақ болмаса, сыртымыз қазақ болып не пайда?" Нұрлан имам эксклюзив сұхбат берді

"Егер ішіміз қазақ болмаса, сыртымыз қазақ болып не пайда?" Нұрлан имам эксклюзив сұхбат берді egemen.kz

Әр азаматтың сенім бостандығы мен ар-ождан еркіндігіне кепілдік беретін Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бұл – қоғамдағы тұрақтылық пен татулықтың негізі. Алайда бүгінде рухани құндылықтар екінші қатарға ысырылып, материалдық мүдде алдыңғы орынға шыққандай. Осы және басқа да мәселелер жайлы теолог Нұрлан Байжігітұлымен сұхбаттастық, - деп хабарлайды Аqshamnews.kz тілшісі. 

Ниқаб пен ниет: дін де, заң да қауіпсіздікті қалайды

- Жақында тұмшаланып жүруге тыйым салынған заң қабылданды. Бұл шешімге көзқарасыңыз қандай?

- Қабылданған заң - қоғамда ұзақ жылдардан бері қордаланған алаңдаушылыққа жауап болды деп ойлаймын. Өкінішке қарай, кейбір дін жолындағы бауырларымыз бұл шешімнің мән-маңызына терең бойлай алмай отыр. Олар "ниқаб неге қауіп төндіреді?" деген сұрақты жиі қояды. Ақиқатында, мұның барлығы - баршамыздың қауіпсіздігіміз үшін жасалып жатқан қадам. Мәселен, Иорданияда ер адамдар ниқаб пен химар жамылып, 170-тен астам қылмыс жасағаны белгілі - ұрлық, тонау, қарулы шабуыл секілді. Осындай жағдайлардың біздің елде қайталанбасына кім кепіл? Сондықтан мемлекет тарапынан жасалған бұл әрекетті құптаймын. Киім үлгісіне келер болсақ, қазақы киімнің заманауи нұсқасын жасау қиын емес, тек соған бет бұруымыз қажет. Оны бірінші болып кім киеді? Бәріміз. Мәселен, әжелеріміздің кимешекпен рекорд жасауы - бүгінгі аға буынға үлкен ой салуға тиіс. Дегенмен, бұл киімдер рекорд үшін немесе сән қуалап, не тойдың жасауы үшін ғана қолданылып, сандыққа түсіп қалмауы керек. Ұлттық киім - күнделікті тұрмысқа енген кезде ғана өз миссиясын орындайды. Бірақ ең маңыздысы, сыртқы кейіп емес, ішкі мазмұн. Киім - адамның рухани бейнесінің көрінісі. Мәселе - сыртқы түрге емес, киімнің ішіндегі жан мен оның әдебінде. Қазақы нақыштағы киімді 30 жылдан бері киіп келемін. Бұл - сән үшін емес, жүрегімнің қазақ болып соғуына байланысты таңдау. Егер ішіміз қазақ болмаса, сыртымыз қазақ болып не пайда?

- Қоғамда ашық-шашық киініп, ар-ұяттан аттайтындарға қатысты мәселе көптен бері айтылып жүр. Бірақ осыған қоғам тарапынан нақты қарсылық танытылды ма? Әлде, біз өзіміз сол үдерісті үнсіз бақылап қала бердік пе?

- Дәл солай. Бұл мәселеде біз біржақты пікір айтып, қоғамды кінәлай беруден аулақ болуымыз керек. Қоғамның белгілі бір бөлігі ар-ұят шеңберінен шығып кеткені рас. Бірақ осы үрдіс басталғанда, оған қарсы "қой" деген кім болды? Әлеуметтік желіде дау туғанда, қандай да бір қоғам белсендісі, қайраткері, үлкені, анасы немесе әкесі шығып, "бұл ұят" деп айтты ма?

Тіпті, тойларда ер-азаматтар шалбары айырылып кеткенше секіріп, әйелдер екі аяғын айырып, жерде аунап жатса да, ешкім қарсы сөз айтпады. Асабасы, той иесі, не болмаса бір үлкен кісі тоқтатқан жоқ. Өйткені бұл көріністер халықтың өзіне ұнап тұр, оны қызық санайды. Мұны көріп, кейбір имамдар, молдалар халыққа қаттырақ үн қатып, ар-ұятқа шақырғанда, оларды "садақаға тоймайтындар" деп сөкті. Соңында дінге қарсы сөздер айтылды. Енді не деуге болады? Сізде жауабы бар ма?

- Мемлекетіміз зайырлы екенін, дін мен ар-ождан бостандығы Конституцияда кепілдендірілгенін ескерсек, тұмшалану мәселесін заң арқылы реттеу қаншалықты орынды? Ашық-шашық киім үлгісінің көбейіп кетуіне не себеп?

- Айтылғаныңыз орынды. Қазақстан Конституциясына сәйкес, әр азаматтың діни сенім бостандығына құқығы бар. Сондықтан елімізде шариғат жолымен киінемін дегендерге ешкім кедергі келтіріп отырған жоқ. Алайда, бетперде киіп, қылмысқа баратындарды шектеу - бұл заңның басты мақсаты. Заң тұмшалануды емес, қауіпсіздікке нұқсан келтіретін жайттардың алдын алуды көздейді.

Ал ашық-шашық киіну үрдісінің өршуіне өзіміз себеп болдық. Әу баста әуретті жерлерін ашып-шашып жүргендерге тоқтау салмадық. Сонда бәріміз қайда қалдық? Бұл - қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Гендерлік теңдік емес, рухани теңгерім қажет

- Қоғамда демократия, гендерлік теңдік, әйел мен баланың құқығы жиі айтылып жүр. Ал ер адамның құқығын кім қорғайды деген заңды сұрақ туындайды. Осыған сіз не дейсіз?

- Гендерлік саясат дегеніміз - ер мен әйелдің теңдігін қамтамасыз ету. Ол ешкімді ұлтқа, жынысқа немесе нәсілге қарап бөлмейді. Керісінше, әділеттілікті орнатуды көздейді. Ер адамның да құқығы толықтай қорғалуға тиіс. Бірақ мәселенің түп-төркіні - өзіміздің ер-азаматтарда.

Егер ер-азамат рухани тұрғыдан құламаса, өзін-өзі кемітпесе, ешкім оны құлата алмайды. Әйелін қорғамаған, әділетсіздік көрсеткен, ұрып-соққан, балағаттап, тіпті балталаған еркектер бар. Баласының көзінше әйеліне тіл тигізіп, ұрпағын тастап кетіп, алименттен жалтарып жүргендер жеткілікті. Осындай еркектерге не айтуға болады? Тіл қайыру керек болса, алдымен соларға айту керек.

- Ақын Мұхтар Шахановтың "Әйел алып, бала табу - ақылды керек етпейді" деген жолы бар. Сіздіңше, жас отау көтергендерге қандай ақыл-кеңес айтылар еді?

- Жастарға үнемі айтып жүрген бір кеңесім бар: өмірлеріне өтірікті араластырмасын. Ауыздан шыққан әр өтірік - сіріңкенің тұтанған шырпысындай. Өйткені өтірік - от, ал от - өрт. Ол арадағы сенімді күлге айналдырып, әділетті жояды. Қазіргі көп отбасылардың ажырасу себептерінің тоқсан пайызы осы өтіріктен басталады.

Отбасы құндылығы - ұлттық қауіпсіздіктің негізі

- Жаһандану заманында ұрпақ тәрбиесін смартфоннан, интернеттен алып жатқандаймыз. Өмір көрген, түйгені мол адамдардың ақылын тыңдай бермейміз. Бұл үрдістің түбі неге апаруы мүмкін?

- Рас айтасыз. Әлеуметтік желіде әркім өз өмірін жылтырата көрсетіп, кейде шынайы емес бейнелермен жұртты қызықтырып отыр. Бұл, әсіресе, жас буынға әсер етуде. Тіпті, кеше ғана пайда болған ChatGPT атты нейрожелі де халықты өзіне байлап, бәріне жылдам жауап беріп, кеңесшіге айналып барады.

Бірақ бұл - қауіпті құбылыс. Өйткені осының салдарынан ұрпақ пен ұрпақтың, үлкен мен кішінің арасындағы алтын көпір үзіліп жатыр. Әкенің ақылы - балаға, ананың сөзі - қызына, үлкеннің тәрбиесі - кішіге өтпей қалды. Адам мен адамның арасындағы шынайы мәміле жоғалуда. Егер әр қадамы мен шешімін ChatGPT немесе басқа жүйе арқылы жасап отырса, онда адам бірте-бірте роботқа айналып кетпей ме? Бұл туралы ойланатын кез келді.

- Қазіргі таңда ата-анасын тыңдамайтын бала, ата-енесін сыйламайтын келін көбейіп барады. Мұның себебі неде, шешімін қалай табуға болады?

- Бұл сұрақтың шешімі бар, бірақ ол көпшіліктің көңіліне жақпай қалуы мүмкін. Себебі, кінәнің басым бөлігі - үйдегі бала мен сырттан келген келінде емес. Егер мен солай десем, көптеген ата-аналар мен енелер ренжуі мүмкін. Алайда ата-бабамыз: "Баланы - жастан, қатынды - бастан" деп бекер айтпаған. Бұл сөз - ата-ана мен ата-енеге арналған. Яғни екеуін де басынан бастап тәрбиелеу керек дегенді білдіреді.

Егер өз баласына сөзі өтпейтін ата-ана болса, жаңа ғана келін болып түскен адамға қалай әсер ете алады? Құртақандай балаға сөзі өтпеген адамның үлкен келінге шамасы жете ме? Ата-ана өз отбасында дәстүр мен тәртіп орната алмаған болса, өздері үлгі бола алмаса, арақ ішіп, аузынан боқтық кетпесе, істеген ісі күнәға толы болса, ол үйден шыққан бала тыңдай ма, келін тұрақтай ма?

Сондықтан әр ата-ана - баласына үлгі, әр ата-ене - ұлы мен келініне белгі болуы тиіс. Сол кезде ғана әркім өз орнын біледі, отбасы да, қоғам да оңалады.

Әйел ашуланса, ер не істейді?

- Әйел ашуланғанда ер-азамат қандай әрекет жасауы керек? Жалпы, ер адамның жар көңілін табудағы ең ұтымды жол қандай?

- Ер мен әйел - табиғаты екі түрлі жаратылыс. Бұларды оңтүстік пен солтүстіктің ауа райымен салыстыруға болады. Бірі - ыстық, бірі - суық. Яғни Алла Тағала әйелді мейірімге, сезімге, қуатқа бай етіп жаратса, жүрегін ерекше нәзік еткен. Ал керісінше, ер адамға суыққанды сабыр мен салмақтылық беріп, жүрегін мықты, қайратты етіп жаратқан.

Мұның өмірдегі мысалын бәріміз білеміз: әке кейде туған баласын тастап кете алады. Ал ана қандай қиындыққа тап келсе де, баласын жаны үшін тастамайды. Сонысымен әйел - энергия көзі, ал еркек - күштің иесі.

Сол себепті әйел ашуға мінгенде бойындағы қуатын эмоция арқылы сыртқа шығарады. Егер бұл қуатты дер кезінде шығаруға мүмкіндік болмаса, ол электрлі бұрғыдай ерінің миын тесіп жібере жаздайды. Осындай сәтте ер адам күшке салып, дауыс көтерсе немесе қарсы шабуылға шықса, әйелдің сол қуаты басылып, мүлде сөніп қалуы мүмкін. Ал қуаты өшкен әйел - ішкі жан дүниесімен күйреп, отбасынан суынады.

Ендеше, бұл - күш пен қуаттың текетіресі. Мұндай жағдайда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз көрсеткен бір-ақ жол бар: ер адам әйел ашуланғанда, сабыр сақтап, сыртқа шығып кетуі керек. Сәл серуендеп, мешітке барып намаз оқып, дұға жасап, үйіне тыныш күйде оралғаны жөн. Сосын әйеліне шағын ғана сыйлық, балаларына тәтті-пәттілерін ала келсе, ол - жүректі жұмсартатын ізгі қадам. Оған жылы сөз қосылып, "Жаным, күнім, сені жақсы көремін" деген ілтипатпен құшағына алса, әйелге керегі сол емес пе?

Шын мәнінде, әйелдің көңілін жылу табады, ердің көңілін сезім толқытады. Екеуінің арасындағы махаббат - отбасылық өмірдің отыны. Ол от сөнбеуі үшін кейде үрлеп, кейде қайта жағып отыру қажет. Балаларын ортаға алып, өткен күндерін еске түсіріп, болашаққа мақсат қойып, бірге жоспар құру - осының бәрі отбасының бекемдігін арттырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:37

13:09

12:10

11:43

11:36

10:39

10:21

10:18

09:52

08:21

17:16

17:07

16:38

16:33

15:55

15:40

14:20

13:20

12:35

11:33

10:04

09:35

18:52

17:56

17:51