Қазақ халқының ұлттық құндылығы - ғасырлар бойы қалыптасқан рухани, мәдени, әлеуметтік және тәрбиелік мағынасы бар мұра. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылық тақырыбы және оның маңызы өзекті мәселелердің бірі. Оның бізден кейінгі ұрпаққа жетуі және сақталуы біз үшін өте маңызды. Себебі әр ұлтты ана тілі, салт-дәстүрі, рухани байлығы, тарихы, ұлттық киімдері мен тағамдары ерекшелейді. Егер ұлтымызды ерекшелейтін факторлар ұмыт болса, біз де, еліміз де жоғала бастаймыз.
Қазіргі уақытта бір тарап біздің ұлттық құндылықтарымыздың әлсіреп бара жатқанына келіссе, екінші тарап, керісінше, оны қазіргі заман талабына сай жанданып жатыр деп есептейді. Бұл сұраққа бір жақты жауап беру қиын, себебі, екі пікірдің де негізі бар.
Тарихтан басталған тамырлы мәселе
Біріншіден, ұлттық құндылықтардың негізі жоғалып бара жатыр деуге себеп бар. Бұл қазақ халқының Ресей бодандығында болған уақытынан бастау алады. Патшалық ең алдымен генетикалық кодты тасымалдаушы маңызды фактор- тілді жоюға тырысты. Қазақ мектептері жабылды, орыс тілін білмейтіндер жұмысқа тұра алмады. Кейін халыққа өз ата-бабаларын, Қазақ хандығының батырларын ұмыттыру арқылы ішкі патриоттық жалынын сөндірді.
Тарих туралы жазылған еңбектер цензурадан өтпей, жарық көре алмады. Солай біртіндеп тарихымыз да, тіліміз де зардап шеге бастады. Тіпті, ұлттық ерекшелігімізді айқындайтындай факторлар- салт-дәстүріміз бен мейрамдарымызға тыйым салынды.
Мысалы, 1926 жылы Наурыз мейрамын тойлауға қатаң тыйым салынып, халықты барынша қысып ұстауға тырысты. Әрине, Ресей империясы өз мақсатына айтарлықтай жете алды. Себебі, біз тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 35 жылдан асып жатса да, ана тілімізді кейбір «мәңгүрттерден» қорғай алмай жатқанымыз, тарихты білмейтін, тіпті құрметтемейтіндерге қарсы шара қолдана алмай жатқанымыз да айтпасақта белгілі.
Жалпы айтқанда, Ресей бодандығынан құтылсақта ұлттық нигилизмнен толықтай айырыла алмадық. Сонымен қатар, кейбір жастардың салт-дәстүрлерімізге немқұрайлы қарап, батыс мәдениетіне еліктеуі және урбанизация мен технологияның дамуы әдет- ғұрыптарымыздың ұмыт болуына әсер етеді.
Ұлттық құндылыққа қызығушылық артып келеді
Алайда, бұл мәселенің екінші жағы да бар. Соңғы жылдары ұлттық құндылықтарға деген қызығушылық халық арасында, әсіресе жастар арасында, артып келе жатыр. Оған дәлел ретінде қазақи нақыштағы, ою- өрнекпен безендірілген киімдердің, ұлттық әшекейлердің сәнге айналуын айтуға болады. Олардың тек ұлттық мейрамдарда ғана емес, күнделікті өмірде де қолданыста жүргені жүректі жылытады.
Оған қоса әлеуметтік желілердің өзі ұлттық құндылықты дәріптеудің құралы болып отыр. Қазіргі заманға сай стильде қазақ тіліндегі әндер шығып, әлемдік деңгейде трендке айналуда. Бұл- ұлттық құндылықтардың жаңа форматта дамып жатқанын көрсетеді.
Ал ең бастысы ұлттық мейрамдарымыз жылдан жылға жаңа деңгейде тойлануда. Тәуелсіздігімізбен қатар ресми түрде бостандық алған ұлттық Наурыз мейрамы 2026 жылы Қазақстанның әр қаласында ерекше аталып өтілді. Әр қалада бұл ерекше күнді тойлауға әкімшіліктен қомақты қаражат бөлініп, концерттік бағдарламалар, безендірулер, жәрмеңкелер, фестивальдар өтті, ұлттық ойындар ойнатылды.
Күн мен түн теңелетін бұл күні еңбектеген сәбиден еңкейген қартқа дейін бәрі тойлауға жиналды. Жиналған қауым арасында тек қазақтар ғана емес, өзге ұлт өкілдері, яғни, туристер де болды. Мұның бәрі біздің ұлттық мейрамымызды, ойындарымыз бен салт-дәстүрлерімізді жас буынға дәріптеу және сақтау мақсатында жасалды.
Тіл – ұлттың жаны
Жоғарыда айтып өткеніміздей, тіл- үлттың жаны, халықтың болмысы. Қазіргі таңда, ана тіліміздің қадір-қасиетін дәріптеп, оның терең мағынасын халыққа дәріптеп жүрген тұлғалар көбеюде.
Жақында, бас қаладағы Ұлттық кітапханада белгілі қаламгер Төрехан Майбастың “ Қазақ халқының көмескіленген этнографиясы” атты кітабының тұсауы кесілді. Жеті бөлімнен тұратын кітапта ұмыт болған сөздерге сөздік жасалып, тоғыз жүз тоқсан тоғыз сөздің анықтамасы жазылған.
«Қазір сөздік көп. Жоғынан бары жақсы, әрине. Қажетімізді өтейтіні сөзсіз, әрине. Жоғы этнографиялық сөздік. Ондай сөздік түзу бір адамның қолынан келмейтіні сөзсіз. Алайда түзу керек. Менің мына сөздігім өзімнің болмысымның сөздігі, жылдар бойы жинаған маржандарым. Бәлкім, мың бір сөз. Бәлкім мың екі сөз. Асып айтқанша жығыла айтайыншы деп «Тоғыз жүз тоқсан тоғыз сөз» деп алдым. Мыңға өздеріңіз толтырып аларсыздар деп назарларыңызға ұсынып отырмын» деп сөздікке өз кітабының бір бөлімін арнапты.
Сөздіктің ішінде расында біз естімеген сөздер жетерлік екен. Мысалы, итақай-иттің ұрғашысы; тоқай-иттің күшігі; ағке- келін әкелуші, бас құда орнындағы адам; көмеш- қалыпты пішімі бар, күнделікті көріп жүрген нанымыз; таға-нағашының баласы; тағай-тағаның баласы; таңай - тағайдың баласы; шақыт- пышақты екіншісімен қайрау; шама-бажалардың балалары; үкпе-түйенің азу тісі; қақсау- бестас ойынының он бірінші кезегі; үндемес-бестас ойынының тоғызыншы кезегі; қалжауыр-садақ оғы айта берсек өте көп.
Ұмыт болған сөздерге арнайы сөздік жасалып, олардың қайта жаңғыруына алғашқы қадам жасалғаны, әрине қуантады. Дегенмен, бұл істің жалғасы одан да маңызды. Ендігі мақсат, сөздікті қолдана отырып, осы сөздерді қайта қолданысқа енгізу. Сонда ғана біз мәңгілік ел атанатынымызға сеніммен қарай аламыз.
Тарихи сана мен ұлттық рухты жаңғырту
Сонымен қатар, мемлекет тарапынан да, халық тарапынан да ұлттық рухымыз бен тарихи сана сезімімізді қалпына келтіру үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қазіргі таңда қазақ тілінде тарихи кинолар түсіріліп, театр сахнасында ұлттық тақырыптағы қойылымдар қойылуда; еліміз туралы, тәуелсіздігіміз туралы жазылған кітаптардың да саны аз емес; бағдарламалардың басым көпшілігі қазақ тілінде жүргізіледі; жастар арасынан да тарихи тұлғаларды тануға қызығушылық артып, бұл тіпті контентке айналды.
Қорыта айтқанда, қазіргі жас буын арасында өз ұлтына немқұрайлы қарайтындар да, жүрегі елім, жерім деп соғатындар да жетеді. Қай тараптың көп екені бізге беймәлім, бірақ не болсада қазақ халқы- ғасырлар бойы қалыптасқан тарихын, құндылықтарын, тілін, рухын жоғалтпауы керек.
Бұл ерекшеліктердің қазірге дейін оңай жетпегенін, ата-бабаларымыздың өмірін құрбан етуінің арқасында ғана бізге жеткенін түсіну, ұлттық құндылықтарымызды құрметтеу, сақтау, келесі ұрпаққа жеткізу- біздің басты міндетіміз.
Дина ТОҚБОЛАТ