Жалпы жүлде қоры 3 млн теңге болатын жоба жастар арасында ұлттық спорт түрлері мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда қала базарлары мен сауда орындарында жұмыс істейтін жастарды біріктірген Youth Nomads ұлттық спорт фестивалінің финалдық кезеңі өтуде.
Финалдық кезең «Кенжехан» базары аумағында басталды. Мұнда іріктеу кезеңдерінен өткен үздік қатысушылар бас жүлде үшін сынға түседі. Жалпы жобаға 1000-нан астам жас қатысты. Қорытынды кезеңге дейін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді: ақпараттық кездесулер Алматыдағы 20-дан астам базарды қамтыды, ал іріктеу турнирлері «Алаш», «Мизам» және «Жібек жолы» алаңдарында өтіп, әр кезеңде жүздеген қатысушыны жинады.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов іс-шара барысында:
«Жоба аясында көптеген жас алғаш рет осындай ортаға келді. Бұған дейін қатыспағандар қосылып, танысып, бағын сынап көрді. Осындай сәттерден кейін өзіңе сенім пайда болады, “Мен де жасай аламын” деген ой қалыптасады», — деп атап өтті.
Финалда қатысушылар алты дәстүрлі спорт түрі бойынша бақ сынауда: асық ату, ләңгі тебу, қой көтеру, қазақша күрес, қол күрес және арқан тарту. Жарыстармен қатар қонақтарға қолөнер бұйымдарының көрмесі, шығармашылық бағдарламалар ұсынылып, Қалалық мансап орталығы мен «SkilAll» білім беру курстары да қатысуда.
Қатысушылардың айтуынша, жоба тек спорт жарысы ғана емес, өз мүмкіндігін көрсетуге жол ашқан алаңға айналды:
«Біз базарда жұмыс істейміз, бірақ әрқайсымыздың күшіміз де, әлеуетіміз де бар. Youth Nomads соны көрсетуге мүмкіндік берді», — дейді финалистердің бірі.
Басқа қатысушылар жоба ұлттық дәстүрлерге деген қызығушылықты арттыратынын атап өтуде:
«Бұл жай ғана спорт емес — бұл біздің мәдениетіміз».
Ұйымдастырушылар жобаның ұзақ мерзімді маңызы бар екенін айтады:
«Youth Nomads тек жарыс емес. Бұл дәстүрге құрмет, жастарды дамыту және өзін-өзі жүзеге асыруға жаңа мүмкіндік. Мұндай форматтардың жастар арасында сұранысқа ие екенін көріп отырмыз», — деді Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек.
Фестиваль ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастардың белсенділігін арттыруға және олардың қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.