АҚШ-та 23 тамызда Республикалық партия алғашқы саяси дебат өткізді. Саясаткерлердің білек сыбана кіріскеніне қарағанда, келесі жылы 5 қарашада болатын президент сайлауы тартысты өтетін сыңайлы. Бұл жолы саяси бәйгеге 8 саясаткер түсті. Олар Вивек Рамасвами, Крис Кристи, Майк Пенс, Никки Хейли, Рон Десантис, Тим Скотт, Эйза Хатчинсон және Даг Бергум. Ал экс- президент Дональд Трамп қатысқан жоқ. Соған қарамастан түрлі әлеуметтік сауалнамалар оның Республика партиясында айқын көшбасшы екенін айтуда. Бір қызығы, дебатта саяси қызмет атқармаған Вивек Рамасвами жеңіске жеткен.
БІР ПАРТИЯ, ТҮРЛІ ПІКІР, ОРТАҚ МҮДДЕ
Америка Құрама Штаттарында өзіне тән сайлау жүйесі қалыптасқан. Американдық ұлттың тұла бойына демократиялық құндылықтар сіңген. Сондықтан да демократиялық жүйеге тән электоралды процесс жүреді. Онда саясаткер боламын деген азамат ең алдымен көпшіл болуы тиіс. Себебі, оның жеке өмірі, мансап жолы көптің алдында.
Сайлау жүйесінің тағы бір ерекшелігі екі партияның үстемдігінде. Ел президенттері болып Республикалық, әлде Демок р а т и я л ы қ п а р т и я ө к і л і сайланады. Бұдан бөлек, әр партияның ішінде саяси бәсеке бар. Мұндай дәстүр келесі жылы өтетін сайлауалды кампанияда да көрініс табуда. Бұл жағынан Республикалықтар шапшаң, әрі батыл қимылдауда. Себебі, қазіргі президент Джо Байден Демократиялық партияның өкілі.
23 тамызда Висконсин штатының Милуоки қаласында Республикалықтардың алғашқы дебаты өтті. Саяси бәйге өтетін орын да бекер таңдалмаған. Себебі, бұл штаттың таңдаушылар коллегиясы сайлауда кімге дауыс беру мәселесінде үнемі тербеліп тұратын. Ал соңғы 2020 жылғы сайлауда Джо Байденге көбісі дауыс берген.
Дебатқа 8 үміткер қатысты. Олардың ішінде партияның негізгі үміткері Дональд Трамп қатысқан жоқ. Трамп оның себебін түсіндірген кезде, халық алдында беделінің дебатқа қатыспаса да түсінікті екенін мәлімдеді. Шынында да, түрлі әлеуметтік зерттеу нәтижелері оның сөзін дәлелдеп отыр. Associated Press бұқаралық саясатты зерттеу орталығының мәліметінше, республикалықтардың үштен екісі (63%) Трамптың қайтадан үміткер болғанын қалайды-мыс.
Үміткерлер дебатта ішкі және сыртқы саясат жайлы пікір таласты. Сыртқы саясатта Украинаға көмек көрсету не көрсетпеу мәселесін көтерді. Бұл тақырып ең негізгі мәселе болды. Миллионер Вивек Рамасвами Украинаға әскери және қаржылай көмекті өсіру түгілі оны мүлдем қолдамайтын болып шықты. Оның ойынша мемлекет барынша оңтүстіктен төнетін қауіпке қарсы әрекет етуі тиіс. Оңтүстік дегені, Мексикадан келетін заңсыз мигранттар мәселесі. Кезінде Трамп президент болған тұста Мексикамен шекарада қабырға тұрғызғаны белгілі. Шығыста Ұлы Қытай қорғаны болса, батыста «Трамп қабырғасы» тұрғызылды. Вивектің пікіріне БҰҰ-да АҚШ елшісі болған Никки Хейли қарсы келді.
Келесі басты тақырып Дональд Трамптың 2020 жылғы әрекеті болды. Ол сайлау нәтижесімен келіспеді. Сөйтіп, өз мәлімдемелерімен бір топ азаматтың Капитолийді шабуылдауына түрткі болған. Крис Кристи мен Эйза Хатчинсон Трамптың әрекеттерін сынға алып антиконституциялық деп айыптады. Ал сауалнамаларда екінші орында тұрған Рон Десантис Трампты айыптауға асыққан жоқ. Тек сөзінің соңында сол кездегі вице-президент Майк Пенсті мақтап, Трамптың жетегінде кеткен жоқ деп мәлімдеме жасады.
Алуан пікірге қарамастан жалпы партия келесі сайлауда өз үміткерінің жеңіске жеткенін қалайды. Ол үшін түрлі саяси технологиялар қолданылуы мүмкін.
WHO IS WHO?
Майк Пенс – Дональд Трамп президент болған тұста вице-президент лауазымын атқарған. Алдыңғы сайлауда Трампты қолдаған. Сондықтан ол қазір де Трамптың саяси тобында деп болжауға болады. Мақсаты вице-президенттік немесе министрлер кабинетінде бір лауазым болуы мүмкін.
Рон Десантис – Трамптан кейінгі негізгі үміткер. 2019 жылдан бері Флорида штатының губернаторы. Дебатта Трампты сынамаса да, Майк Пенсті мақтады. Дональд Трампты егер оған қарсы айып тағылмаса, қолдайтын сыңайлы. Саяси ұпай жинау мақсатында партияішілік альянс құруы мүмкін. Трамп жеңілген 2020 жылғы сайлауда Флорида штатында ол жеңіске жетіп еді. Соған қарағанда өзі басқаратын штатта Трампқа дауыс беруге үгіттеуі мүмкін.
Никки Хейли – Трамп президент болған уақытта, 2017-2018 жылдары АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі қызметін атқарған. Партияішілік сайлауға түсудегі басты мақсаты соңғы сәтте Трампты қолдап, ол жеңіске жеткен жағдайда бұрынғы қызметіне оралу немесе сыртқы саяси мәселелермен айналысатын өзге де лауазымды атқару болуы мүмкін.
Вивек Рамасвами – саяси тәжірибесі жоқ жалғыз үміткер. Бизнес саласынан келген миллионер. Бірінші дебатта жеңіске жетті. Трампты қолдайды. Алайда, алдағы сайлауда оның қандай әрекет ететіні белгісіз.
Крис Кристи – 2016 жылы Майк Пенспен вице-премьер болуға бәсекеге түскен. Алайда, Трамп оны таңдаған жоқ. Содан болу керек, дебат кезінде экс-президентті сынның астына алған.
Ал Тим Скотт, Эйза Хатчинсон және Даг Бергум саяси бәйгеден жарты жолда түсіп қалатын сыңайлы. Себебі, алғашқы дебатта өздерін көрсете алмады.
«Аlmaty-akshamу» №106, 7 қыркүйек, 2023 жыл