Жекелеген өңірлердегі партиялардың жұмысына жастар, аграршылар, спортшылар мен халықаралық байқаушылар да қатысты, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Құрылтай сайлауына екі аптадан аз уақыт қалды. Осыған қарамастан, сайлауалды науқан белсенді жүріп жатыр. 12 тамызда партиялар өңірлерде тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, инфрақұрылым, жұмыспен қамту, өндіріс және әлеуметтік сала мәселелерін талқылады. Ал кеште Jibek Joly телеарнасында «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның негізі» тақырыбында командалық теледебат өтті. Жекелеген өңірлердегі партиялардың жұмысына жастар, аграршылар, спортшылар мен халықаралық байқаушылар да қатысты.
«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының өкілдері төрағасы Айбек Дәдебайдың бастауымен Жетісу облысына барды. Бұл – штабтың ел өңірлеріне жасаған сапарларының 14-і. Күн барысында кандидаттар «Жетісу» волейбол клубының спортшыларымен, қоғам өкілдерімен, аграршылармен және еңбек ұжымдарымен кездесті. Облыс тұрғындарымен кездесуде суару каналдарын жаңғырту, ауыл инфрақұрылымын дамыту және отандық өндірісті қолдау мәселелері сөз болды. Халықаралық жастар күніне орай жастармен де жеке кездесу өткізді. Онда экологиялық күн тәртібі мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы талқыланды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Абай облысында, Семей қаласында тұрғындармен «Ауданның интерактивті картасы» форматында кездесу өткізді. Қатысушылар қаланың бірнеше шағынауданындағы абаттандыру, су бұру, жарықтандыру және көлік қатынасына қатысты мәселелерді көтерді. Барлық өтініш партияның сайлауалды штабы жүргізетін сайлаушылар аманатының тізіліміне енгізілді. Ақтөбеде партияның облыстық филиалы жастар қанатымен бірлесіп, би флешмобын және сайлауалды бағдарлама туралы ақпараттық материалдар таратылған шара ұйымдастырды.
«Байтақ» партиясы Теміртаудағы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырды. Қалада арнайы белгіленген орындарға партияның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпараттық материалдар орналастырылды. Шығыс Қазақстан облысында кандидат Алмаз Джакишев тұрғындармен бірқатар кездесу өткізіп, ауызсудың сапасы, абаттандыру және экология мәселелерін талқылады. Батыс Қазақстан облысында партия өкілдері ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының халықаралық байқаушыларымен кездесті. Байқаушылар өңірдегі сайлауалды науқанның барысымен танысты.
Осы күні Қазақстанның халық партиясының өкілдері Атырауда автобус базасы орталығының қызметкерлерімен кездесіп, еңбек құқықтары мен қаланы абаттандыру мәселелерін талқылады. Ал Түркістанда локомотив депосының ұжымымен кездесуде жұмыспен қамту, өндірісті дамыту және әлеуметтік жағдайлар сөз болды.
«Ауыл» партиясының кандидаттары бірнеше өңірде еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. Маңғыстау облысында «ҚазНИПИмұнайгаз» ЖШС ұжымымен кездесуде өндірістік әлеует пен жұмысшылардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Жетісу облысында «Дәмді» жеке кәсіпорнының ұжымымен кездесуде кәсіпкерлікті қолдау және еңбек жағдайлары сөз болды. Алматыда партия штабының өкілдері аграрлық сала ғалымдарымен және өндірістік кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева Павлодар облысындағы «Рубиком» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Кәсіпорында шамамен 600 адам жұмыс істейді. Өңірге сапар барысында штаб өкілдері «Жана Роса» кәсіпорнына да барды. Партия Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе облыстарында және Шымкентте кездесулерін жалғастыратынын, сондай-ақ Маңғыстау облысының Мұнайлы және Бейнеу аудандарында ақпараттық-үгіт жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Respublica» партиясы Атырауда бірқатар кәсіпорынның еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. Атап айтқанда, «Дәулет Нан», «ArtEco», «Newtech Systems Group», «Eurasia Support Services» ЖШС және «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ-ның Атырау филиалы қызметкерлерімен кездесті. Кездесулер барысында білім беру, тұрғын үйді жалға алу құны, білім гранттарына қолжетімділік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысы, Атырау-Орал жолының жағдайы, электрмен қамту және зейнет жасы мәселелері көтерілді. Партия өкілдері сондай-ақ фракцияның Парламенттегі үш жылдық жұмысының нәтижелері туралы айтты.
Бұдан бөлек, штаб аумағы 5,6 гектар болатын «Айдана Агро» шаруашылығына барды. Биыл шаруашылық алғашқы көкөніс өнімін жинаған. Кәсіпорын 80 адамды жұмыспен қамтып отыр.