Air Astana «Жас қыран» бағдарламасының алғашқы нәтижесін ұсынды
«Жас қыран» – еліміздің дарынды балаларын қолдауға арналған жол жүру гранттары бағдарламасы. Бағдарламада халықаралық шығармашылық, спорттық, зияткерлік жарыстар мен байқауларға қатысу үшін гранттар бөлінеді. Жол жүру гранты бұл Air Astanа компаниялар тобының маршруттық желісі шеңберінде халықаралық бағыттар бойынша бір балаға және бір еріп жүретін адамға арналған эконом-кластың тегін барып- қайту әуебилеті.
Байқау ережесіне сәйкес әуекомпания жеке өтінімдер негізінде ай сайын 5 жол жүру грантын ұсынуды көздейді. Грантқа өтініш берушілер 7 жастан 17 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары болу керек және жарысқа (конкурс, олимпиада және т.б.) ресми шақыруы болуы керек.
Бағдарлама басталғаннан бері тәуелсіз қазылар алқасы халықаралық конкурстарға қатысу үшін 6 баланы іріктеп алды. Air Astanа грантының арқасында Ақтөбе қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы Ким Артур Ганновердегі 7-ші Еуропалық олимпиадада физикадан қола медаль жеңіп алды. Алматы қаласындағы №54 мектептің 11-сынып оқушысы Рыбалкин Матвей Бейжіңдегі робототехника бойынша халықаралық жарыста екінші орын алды, ал Астанадан келген дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінің 8-сынып оқушысы Тыныштық Диана Прагадағы 10-шы Халықаралық шахмат фестивалінде рейтингін көтеріп, халықаралық спорт шебері атағын алды. Тағы үш оқушы осы жылдың соңына дейін Ұлыбритания мен БАӘ-де халықаралық байқауларға қатысуға аттанбақ.
Air Astana президенті Питер Фостер өз сөзінде Қазақстанда талантты балалар көп екенін және авиакомпания білімге ұмтылатын және өз елін түрлі салаларда дәріптейтін жас қазақстандықтарды қолдауға өз үлесін қосуға қуанышты екенін атап өтті.
Тақырыпқа орай
Роза ШӘРІПҚЫЗЫ, Республикалық жеке білім беру ұйымдары қауымдастығының төрағасы, комиссия мүшесі:
Дұрыс шешім қабылданғанына көзім жетті
Осы жылы ғана бастау алған бағдарлама туралы көпшілік естіп үлгермеген сияқты. Өтініштер көп түскен жоқ. Бірақ солардың өзінен де іріктеп, таңдау қиынға соқты. Өтініштердің көбі шығармашылық бағытта болды.
Бұл жоба талантты балаларды қолдауға арналған. Халықаралық шығармашылық, спорттық, зияткерлік жарыстарға баратын балаларға қолдау көрсетеміз. Арманы асқақ, ынтасы бар балалардың дамуына мүмкіндік жасағымыз келді. Міне, бүгін іріктелген балаларды көріп, дұрыс шешім қабылданғанына көзім жетіп отыр. Дарынды балалардың арманын орындауға көмектескені үшін Air Astana әуекомпаниясына алғысымды айтамын.