Бүгін, 5 қазанда елімізде Ұстаздар күні аталып өтеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Кәсіби мереке Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкес тойланады. Бұл дата 1994 жылы ЮНЕСКО-ның бастамасымен белгіленген. Ал Қазақстанда 5 қазан Ұстаздар күні ретінде 2023 жылдан бастап ресми түрде аталып келеді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде еліміздің білім беру жүйесінде 600 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Оның шамамен 420 мыңы – мектеп мұғалімдері, 104 мыңнан астамы – мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтері, ал 42 мыңға жуығы техникалық және кәсіптік білім беру саласында жұмыс істейді.
Мектептерде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан ұстаздар да көп. 53 мыңнан астам мұғалімнің еңбек өтілі 30 жылдан асады. Ал 73 мыңнан астам педагог білім саласында 20 жылдан 30 жылға дейін қызмет етіп келеді.
Қазақстанда педагог мәртебесі 2019 жылы арнайы заңмен бекітілді. Соңғы жылдары мұғалімдердің еңбекақысы кезең-кезеңімен көтеріліп, педагогтердің біліктілігін арттыру мен кәсіби дамуына арналған бағдарламалар жүзеге асырылып келеді.