«Біз үшін әр секунд қымбат»

«Біз үшін әр секунд қымбат» almaty-akshamy.kz

 

 

 Өрт сөндіруші – қорқыныш пен ерлікті қатар алып жүретін ең қауіпті әрі құрметті мамандықтардың бірі. Бұл кәсіп иелері күн сайын өмірлерін қатерге тігіп, от пен жалынға қарсы күреседі. Олар үшін қорқыныш – табиғи сезім, бірақ оны жеңе білу – қызметтік мақсат.

 

Ғалым НҰРДӘУЛЕТОВ – Алматы қаласының Әуезов ауданындағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі. Оның бір орында табан аудармастан еңбек етіп келе жатқанына биыл 30 жыл.

Иә, ұзақ жыл бойы бір салада жұмыс істеу – адам баласының өз ісіне деген адалдығының, шыдамдылығының және табандылығының жарқын дәлелі. Мұндай адамдардың өмір жолы – болашақ ұрпақ үшін үлгі деуге тұрарлық. Ғалым Амангелдіұлымен өрбіген сұхбатта өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін сақтап қалуда көзсіз ерлік көрсетіп жүрген өрт сөндірушілердің жұмысы жайында баяндалады.

 

«Бейбіт күннің батырлары»

– Ғалым Амангелдіұлы, бұл мамандыққа қалай келдіңіз? 

– Қызыл жалынмен бетпе-бет келіп, отқа оранған ғимараттарға кіремін деп кім ойлады дейсіз?! Құда балам өрт сөндіруші болып жұмыс істейтін. Екеуміз жақсы дос болатынбыз, ара-тұра жұмысына барып тұратынмын. Кейін әскерден келгенде «бізге мамандар керек, өрт сөндіруші боласың ба?» деп жұмысқа шақырған соң, 1995 жылы қажетті құжаттарды жинап, жұмысқа орналастым.

– Қызметі ауыр салада жүргеніңізге биыл 30 жыл болыпты. Аз уақыт емес, әрине. Талай өрт сөндіру оқиғаларына қатыстыңыз. Солардың ішінде ең қауіпті болып, есіңізде қалғаны бар ма? 

Сәл нәрседен тұтанып, бой бермейтін тілсіз жаудың жолын кесуде ірілі-ұсақты талай оқиғаға қатыстық қой. Сондықтан олардың саны мұнша деп дөп басып айту қиын. Баяғы атышулы «Барахолкадағы» 3-4 базар қатар жанғанда, одан кейін «КарСити» сауда орталығындағы алапат өрттің бел ортасында жүрдік. Әсіресе, «КарСитидің» жертөлесіндегі бутиктер жанған кез есімнен кетпейді. Бет қаратпайтын жалынға қарсы жүріп, аса жоғары температурада қауіптің алдын алу деген енді сұмдық еді. Сонда біздің құйған суларымыздың өзі жерге жиналғанда ысып кетіп, жүре алмадық. Оған қою қара түтін қосылғанда, ештеңе көрмейсің. Бар үмітің қорғаныш киімің мен қолыңдағы құрылғыңда! Мен осы 30 жыл ішінде қатты өрт кезінде киетін газ түтінінен қорғайтын аппаратпен ең көп жұмыс істеген екенмін. «КарСитидегі» өрт те осы құрылғымен есімде қалыпты. Алматыдағы Бөкейханов, Москвина көшелеріндегі қоймалар жанған кез, «АДЕМ»-де болған өрт те есте...  

– Өзіңіз басқаратын бөлімшенің тыныс-тіршілігі, қызметтестеріңіздің жұмысы жайында бірер сөз қозғасақ...

– Біз Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Әуезов ауданына қарасты №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне қараймыз. Бөлімде 70-ке жуық адам еңбек етеді. Онда бөлім бастығы, бірнеше бөлімшелерге жетекшілік ететін командирлер болады. №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде 4 қарауыл ауысыммен жұмыс істейді. Ал сол қарауылдардың өзі 3-тен 5-ке дейінгі бөлімшелерден тұрады. Әр бөлімшенің өзінің атқаратын қызметі, техникасы бар. Менің бөлімшем 1998, 1999, 2000 жылы туылған жастардан құралған. Барлығы «сен – тұр, мен – атайын» дейтіндей, мықты жігіттер. Мамандарымызға қандай қиын сәт болса да сабырлылық, шапшаңдық, төзім мен әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Одан кейін түтінге тұншыққан, күйік шалған адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсете алатындай қабілет болу керек бізде. Егер қандай да бір төтенше жағдай болса, онда барлығымыз оқиға орнына аттануға сақадай сай дайын тұрамыз. Бөлімше командирі болған соң тілсіз жаумен айқасуға жолды өзім бастап барамын. Біздің жігіттер жаздың аптап ыстығында да, қыстың қытымыр аязында да уақытпен санаспай еңбек етуге даяр тұратын кәсібіне адал жандар. Мен олардың әрқайсысын бейбіт күннің батырлары деген атқа лайық деп санаймын.

– Өрт – айтып келмейтін қорқынышты апаттардың бірі. Бөлімшеге қоңырау келіп түскенде оқиға орнына қанша уақытта жетулеріңіз керек? 

– Өрт туралы хабар келгенде, бөлімше қызметкерлері арнайы форманы 19-20 секундта тез киіп үлгеруге тиіспіз. Одан кейін жоғары қабаттан түсіп, гараждан 1-2 минут ішінде шығып кету керек. Сол үшін формаларымызды ерекше әдіспен дайындап қоямыз. Мәселен, өртте киетін күрте алдын ала теріс аударылып, шлем, шалбар, өрт белдігі барлығы белгілі бір тәртіппен әзір тұрады. Ал апат орнына неғұрлым тезірек бару үшін құтқару көліктері минутына 2 шақырым жылдамдықпен жүруге тырысады. Бұрындары қаладағы жол кептелісінен көп қиындықтар туындайтын. Қазір көлік жүргізушілер түсіністікпен қарайды. Жылдам шетке қарай ығысып, бізге жол береді. Бұдан біз Алматы көшелерінде жол жүру мәдениеті қалыптасып келе жатқанын байқаймыз. Төтеншеліктерге мұның өзі үлкен көмек. Уақытымыз санаулы болғандықтан, біз үшін әр секунд алтынмен тең. 

 

 

«Біздің күшіміз бірлікте»

– Жұмыстарыңыз қауіп-қатерге толы екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен, дабыл қағылып, шақыртуға бара жатқанда қорқыныш сезімі бола ма?

Пенде болған соң неге болмасын, әр дабыл қағылған сайын барлығымызда да қорқыныш болады. Ол қалыпты жағдай. Бірақ сол ішкі үрейді біз жеңе білуіміз керек. Мәселен, сен лапылдаған өрттің ішіне кірдің делік, егер бойыңды қорқыныш, үрей билей ме, онда өрт сөндірмек түгілі, өзің сол отқа жанып кетуің мүмкін. Сондықтан тілсіз жаумен күреске барғанда өзіңді ұстай білу, қорқынышқа бой алдырып, өзіңді жоғалтып алмау – өрт сөндірушілердің басты міндеті. Ал өрт тактикасын жақсы меңгерген адам оттан қорықпайды, өзіне сенімді болады. Менің осы 30 жыл ішіндегі бір түсінгенім, лаулаған отты да кеудесінде жалындаған жігері мен көзінде оттың ұшқыны бар адам ғана өшіре алады екен. Көзім жеткен бір нәрсе осы.

– Қандай өртті сөндірген қиын немесе тілсіз жаудың ең қауіпті түрі қайсысы?

– Өрттің барлығы қауіпті. Дегенмен, ғимараттың немесе үйдің ішінде газ баллоны болған кезде, бензин, газ сияқты жарылғыш заттар орналасқан нысандардағы өрттердің зардабы орасан. Себебі, олар жарылса бүкіл айнала жоқ болуы мүмкін. Көпқабатты тұрғын үйлердегі өрт те оңай емес. Адамдардың паникасының өзі бір-біріне зиянын тигізіп жатады. Қорыққанынан биік қабаттардан секіріп кетіп жатқандар да кездесті ғой Алматыда. Сондықтан қызыл жалынның ортасына кіргенде біздің бар назарымыз ең бірінші от ортасында қалған адамды құтқаруға, одан кейін өртті сөндіруге ауады. Ал оны сөндіру – бүкіл бір команданың жұмысы. Демек, біздің күшіміз – бірлікте.

– Оқу-жаттығу жұмыстары күнделікті жүргізіле ме? 

Өрт сөндірушілер физикалық, психологиялық және техникалық тұрғыда мықты болуы үшін олар тәулік бойы жаттығады. Мәселен, сарбаздар кезекшілікке түскен кезде таңертең сағат 10.00-ден түскі 13.00-ге дейін теориялық сабақтарға қатысады. Одан кейін жетекші офицерлердің медициналық, практикалық-тактикалық дәрістерін тыңдайды. Ауданымызда орналасқан мектеп, балабақша, сауда орталықтары секілді үлкен нысандарға барып, ғимараттың іші-сыртында жедел құтқару шараларына үздіксіз дайындық жасайды. Қорыта айтқанда, кәсіп иелеріне өрт сөндіру кезіндегі әрбір қимыл, тосын жағдайларда қалай әрекет ету керек, адамдарды қалай құтқару керек, барлығын үйретеміз. 

 

Марапат мерей өсіреді

– Демалысқа да, мерекеге де қарамай қызмет ететін төтенше жағдай қызметкерлерінің еңбегі лайықты бағаланып жүр ме? 

– Мемлекет басшысы биылғы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Өз басым бұл шешімді қарапайым еңбек адамдарының қоғамдағы рөліне құрмет, олардың өмір сапасын жақсартуға барынша қолдау деп білемін. «Жеті жұттың» біріне санаған өрт апаты қай кезде де қауіпті. Сондықтан біздің жанкешті еңбегіміз ешқашан елеусіз қалған емес. Басшылық тарапынан үнемі алғысқа, мерейіңді өсірер марапаттарға ие болып жатамыз. Өткен жылы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік награда «Ерен еңбегі үшін» медалін табыс етті. Бұл мен үшін ғана емес, менің бүкіл әріптестеріме көрсетілген жоғары құрмет деп санаймын. Бүгінде халықтың алғысына бөленіп, еңбек етіп келеміз. Жұмысымыз қалыпты режимде жалғасып жатыр.

– «Жігітке жеті өнер де аз» деп жатады. Қызметтен тыс қоғамдық жұмыстарға, өнер кештерінде домбыра шертіп, ән салады екенсіз. Тағы қандай өнеріңіз бар? 

– Қадірлі аспаптың құлағында кәсіби мамандар секілді ойнамасам да, өз ортамда, ұжымдық кештерде домбырамен ән салатын өнерім бар. Ұжымдағы көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесімін. Мерекелік іс-шараларда белсендімін. Спортқа да өте жақынмын. Бала кезімде футболист болуды армандағанмын. Ұжымдық жарыстарда да жеткен жетістіктеріміз аз емес. Мәселен, біздің бөлімшенің шағын футбол командасы гарнизондық бөлімшелер арасында аяқдоптан екі дүркін чемпион атанған. Шәкірттерім 2021 жылы «Үздік ГДЗС бөлімшесі» гарнизондық байқауында 3-ші орынға ие болды. Өзім бос уақытымда доп тепкенді, волейбол ойнағанды жақсы көремін. Жұбайым Жанар екеуміз Баубек, Батырбек есімді 2 ұл, Балауса, Балым есімді 2 қыз тәрбиелеп отырған бақытты жанұямыз. «Балам – қымбат, баламның баласы – жаным» дегендей, Бауыр, Райымбек, Дәрия есімді сүйкімді немерелердің ата-әжесіміз. Тұңғыш ұлымыз бен одан кейінгі қызымыз отбасын құрған. Кейінгі екі баламыз мектепте оқиды.      

– Қажырлы еңбегіңізге табыс тілейміз. Сұхбатыңызға рахмет.

 

Әңгімелескен Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:44

16:31

16:22

16:10

16:00

15:52

14:57

14:49

14:44

14:18

14:05

13:32

13:07

12:23

12:08

12:00

11:49

11:30

11:26

11:16

09:51

09:30

09:16

09:09

08:35