Елімізде 1 наурыз – Алғыс айту күні ретінде бекітілген. Бұл – бірлік пен татулықтың, мейірім мен ізгіліктің символына айналған мереке.
Атаулы күн ел бірлігі мен отан тұтастығын, халқымыздың өзара қамқорлығын дәріптеуді көздейді. Ел азаматтарының мұндай ізгі және ортақ құндылығы мемлекеттің көркеюі мен дамуында басты фактор ретінде қаралады. Қазақ елі – осы бір қасиетті топырақта жасаған әр ұлт пен ұлыстың құтты шаңырағы. Оның тәуелсіздігі мен тұрақтылығы әр ұлт өкілінің ортақ тілегі, ортақ мүддесінен туындайды. Әр шаңырақтағы ізгілік, өзара бауырмалдық тұтас елдегі бейбітшілік бәйтерегіне нәр бермек. Бірлік пен татулықты дәріптейтін мереке барша отандастарымыз үшін құтты болғай!
Қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Асылы ОСМАН:
Қазақ елі Сталин жылатқан халықты жұбатты
Қаншама ұлт пен ұлысқа алтын ұя болған бұл қасиетті де киелі мекенде бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай күн кешіп жатырмыз. Қазақ елі сонау қиын-қыстау заманда Қазақстанға жер аударылып келген, жадап-жүдеп жеткен қаншама этностарға пана болды. Үйінің екі бөлмесі болса бір бөлмесін, егер жалғыз бөлме болса бұрышын беріп, ас-суымен бөлісті. Сол кездегі кеңестік қызыл империяның әр төңірегінен құқай көргендерді бауырына басты. Міне, сол аш жұрттың қарны тойды, көсегесі көгерді. Кейбірі әбден жетіліп, ауқатты болды. Болып-толып, өз тарихи отандарына да қайтты. Ал оларды осыншама зауалдан аман сақтап, жоқты бар етіп, әлсізді күшті еткен ол – менің алтын жүректі, дос болғанға құшақ жаятын, қиындыққа қасқайып қарсы тұратын да – қазақ жұртым.
Тарихтан аз кем айтайын. ХХ ғасырдың орта шенінде, соғыстың тұсында кавказдан әртүрлі халықты вагонға тиеп бір түнде депортациялады. Кеңестің озбыр саясаты ешкімді аямады. Пойыз вагонының іші суық. Онда аяғы ауыр әйел, бала-шаға, үлкен кісілер бүрсеңдеп, аштан қырылғандары қаншама. Кейбір жантәсілім еткендерді жолда қалдырып кете барды. Қайда, қалай баратынын ешкім білмейді. Алдымыз тас-түнек. Сонда отарбаның басы Қазақстанға қарай бұрылды. Орал шекарасына қарай бет алды. Жолда әр вагонды ажыратып отырды. Біздің жанұя шұрайлы оңтүстіктің Түлкібас ауданына келіп қоныстанды. Марқұм әкем Түлкібастың қырларын өзінің туып-өскен жеріне ұқсатып, еске алып отырушы еді. Ол кісі алты баламен жалғыз өзі қалды. Анамыз ерте дүниеден өтті. Әкем болса бізді өсірді, жеткізді. Міне, осындай тауқыметте бізге пана болған, оқытып-шоқытып, өсірген – қасиетті ҚАЗАҚ ЖЕРІ. Халық арасында «өткенді ұмытсаң, келешек саған тас атады» дейді. Тегі рас сөз. Әр атқан таң үшін әуелі Жаратқанға, сосын қазақ халқына бейбіт мамыражай күн үшін шүкіршілік ету керек. Бір нәрсені қаперге алайық. Ұлы даланың иесі де, киесі де қазақ екенін ұмытпайық! Қазақтың наны қандай тәтті болса, тілі де сондай шұрайлы. Сондықтан бір Отаннан нан жеп, су ішкендер қазақ тілін де сыйлауға тиіс. Мың жаса қасиеті Отаным – Қазақстаным. Мың алғыс саған, о қасиетті Қазақ елім. Басыңнан бақ таймасын, дүние тұрғанша тұр. Әрдайым өсіп-өніп, әлемнің алдында болайық!
ҚХА мүшесі, ф.ғ.д., профессоры Әлімжан ХАМРАЕВ:
Елдіктің тұғыры мәңгі болсын!
Біз осында өсіп-өндік. Оқу оқып, білім алдық. Ғылыми ізденістер жасап, докторлық дәреже қорғадық. Елімізде қашанда еңбек етіп, нәтиже көрсететіндерге есік ашық. Ең бастысы – ақ адал көңіл, еңбекқорлық болса жеткілікті.
Әдебиет – адамның жанын тербейді. Негізінде шығармашылық адам бәрін байқайды. Қоғамдағы процестерді жүрек түкпірінен өткізеді. Сараптап, байыптап кітап жазады. Айтпағым, қазақ, ағылшын, орыс әдебиеті болсын бәрінде бір қағида бар. Яғни адал тірлік қыл, маңайыңдағыларға мейірім шапағат төк, әрбір арайлы таңға тәубе ет және айналаңдағы адамға, қоғамға алғыс айта жүр дегенді меңзейді. Біздің ұйғыр әдебиеті де береке мен татулыққа үндейді.
Бізге патриот бола түсу қажет. Жастарымызды отаншылдық рухқа тәрбиелей білейік. Хакім Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп мұқым ел-жұртқа қанатты сөз айтыпты. Айрандай ұйып, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Бәріне шүкір, тәубе! Ендігі меже осы биікті ұстап тұру. Ұрпақтан-ұрпаққа бейбіт күннің қадірін ұғындырып, айтып тағылым-өнеге көрсете білсек, бізді жау да, дау да алмайды. Ортағасырлық ақындар Сайф Сараи, Ахмет Яссауи бәрі бір ұлылықты – бірлікті жырлаған.
Әлем баршаға ортақ. Жер адамзат тіршілік ету үшін жаралған. Соның ішінде әркімнің қоныстанған аумағы бар. Ал өз жеріңді құрметтеп, өзгелерге ізгілікпен қарап, мейірбан ақ адал көңіл таныту бұл – адамгершіліктің үлкен шыңы. Сондықтан бірлік бәрінен маңызды.
Дүние дүбірлеп, төңірек толқып тұр. Осындай алмағайып шақта, іргеміз берік, бауырымыз бүтін болса, одан артық бақыт жоқ. Біз үшін үлкен шаттық ол отбасының амандығы, бала-шағаның қуанышы.
1 наурыз – Алғыс айту күні құтты болсын. Әр шаңырақ берекелі, мерекелі күн кеше бергей.
ҚХА «Бірлік» алтын медалінің иегері, әдебиеттанушы ғалым Светлана АНАНЬЕВА :
Әр атқан таң шуаққа бөлегей
Елімізде көктемнің алғашқы күні «Алғыс айту күні» болып бекітілген. Қазақ халқының дүниетанымында көктем жердің жіпсіп, жаңа кезеңнің басталғанын аңғартады. Бұдан кейін халықаралық әйелдер күні бар. Бұл да жөні бөлек, әлемге ортақ мейрамдардың бірегейі. Өйткені, әйел – ару, ана, аяулы жар, бауырмал нәзік жанды жаратылыс. Одан кейін «Наурыз» мейрамы жаңа күннің бастауы, жаңа уақыттың келгенін білдіреді. Шығыс халықтары үшін мейрамның қадір-қасиеті өте жоғары. Байқап қарасаңыз, адамдарға көктем түлеудің, өркендеудің бастауы болып сезіледі. Осы айда бәрі бір-біріне алғыс айтып, келеңсіздікті ұмытып, адамдар жаңа өмірге қадам басады. Әдетте, бұл мезгілді адам өмірінің жастық кезеңіне балайды. Демек, әр сәтті адамзат жақсылыққа бұрып, хал-қадірінше құрметтей білсе, нұр үстіне нұр.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы аясындағы бар игі іс 1 наурыз – Алғыс айту күнінен басталмақ. Бұл да өз кезегінде ынтымақ пен ауызбіршілікті дәріптеудің айрықша көрінісі десек болады. Сондықтан жанұяда, қоғамдық ортада, ғылымда, ғұмыр жолымызда бір-бірімізге алғыс, лебіз айтып, мәдениетіміз арта берсе екен.
Адам өзіне қай жер ыңғайлы, сол жерде тіршілік ете береді. Құт мекен, құтты қоныс ұғымдарының мәні зор. Себебі, жайлы орта, сапалы білім, мәдениет қалыптасқан жер кім-кімге де табысты әрі қолайлы. Сол себептен, өзіміздің қарашаңырақтың қасиеті зор. Қазақ жұртының таным-түсінігінде «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп бекер айтпаған. Әр қанатты сөз ұрпаққа үлгі-өнеге болғай! Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Мерейіміз үстем болсын!
ТҮЙІН:
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов «Жантебіреніс: Азаттық таңы атты! Тілекке құдай жеткізді! Күні кеше құл едік – енді бүгін теңелдік!» депті. Шынтауайтына келгенде, ғылым мен білімді игеріп, етек-жеңді жинап, бірігіп тірлік ететін кез жетті. Сонда ғана біз алғысқа бөленген ұлтқа айналамыз.