Қарашада жылы және аязды күндер ауысып отырады.
Синоптиктер биыл қыс жылы болады деп болжады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
"Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі Zakon.kz сайтына алдағы қысқа арналған күн райы болжамын ұсынды.
Синоптиктердің болжауынша, қарашада жылы және аязды күндер алма-кезек ауысып отырады, ай бойы жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауып, екпінді жел соғады.
"Солтүстік облыстарда кей күндері жаяу бұрқасын соғуы мүмкін, Қазақстан Республикасының аумағында көктайғақ болады, тұман түседі деп болжанып отыр. Айдың екінші жартысында республиканың солтүстік жартысында, шығысында және орталығында аяз болады", - делінген күн райы болжамында.
Синоптиктер биыл қыс 2001-2002 жылғыдай болады деп болжап отыр, яғни күн жылы әрі жауын-шашын нормаға жақын не одан жоғары болады.
"Алдағы қыста Қазақстан аумағында температуралық фон климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп күтіліп отыр, тек желтоқсан айында Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық норма шегінде болады деп болжанды, ал Қазақстан Республикасының солтүстігі мен шығысында нормадан 1 градусқа төмен болады", делінген "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ қаңтар-ақпан айларында еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын республиканың басым бөлігінде нормаға жақын, ал солтүстік жартысында нормадан төмен болады деп болжанды.
Ал наурызда Қазақстанда ауаның орташа айлық температурасы нормадан 2 градусқа жоғары болады, жауын-шашын мөлшері де еліміздің басым бөлігінде нормадан жоғары болады деп болжанған.