Алматы қаласын көркейтуге бағытталған «Халық қатысатын бюджет – 2025» жобасына өтінім қабылдау кезеңі аяқталды. Қаланың дамуы – әкімдік бастамаларымен қатар, халықтың белсенділігі мен ұсынысына да тікелей байланысты. Бұл сөз бүгінде құр ұран емес, нақты іске айналды. Алматыда соңғы жылдары жүзеге асып жатқан «Халық қатысатын бюджет» жобасы – соның дәлелі.
Қала аудандарынан түскен ұсыныс саны – 4 632. Бұл көрсеткіш – шаһар тұрғындары туған қаласының келбетін жақсартуға бей-жай қарамайтынының айғағы десек те болады. 9 қыркүйекте басталған өтінім қабылдау кезеңінде алматылықтар аулаларды абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру, балалар және спорт алаңдарын салу секілді нақты жобалар ұсынған.
Жобаға келіп түскен барлық бастамалар енді сарапшылар кеңесінің қарауына беріледі. Олар ұсыныстарды техникалық тұрғыда орындалу мүмкіндігіне, тиімділігі мен маңыздылығына қарай бағалайды. Одан кейін іріктелген жобалар онлайн дауыс беруге шығарылады. Ең көп дауыс жинаған бастамалар жеңімпаз атанып, 2026 жылы іске асырыла бастайды.
Бұл жобаның басты мақсаты – қала тұрғындарының өз ауданының дамуына тікелей қатысуына мүмкіндік беру. Тұрғындар ұсыныс білдіреді, жоба дайындалады, онлайн дауыс беру арқылы таңдаулы жоба анықталады. Қалалық әкімдік оларды жүзеге асыруға нақты қаржы бөледі. Нәтижесінде нақты сұранысқа сай, қажетті нысандар мен абаттандыру жұмыстары атқарылады.
Қазіргі таңда қалада аулаларды көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, арық жүйелерін жөндеу, балалар және спорт алаңдарын орнату сынды көптеген жобалар осы бастама арқылы іске асып жатыр.
· Бос алаң – енді балалардың мекені
Биыл Медеу ауданында бос жатқан жерге жаңадан балалар алаңқайы және спорт алаңы орнатылды. Бұл – тұрғындардың тікелей өтініші бойынша жүзеге асқан жоба. Балаларға арналған қауіпсіз ойын элементтері мен ересектерге арналған жаттығу тренажерлерінің орнатылуы – қоғамдық кеңістіктің тиімді пайдаланылуының үлгісі.
· Алтынсарин көшесіндегі жаңа сквер
«Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында іске асқан тағы бір маңызды нысан – 8-нші шағын ауданда, Алтынсарин көшесінің бойындағ биыл күзде ашылған жаңа сквер. Мұнда жерге кеспе тас төселіп, 27 заманауи көше шамы орнатылды, 180-нен астам ағаш егілді, демалыс үшін ұзын орындықтар қойылды. Бұл сквер қала ішіндегі тыныш әрі көркем демалыс орнына айналды.
· Қалаға жанашырлық – ортақ іс
Алматыда жүзеге асып жатқан «Халық қатысатын бюджет» – жай жоба емес, қалалық басқарудағы жаңа серпін. Халықтың дауыс беруі арқылы нақты мәселелер шешімін тауып, қала мәдениеті мен инфрақұрылымы жаңарып келеді. Мұндай бастамалар – тек әкімдік емес, әр тұрғынның жауапкершілігі мен белсенділігі арқылы жүзеге асатын игілікті шаруа.
«Алматы даму орталығы» ұсынған мәліметке сүйенсек, оңтүстік астана аудандары ішінде Жетісу мен Наурызбай аудандарының тұрғындары ерекше белсенділік танытқан. Тұрғындардың белсенділігі мен идеялары қаланың өмір сүруге жайлы ортаға айналуына тікелей әсер етеді.
«Халық қатысатын бюджет» – бұл билік пен халық арасындағы ашық диалогтің нақты көрінісі. Қала – бәріміздің үйіміз. Оны көркейту тұрғындардың бірлескен іс-әрекеті пен шынайы ынта-ықыласынан басталады.
· Бастама көтеру шарттары
Жоба ең әуелі тұрғындардың сұранысын өтеуді көздейді. Бірақ бір ұсыныс 92,3 млн теңгеден аспауы тиіс. Қаланың аулаларын, көшелерін және аудандарын абаттандыру бойынша ұсыныстарды кәмелетке толған қала тұрғындарының барлығы бере алады.
Сурет: Роза Рақымқызы
Биыл үлгермей қалсаңыз, алдағы жылдары да бастамамен шығуға болады. Өтінімге жобаның атауы мен сипаттамасын, орналасқан жерінің мекенжайын, болжамды фотосуреттерді, сызбаны немесе эскизді, ұсыныс сметасын қоса тапсыру қажет.
Байқауға қатысу шарттары мен оның жүзеге асу барысын budget.open-almaty.kz сайтынан таныса аласыз.