Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Наурызбай ауданының әкімі Назира Асылбекқызы Тоғызбаева мәлімдеді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Наурызбай ауданында тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа емханалар мен отбасылық дәрігерлік амбулаториялар салынуда.
2026 жылы Құрамыс, Шұғыла және Ақжар шағынаудандарындағы медициналық нысандарды пайдалануға беру жоспарланған.
«Құрамыс» шағынауданында 500 адамға арналған клиникалық-диагностикалық орталығы бар емхана салынып жатыр. Нысанды 2026 жылдың желтоқсанында аяқтау көзделген. Сонымен қатар, Шұғыла шағынауданында 500 адамға арналған емхананың құрылысы жүргізілуде, оны қараша айында пайдалануға беру жоспарланған.
Ақжар шағынауданында 200 адамға арналған отбасылық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. Ал Тастыбұлақ шағынауданында осындай 200 орындық амбулатория салу жоспарланған, жоба бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы жыл соңына дейін күтілуде.
Сонымен қатар, №7 қалалық клиникалық ауруханасын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. №1 қалалық клиникалық аурухана бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын 2026 жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған.
Жаңа нысандардың іске қосылуы аудан тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.