Сапалы білім алу – қазіргі қоғам дамуының басты кепілі. «Артық білім кітапта» демекші, адамзат өркениетінің қалыптасуында кітаптың орны ерекше. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – саналы қоғам құрудың маңызды негіздерінің бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында: «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бейжай қарауға болмайды. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу», – деп атап өткен еді.
Бүгінгі таңда елімізде кітапхана ісін ілгерілету және оқу мәдениетін барынша орнықтыру мақсатында «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны мен 2007 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясы жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар қоғамды рухани байытуға әрі ақпараттық сауаттылықты арттыруға бағытталған.
Қазақстанда кітапхана ісі бойынша білікті мамандар даярлайтын бірқатар жоғары оқу орындары бар. Олардың қатарында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін ерекше атауға болады.
«Білімді қыздар – білімді ұлт» ұстанымын басшылыққа алған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – еліміздегі кітапхана саласы мамандарын даярлайтын басты білім ордасы. Көзі ашық, білімге құштар, білікті қыздар – ұлт ертеңінің шырағы.
Оқу орнымызда бұл саланың негізі алғаш рет 1956 жылы қыркүйекте Тіл және әдебиет факультеті жанынан қаланды. Алғашқы жылы 25 білім алушы қабылданды. Сол кезеңнен бастап Кітапханатану және библиография секциясы ұйымдастырылып, оны Әліпбек Жөкебайұлы Жөкебаев 30 жыл бойы (1956–1986 жж.) басқарды.
Бүгінде бұл бағдарлама Физика, математика және ақпараттық технологиялар институтының Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасы құрамында қызметін табысты жалғастырып келеді. Қазіргі таңда университетіміз «Кітапхана ісі» білім беру бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант иегерлерінің де, түлектердің де саны жағынан республикада көш бастап тұр. Мысалы, 2025–2026 оқу жылында 1-курсқа 50-ден астам студент қабылданды, бұл – еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш.
Студенттердің бәсекеге қабілетті болуы үшін халықаралық және отандық байланыстар орнатылған. Академиялық ұтқырлық пен қос дипломды білім беру бағдарламалары аясында білім алушылар Түркия, Латвия және Орта Азия елдерінің жетекші университеттерінде тәжірибе жинақтай алады. Сондай-ақ ҚР Ұлттық кітапханасымен тығыз дуалды оқыту жүйесі жолға қойылған.
Оқу орнымызды тәмамдаған түлектерге мүмкіндіктер мол. Олар ҚР Ұлттық кітапханасында, «Ғылым ордасында», Алматы қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде, сондай-ақ мектеп пен жоғары оқу орындарында кітапханашы, библиограф ретінде сұранысқа ие. Көптеген түлектеріміз туған университетінде қалып, ұстаздық жолды таңдауда.
Кітапханашы – ұлттық жазбаша және ауызша мұрамызды көздің қарашығындай сақтап, оны заманауи цифровизация талаптарына сай өскелең ұрпаққа аманаттаушы жауапты маман. Бұл салада адал еңбек етіп жүрген мамандардың арқасында рухани әрі ағартушылық мұрамыз бұрмаланбай, келешекке сенімді түрде жеткізілуде.
Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасының PhD, аға оқытушысы Көлбаев Нұрболат Шағыманұлы
Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасы, “Кітапхана ісі” білім беру бағдарламасының 3 курс студенті Қанатбаева Мәншүк Сәбитқызы