Мейрамхана иесі студенттердің жалақысын төлеуден жалтарған
Жастарды арзан жұмыс күші ретінде пайдалану, еңбекақысын уақытында бермеу қоғамда жиі кездеседі. Адал еңбекақысын ала алмай жүрген жігіттің оқиғасы біздің бүгінгі мақаламызға арқау болды.
Көзі қарақты оқырманның барлығы хабардар болар, жақында әлеуметтік желіде тарап кеткен бейнетаспа қоғам арасында резонанс тудырып, жұрттың талқысына түсті. Роликте қызметкер жұмыс берушіге хабарласып, жалақысын сұрағаны, ал жұмыс берушінің агрессивті жауабы таспаланған. Біздің анықтауымыз бойынша, бейнетаспадағы «Oligarch» лоундж-бары қызметкерлерді келісімшартсыз жұмысқа қабылдап, жалақысын талап еткен қызметкерлерге қоқан-лоқы көрсеткен. Осы тұста «Oligarch» лоундж-бар иесінің тарапынан қызметкерді келісімшартсыз жұмысқа қабылдау және балағаттау бойынша екі негізде құқық бұзылған.
Мәселенің ақ-қарасын білу үшін екі тараппен де байланысқа шығып көрдік. Екі тарап та аты-жөнін ашық көрсетуден бас тартқанымен, сауалымызды жауапсыз қалдырмады.
Мейрамхана иесі - күрд азаматы Байрам есімді жігіт. Ол өз қылығының дұрыс болмағанын мойындап, жалақы мәселесін жақын арада шешетінін, сонымен қатар, еңбек келісімшартын жасамағаны үшін заң алдында жауап беретінін айтты.
– Сабырсыздық танытып, эмоцияға берілгенімді мойындаймын. Бұл мәселеге байланысты видео арқылы да, Елнұрдың өзінен де кешірім сұрадым. Қазіргі таңда қаржы мәселелерін реттеп жатырмыз. Жақын арада бүкіл жалақыны толығымен өтейміз, – дейді Байрам.
Қазіргі таңда аталған мәселе бойынша Бостандық ауданы прокуратурасына арыз жазылған. Айта кету керек, прокуратураға бір ғана Елнұр емес, «Oligarch» лоундж-барында жұмыс істеп, жалақысын өндіріп ала алмай жүрген студенттердің барлығы шағым түсірген. Ең сорақысы, «Oligarch» лоундж-бары жалақысына қол жеткізе алмай жүрген студенттердің ешқайсысы еңбек келісімшартына отырмаған.
Осы мәселе бойынша Бостандық ауданы прокуратурасынан ресми жауап алуға талпынғанбыз. Алайда, ол мүмкін болмады. Бес күн бойы хабарласып, мемлекеттік мекемемен байланыс орната алмадық. Бірде үнсіз дыбыстық сигнал қосылса, енді бірде тұтқаны көтерген адам үнсіз қоя салады. Қоңырауға жауап бермеген соң, мәселені айқындап жазып, қызметтік хат жолдадық. Халыққа құқықтық жағынан сауатты пікір білдірер деген үмітімізді прокуратура қызметкерлері қолдағысы келмеді ме, әйтеуір, хатымызды да жауапсыз қалдырды.
Әрі қарай Алматы қаласы Еңбек инспекциясына қоңырау шалып, еңбек келісімшарты бойынша мәселенің мән-жайын сұрадық. Еңбек инспекциясының жауабы келесідей болды:
«ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 23-бабы 5-тармақшасына сәйкес, жұмыс беруші жұмыскерге Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушінің актілерінде көзделген жалақы мен өзге де төлемдерді уақытылы және толық мөлшерде төлеуге міндетті. Егер, жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбек ақыны толық көлемде немесе уақытылы төлемеген жағдайда, жұмыскерлер Алматы қаласы Еңбек инспекция басқармасына немесе сотқа жүгінуге құқылы», – дейді Алматы қаласы Еңбек инспекциясы басшысының орынбасары С.Оразбеков.
Осы мәселені көтеріп, Youtube арнасына жариялаған блогер Сулла Хуфудың айтуынша, «Oligarch» лоундж-бары жұмысқа қабылдау кезінде-ақ құқық бұзғандарын айтады.
- Елнұр басынан еңбек келісімшартынсыз жұмысқа қабылданған. Бұл жағдайда да жауапкершілік жұмыс берушіде болады. Видеодан байқасаңыздар, Байрам Елнұрға белгілі бір ақшаны өтеуін сұрайды. Егер екі арада келісімшарт болмаған жағдайда, жұмыста бірдеңе жоғалса, сынса, жұмыскер жауап бермейді. Барлық жауапкершілікті жұмыс беруші мойнына алу керек. Себебі, заңды түрде рәсімделген құжаттар жоқ. Сондықтан бұл жағдайда жұмыс беруші жауап береді, – дейді блогер.
Тақырыпқа тұздық болсын деп, осы тақылеттес мәселелермен айналысып жүрген белгілі заңгер Бағдат Амандосұлымен тілдестік. Заңгердің айтуынша, қызметкерді қабылдар уақытта жұмыс берушінің еңбек келісімшартын жасауы міндетті болып табылады. Еңбек келісімшарты жасалмаған жағдайда, қызметкер жұмыс істеуге жіберілмеуі керек.
– Қазақстан Республикасы «Еңбек туралы» кодексінің 33-бабының 3-тармағы бойынша, еңбек шарты жазбаша нысанда кемінде екі данада жасалады және оған тараптар қол қояды. Еңбек шартының бір-бір данасы жұмыскер мен жұмыс берушіде сақталады. Дегенмен, адамды жұмысқа жіберу еңбек шартын жасасқаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты болмаған және (немесе) тиісті түрде ресімделмеген жағдайда, Мемлекеттiк еңбек инспекциясы органдары, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 86-бабына сәйкес, лауазымды адамдарға 30, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 60, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 80, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 150 айлық есептiк көрсеткiш (АЕК) мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді. Бұл жағдайда еңбек қатынастары жұмыскер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындады деп есептеледі, – дейді заңгер.
Ал егер еңбек келісім-шарты жасалмай, жұмыс беруші жалақыны төлеуден жалтарса, үлкен көлемде айыппұл арқалайды.
- Қазақстан Республикасы «Еңбек туралы» кодексінің 113-бабының 1-тармағына сай, жалақы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ақшалай нысанда белгіленеді және келесі айдың бірінші онкүндігінен кешіктірілмей, айына бір реттен сиретпей төленеді. Жалақы төленетін күн еңбек, ұжымдық шарттарда көзделеді. Жалақы төленетін күн демалыс немесе мереке күндеріне тура келген кезде төлем олардың қарсаңында жүргізіледі. Жұмыс беруші жалақыны толық көлемде және еңбек, ұжымдық шарттарда белгіленген мерзімдерде төлемеген кезде, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады. Жұмыс беруші жұмыскерге берешек болғаны және төлем кідіртілген кезең үшін өсімпұл төлейді. Өсімпұл мөлшері жалақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 1,25 еселенген базалық мөлшерлемесі негізге алына отырып есептеледі және төлем жүргізілуге тиісті келесі күннен басталып, төлем жасалған күнмен аяқтала отырып, мерзімі өткен әрбір күнтізбелік күн үшін есепке жазылады.
Сонымен қатар, Мемлекеттiк еңбек инспекциясы органдары ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 87-бабына сәйкес, жұмыс берушінің жалақыны толық көлемде және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде төлемеуі, сол сияқты жұмыс берушінің кінәсінен төлемді кешіктірген кезеңі үшін өсімпұлды есептемеуі және төлемеуі лауазымды адамдарға 30, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 60, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 100, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 150 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады, – дейді Бағдат Амандосұлы.
Заңгердің айтуынша, мақаламызға негіз болған бейнетаспадағы жағдайда жалақыдан бөлек балағаттағаны үшін де ақша өндіріп алуға болады екен.
- Бұл жағдайда жұмыс берушінің заңсыз әрекеттерін немесе әрекетсіздіктерін бейнежазбаға түсіріп алған соң, дереу ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау туралы арызбен тікелей азаматтық тәртіпте сотқа жүгініп, өзіңізге келтірілген моральдық зиянды жұмыс берушіден өндіріп алуға толық негіз бар. Менің тәжірибемде де осындай жағдайлар болған. Ол жерде жұмысшы өзінің жалақысын екі ай бойы алмаған мәселесі бойынша құқықтық көмек керсету нәтижесінде төленген тиісті еңбекақы мен өсімпұлға қоса, жұмыс беруші тарап әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын, – дейді заңгер.
Мәселені зерттеу барысында мамандардың пікірімен ғана шектелмей, халық арасында жасырын сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға 100 адам қатысты. Қатысқандардың жасы 18–48 жас аралығын құрады. Сұрақ қою барысында респонденттердің 63%-ы еңбек келісімшартынсыз жұмыс істейтінін анықтадық. Олардың басым бөлігі – студенттер. 32%-ы еңбек келісімшартын жасасқан, ал 5%-ы – жұмыссыздар.
Еңбек келісім-шартын жасаспағандар – мейрамхана, кафе, қонақүй, базар, сауда орталығының қызметкерлері. Оның ішінде даяшы, аспаз, сатушы болып қызмет ететіндер саны көп.
- Мейрамханада аспаз болып қызмет етіп жатқаныма 3 жыл. Қазір жасым 48-де. Жұмысқа орналасқан кезде ешқандай еңбек келісім-шарты болмады. Алайда, жалақымызды уақытылы төлеп тұрады. Дегенмен, зейнетақы, медициналық сақтандырулар төленбейді. Мемлекеттік ауруханаларға бара алмаймыз. «Медициналық сақтандыруыңыз жоқ», – деп шығарып салады. Осы жағынан қиын. 10 жылдан аса уақыттан кейін зейнетке шығамыз. Оған зейнетақы жарнасы салынып жатқан жоқ. Сол себептен, жұмысқа орналасар алдында келісім-шартқа отырып, бәрі заңды болғаны дұрыс деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны Әсия Жоламанқызы.
Зерттеуімізге арқау болған бейнетаспаны көріп отырып, өзімнің студент кезімдегі жағдайым еске түсті. ЖОО-ның 3-курсында оқып жүрген кезде анама көмек болсын деп, жазғы демалыста қаламыздағы бір кафеге даяшы болып орналасқанмын. Жұмыс беруші сол кезде менімен еңбек келісім-шартына отырмады. Мен енді жұмыс істей бастаған соң еңбек келісім-шартына аса мән бермегенмін. 3 ай бойы аталған кафеде жұмыс істеп, жұмыстан шығатын кезде жұмыс беруші соңғы бір айдың жалақысын бермеді. Хабарласқан сайын «қазір ақша жоқ, кейінірек аласың» деген сөздермен жауап қайырып отырды. Жалақымды бермеген соң Алматы қаласы Еңбек инспекциясына барғанмын. Олар маған «араларыңда еңбек келісім-шарты жоқ, біз ештеңе істей алмаймыз», – деп бетімді қайтарған еді. Сол кезде еңбек келісім-шартының қандай маңыздылыққа ие екенін түсінгенмін.
РЕДАКЦИЯДАН:
Бүгінде қоғамда Елнұр секілді келісім-шартсыз жұмыс істеп, айлығын ала алмай жүрген жандар баршылық. Бұған мысалды алыстан іздемейік. Алматының біз білетін мейрамханалардың көпшілігінде еңбек келісім-шартынсыз қызмет етіп жатқан студент-жастарымыз жетерлік. Өкініштісі сол, екі тараптың арасындағы келісім-шартсыз жасалатын ауызша мәміле міне, көп жағдайда осылайша, құқық бұзушылықпен аяқталып жатады. Біздің ресми хатымызға орай Еңбек инспекциясы мен Бостандық аудандық прокуратурасы бұл оқиғаны бақылауға алып, тиісті шара қабылдайды деп сенеміз. Әділетті қоғамда кез келген азамат заңды түрде жұмыс істеуге, адал еңбегіне алуға тисті жалақысына уақытылы қол жеткізуге құқылы.
«Almaty aqshamy» газеті өз кезегінде «заңсыздыққа жол жоқ!» деген ұранмен аталған мәселені бақылауда ұстайтын болады. Жоғарыда айтылғандай, бір топ жастардың прокуратураға жазған арыз-шағымдары қаралып, шешімі шыққан бойда оқырмандарымызға мән-жайды жеткізетін боламыз. Өйткені, мақаламыздың басында мейрамхана қожайынының жақын арада Елнұрға «жалақысын толығымен өтейміз» деген уәдесі орындалмағандықтан, тараптардың мәмілеге келуі әлі де күмән тудырып тұр. Сондықтан газетіміздің алдағы сандарында біз бұл тақырыпқа әлі қайта оралатын боламыз.
Кісі ақысын жемеу – адалдықтың белгісі. Егер Сіз дәл осындай жағдайға тап болып, құығыңыз тапталып, жалақыңызды ала алмай жүрсеңіз, бізге хабарласыңыз. Мүмкіндігінше, көмектесеміз! Өйткені, адал еңбек – ақысыз болмауы тиіс!
«Almaty-akshamy» газеті, №142 (6277) 1 желтоқсан, бейсенбі, 2022 жыл.