Биылғы оқу жылында мектептерге 301 171 оқушы барды.
Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» ТА-дағы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирі барысында жаңа оқу жылының басталуы және коронавирустық пандемия жағдайында оқу процесін ұйымдастыру туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Биылғы оқу жылында мектептерге 301 171 оқушы барды. Мемлекеттік мектептерде 280 458 балалар мен жасөспірімдер білім алуда, ал жекеменшік мектептердегі оқушы саны – 20 713. Мемлекеттік мектептерде бірінші сынып оқушыларының саны 3 мыңға жуық өсті. 1-сыныпта 30 751 оқушы білім алуда.
Оқушылардың денсаулығын сақтау және қауіпсіз жағдай жасау мақсатында оқу процесі бір мезгілде үш бағытта құрылды. Біріншіден, оффлайн оқытуда сыныптардағы оқушы саны 25 оқушыға дейін болуы тиіс. Бұл талап орындалуда. Бүгінде 45 мемлекеттік мектепте 104 246 оқушы немесе олардың 37%-ы дәстүрлі форматта оқуда. 71 жекеменшік мектептерде 20 650 оқушы оффлайн оқуда, яғни 99%-дан асады.
Екіншіден, оқыту аралас жүргізілуде, яғни негізгі пәндер мектепте, қалғандары қашықтан оқытылады. Бүгінде оқытудың осы форматымен162 мемлекеттік мектептің 154 424 оқушысы немесе 55%-ы қамтылған.
Үшіншіден, 21 788 оқушы онлайн форматта оқиды, бұл 8%-ды құрайды. Оқытудың бұл формасымен негізінен инфекциямен ауырған балалар, науқастармен байланыста болғандар, ауруға шалдығу қаупі бар балалар, сондай-ақ ата-аналары мектеп әкімшілігіне қашықтықтан оқыту туралы жазбаша өтініш берген балаларды қамтылған.
Оқу жүктемесіне және оқушылардың контингентіне байланысты ата-аналармен келісе отырып, мектептерде 5 және 6 күндік оқыту ұйымдастырылған.
Қоғамдық денсаулық басқармасы және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бірлесіп, мектептердегі жағдайға күнделікті мониторинг жүргізеді. Б. Сағынтаев дертті балаларға жұқтырмау үшін, ата-аналардың барынша сақ болулары тиіс екенін атап өтті. Ол үшін жауапкершілікті жете сезіну және вакциналану қажет.