AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мәдени Алматы / «Балам, қашан келесің?..»

«Балам, қашан келесің?..»

Мәдени Алматы Бүгін 14:15 62
«Балам, қашан келесің?..»

Жуырда Павлодар облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры гастрольдік сапармен ару Алматыға келген болатын, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.

Киелі Ертіс-Баян өңіріндегі театр өнерінің тәбәрігін ала келген труппа Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында көрерменіне төрт спектаклін ұсынды.  

Ар таразысы

«Аладдин» (авторы Бекзатхан Шолпанқұл, режиссері Б.Манатбекұлы) кішкентай көрермендерін таңғажайып шығыс әлеміне жетелеп, оларға адам өміріндегі достықтың және жүрек тазалығының ең үлкен құндылық екенін көрсетті.

«Джудит жасаған қиын таңдау» (авторы мен режиссері С.Левицкий) да – отбасының барлық мүшесіне ғажайыптар әлеміне апаратын спектакль-шоу. Мұнда бала мен ата-ана арасындағы байланыстың әлсіреуі сияқты мәні терең құбылыстар жайлы сыр шертіледі.

«Ұждан» (авторы Шәкәрім Құдайбердіұлы, инсценировка авторы Нұркен Тұрлыбек, режиссері Азамат Нигманов) – эфсана. Уақыт ағымындағы адамзат баласының кең пейілі тарылып, мейірімі мен ұяты тартылып, суалып барады... Болмыстың нәрі мен құнары – ұжданнан айырылып барамыз. Жаңа қойылым адамзатты ойлануға шақырады.

«Балам, қашан келесің?..» драмасы (авторы Сәкен Сыбанбай, режиссері Жұлдызбек Жұманбай) – премьера. Өз үйіне сыймаған, құрсағынан шыққан баласына «артық жүк» болған алты қарияның Қарттар үйіндегі күндерінен сыр шертеді.

Тәрбиенің шегесі босаған ба?

Осы қойылымдардың ішінде «Балам, қашан келесің?..» драмасы аншлагпен өтті. Тіпті, көрермендердің сұрауымен бір күнде екі рет қойылды.

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының алдына сол күні студент жастар қаптап кетті. Ішімізден «залды толтыру үшін келді-ау» деген ойдың жылт ете қалғанын жасыра алмаймыз. Бірақ ойымыз қате болыпты. Сол жастар «Балам, қашан келесің?..» спектаклін тырп етпей көрді. Театр залында шыбынның ызыңы да естілмеді десек, әсірелегендігіміз емес.Тіпті, көз жасына ие бола алмай егіліп отырған көрермен аруларды көріп жүрек толқыды. Демек, спектакльдің миссиясы орындалды деген сөз.

Жасыратыны жоқ, бұрын Қарттар үйін пана тұтқан аға буынның арасынан өзіміздің қазақтың ата-әжесі бірен-саран ғана кезігетін. Ал қазір құндылықтар өзгерді ме, әлде ұлттық тәрбиенің шегесі босады ма, мемлекеттің қарауына өткен қарияларымыз көбейіп барады.

Қарттар үйі – бұл бүгінгі заманауи болдық, өркениет көшіне ілестік, ғажаппыз деген қоғамның ең өзекті әрі ауыр мәселелерінің бірі. Шаңырақта атаң болса, жаныңды – жарға, арқаңды – тауға сүйегендей боласың. Ал ақ жаулықты әже – ол мейірім, шуақ, жылылық. Олар біздің бүгінгі алаңсыз күндеріміз үшін отқа да түскен, бірақ жанбаған, суға да түскен, бірақ батпаған.

Үміт үйі

...«Кірген із көп болғанымен, шыққан ізі жоқ» Қарттар үйінің демалыс бөлмесінде отырған алты қария. Бірі маңдайын тіреп қойып дойбы ойнап отыр. Екіншісі газеттің ішіне кіріп кеткен. Үшіншісі көзін шарт жұмып алып алақандай радиосынан әуен тыңдап отыр. Ермегі, жұбанышы сол. Ал таяғын сүйеніш еткен ақ жаулықты кейуана қалың үнсіздік құшағында. Енді бірі терезеден сыртқа телміре қарап отыр. Әлдекімді күтетіндей.

Иә, олардың әрқайсысының жүрегінде бір үміт бар. Сол үміт есік ашылған сайын жылт етіп жанатын әлсіз шырақтай. Сәт сайын айқара ашылған есіктен кірген әр адамға «балам емес пе екен?» деген үмітпен үңіледі. Жоқ, келмеді тағы ешкім іздеп. Бірақ сол үміт қана оларды тірі ұстап тұрғандай. Өйткені, үміт үзілсе, жүрек те үнсіз қалар еді ғой.

Пьесада алты кейіпкер бұл жерге қалай тап болғанын, қалай келгенін кезек-кезек баяндайды. Режиссердің шеберлігі сонда – көрерменін ұзақ әңгімелермен жалықтырып алмас үшін алты қария басынан өткенін бізге әңгімелеп жатқанда сахна арасында олардың балаларымен болған өткен шақтағы диалогын да үндестіре білген.

«Мен өзгердім...»

Пьесадағы ең басты сұрақ: есік ашылғанда табалдырықтан кім аттайды, сағынған баласы ма, әлде ажал ма? Өкінішке қарай, алты қарияның біреуінің ғана, яғни Омархан ақсақалдың (ойнаған актер Жұмахан Доспаев) баласы (актер Нұржан Сарқамбаев) келеді.

– Әке, кеш болса да, қатемді түсініп, бармағымды шайнадым. Білем, бес жылдан бергі ыза-кегің әлі тарқаған жоқ. Бірақ мен қазір басқамын. Өзгердім. Мені кешір! Үйге жүр! – дейді Омарханның ұлы.

Қариялар «Қатесін түсініп, оны жөндеген адам жаман болмайды», «Бақыттысың, Омеке!», «Е-еһ, осылай үйге жүр дейтін баланың даусын еститін күн туар ма екен бізге де...» десіп жатты. Бірақ Омархан ақсақал шарт кетті.

– «Уақыт емші» дейді ғой маған тағы. Ал сол уақыт сендердің қай жараларыңды емдепті? Сен, Дәмегүл (актриса Рауза Тәжібаева), өз балаңның не істегенін ұмыта қалдың ба? Сен ше, Сейфолла (актер Бек Тоқатов), бүкіл дүние-мүлкіңді өз атына аударып, өзіңді далаға лақтырып кеткен ұлыңды қалай кешіресің? Бақтыбай-ау (Бейбіт Шәнім), айтшы, өз перзентіңнің соққыға жыққан сұмдығын уақыт-емшің жазып берді ме? Жо-оқ. Көрген жәбір-жапа, қорлықтарың бәріңнің де көкіректеріңде шемен болып қатып жатыр. Өйткені, уақыттың да шипасы дарымайтын дауасыз дерт жетеді дүниеде! – деп ширықты таяғын көкке сермей ашуға булыққан Омекең.

Бірақ ақыр соңында Сейфолла шалдың сөзіне тоқтады. Тоқтамағанда! Өзінің де көңіл түкпірінде жылдар бойы құндақтап келген арманы сол еді ғой.

– Өзің білесің, Омеке, бүгінге дейін мына үйден туған ошағына оралған ешкім жоқ еді, сен бірінші болғалы тұрсың, – деді Сейфолла шал Омархан қарияның иығына қолын салып. – Ұлыңды іштей әлдеқашан кешіргеніңді мен білмейді деймісің. Түнде түсіңде көріп, сан рет «жарығым, бо­там…» деп сандырақтап шығатыныңды басқа естімесе де, бір бөлмеде жататын мен естимін ғой. Ашуыңды бас, еңсеңді көтер, алдыңда тізерлеп тұрып кешірім сұраған ұлыңның тілегін орында. Егер сен кетсең, мына кәрі-құртаң ендігі қалған аз ғана ғұмырын «бәлкім, күндердің күні баламыз келіп, бізді де осылай алып кетер?» деген үмітпен өткізер еді. Бізді сол өлеусіреген үміт шоғынан айыра көрме, Омеке! Бар енді, балаларыңды зарықтырма! Қош!

Жүректегі мұң

Иә, Омархан ақсақалды баласы аяғына жығылып тұрып, үйіне алып кетті. Ал қалған бесеуі ше? Олар ма? Оларды ажал алып кетті... Дәл осы сәтті, жалпы спектакльді режиссер Жұлдызбек Жұманбай өте сәтті түйіндеген екен.

Бос қалған бес орындық енді жиһаз емес, адамның жансыз денелеріне айналды. Қарттар үйінің директоры Нариман (актер Руслан Нығман) мен заңгер Әлжан (актер Бауыржан Манатбекұлы) барлық орындықты ақ матамен жауып, арқалығын және аяғын ақ шүберекпен екі жерден буып шықты. Бес орындық – бес тағдыр. Режиссер сахнаға ешкімді алып шыққан жоқ, о дүниелік болған кейіпкерлерін осылай кебінге орады. Ол тек орындықты «сөйлетті». Қарапайым заттың өзіне жан бітірді. Сол арқылы өлімнің салмағын, қоштасудың ауыр мұңын, адамның өткінші екенін бір-ақ сәтке сыйғызды.

Ал көрермен әр орындықтың астарында бір тағдыр, бір өмір жатқанын сезінді. Әрқайсысының өз үні, өз арманы, аяқталмаған өз әңгімесі бар еді. Бәрі ақ матаға оралып кете барды. Жүрек, өмір мәңгіге тоқтады.

Спектакль аяқталып, сахна шымылдығы жабылған сәтте театр іші көрерменнің тік тұрып көрсеткен құрметіне, ду қол шапалығына тұнып тұрды.

Қарттар үйі – қазыналы жүзін қою әжім торлаған қарттарымыздың жанары жәудіреп, өз шаңырағынан жырақта қалған мекені. Бұл үй – қазақ дәстүріне мүлдем жат, бірақ өкінішке орай, қазіргі қоғамда аға буын мен кейінгі ұрпақтың қақтығысы мен мейірімсіздіктің көрінісі іспетті. Ата-ананың қадірін барында білмесек, кейін өкіну кеш. Біз де қартаярмыз. Сонда қандай күй кешерімізді білмейміз... Дүние – кезек екенін ұмытпасақ. «Балам, қашан келесің?...» қойылымының айтары да осы.

Сахна сыртында

 

Сәкен СЫБАНБАЙ,

қаламгер, «Балам, қашан келесің?..» пьесасының авторы:

«Әрқайсысын жазып отырып,

бір-бір жылап алдым»

 

Бұл пьесаны жазуыма түрткі болған – қазіргі мықты режиссерлердің бірі, «2025 жылдың ең үздік театр режиссері» атанған Жұлдызбек Жұманбай. Өз пьесамды өзім танымай қалдым десем де болады, сахналық шешімдері керемет!

«Балам, қашан келесің?..» туындысының түпнұсқасы – осыдан сегіз-тоғыз жыл бұрын жазылған «Үміт үйі» деген әңгімем. Қарттар үйі туралы. Бірақ пьеса әңгіменің желісі бойынша жазылғанымен, мүлде басқа шығарма болып кетті. Әңгімеде жоқ кейіпкерлер қостым, жаңа диалогтар, тыңнан алты бірдей монолог жазып шықтым. Алты кемпір-шал. Алты түрлі тағдыр. Әрқайсысын жазып отырып, бір-бір жылап алдым. Өйткені, пьесада, спектакльде жазушылық тәсіл рөл ойнамайды екен. Сен әрі көрермен, әрі режиссер, әрі актер боп отырып жазуың керек екен.

Пьесаны жазу барысында әңгімемен шектеліп қалмау керек екенін ұқтым. Авторлық баяндау тәсілімен бере салатын әдіс сахнаға өтпейді. Міндетті түрде екі немесе одан да көп кейіпкердің диалогы, айтысуы, шарпысуы... әйтеуір сөз қақтығысы мен мінез қақтығысы, интрига қажет. Жаңа диалог, жаңа қақтығыстар сол қажеттіліктен өрбіді. Көрермендер жылы қабылдаған болса, қуаныштымын.

Нұржамал ӘЛІШ

Телеграм арнаға жазылыңыз
#театр
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Мемлекет басшысы Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі

Бүгін 16:13

Жасанды интеллект технологияларын қолдануға арналған тақырыптық панельдік сессия өтті

Бүгін 16:02

Алматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың жаңа моделін қалыптастыруда

Бүгін 15:53

«Жүрегімде екенсің...» метафизикалық драмасының премьерасы өтеді

Бүгін 15:28

20 мектеп, 199 мың жұмыс орны, 1 000 аула...

Бүгін 15:23
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика