Балалардың бақытты мекені

Балалардың бақытты мекені Оқушылар сарайы

Бала бақытын көрудің өзі мәртебе. Әр ата-ана баласының білімді, болашағының жарқын болғанын қалайды! Сол жолда барын салатыны да ақиқат. Білім беру -  баршамыздың басты міндетіміз. Ал сондай үкілі үміттеріміздің ақталуына қаладағы Оқушылар сарайының қосар үлесі аз емес. Ендеше осынау балалардың бақыттты мекені атанған мекеме басшысын бірер сұрақтарымызбен мазалағанымыз рас.

- Айгүл Болатбекқызы соңғы жылдары Алматы қаласындағы қосымша білім беру бойынша жетекші ұйым Оқушылар сарайында жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Айтыңызшы, қандай өзгерістер болды? Жаңғырту білім беру қызметінің сапасын арттыруға қалай әсер етті?

- Бүгінгі таңда Қазақстанда қосымша білім беру жүйесінде елеулі өзгерістер байқалады. Білім беру ортасын дамыту, инновациялық оқыту әдістемелерін енгізу, сандық ресурстарды пайдалану, сонымен қатар, білім беру қызметтерінің аясын кеңейту мақсатында Оқушылар сарайын кезең-кезеңімен жаңғырту Концепциясы әзірленді.

Жаңғыртудың басты мақсаты – балаларға қосымша білім беру мен дамыту бағыттарын енгізу, материалдық-техникалық базаны нығайту және дамыту, қосымша білім беруде балалар мен жасөспірімдердің қамтылуын арттыру.

2022-2024 жылдары Оқушылар сарайының оқу кабинеттері мен оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға арналған залдары жаңартылды. Бұл жаңғырту жұмысы қосымша біліммен қамтылған балалар санының 8 200-ден 15 100-ге дейін артуына мүмкіндік берді.

Оқушылар сарайында жаңғыртуға дейін 175 балалар бірлестіктері (үйірме, секция) жұмыс жасады, ал қазіргі уақытта олардың саны 223-ке жетті. Инновациялық ғылыми-техникалық бағыттағы үйірмелер ашылды. Кванториум (IT, Аэроғарыш құрастыру, Гео, Робототехника); Hi-Tech Орталығы (Дрондар зертханасы, 3D прототиптеу, VR Lab); Creative Орталығы (Дыбыс жазу студиясы, ТВ студиясы, Анимация студиясы); Science Орталығы (Физика, Химия, Биология бойынша ғылыми зертханалар, Гидропоника т.б.); бұрыннан  жұмыс істеп тұрған балалар бірлестіктерін қамту ауқымы артты.

Салтанат залы, Мәрмәр залы, Көрме залы, Орталық холл, Обсерватория, Планетарий қайта жөндеуден өткізіліп, Конференц-зал жаңадан ашылды. Заманауи материалдар мен энергияны тиімді пайдаланатын және оны үнемдейтін жабдықтарды қолдану арқылы инженерлік желілер мен жүйелер, оқу бөлмелері бойынша толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа оқу жабдықтары мен құралдар орнатылды.

Жаңғырту жұмыстарының жүргізілуі эксплуатациялық шығындарды қысқартуға, инженерлік желілердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, бұл қала құрылысы, инженерлік зерттеулер, сәулет-құрылыс жобалау және құрылыс жұмыстарын реттейтін нормативтік актілер жиынтығы талаптарына сәйкес жүзеге асырылды.

2024-2025 жылдары Үлкен концерттік залда жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр, бұл балаларды қосымша біліммен қамтуды мәдени және білім беру көпшілік іс-шараларын ұйымдастыру арқылы арттыруға мүмкіндік береді.

- Оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың нысаны қандай? Соңғы жылдары Оқушылар сарайының білім алушылары қандай жетістіктерге жетті?

-  Қосымша білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың негізгі нысаны – тақырыптық бағыттар бойынша, кешенді, интеграцияланған бағдарламалар бойынша сабақтар өткізу. Оқушылар сарайына 6-17 жас аралығындағы барлық тілек білдіруші балалар мемлекеттік қызметтер порталы арқылы https://bilimalmaty.kz/ сайтына тіркеле алады.

Біздің мақсатымыз – балаға өз таланттарын барынша ашуға көмектесу, оның іс-әрекетінің нәтижелерін көруге мүмкіндік жасау. Осы мақсатта барлық қажетті жағдайлар жасалған, ал жүргізілген жаңғырту жұмыстары балаларға инновациялық жобаларды жоғары ғылыми-практикалық деңгейде жасауға мүмкіндік береді. Мысалы, алғаш рет «Наноспутник Venus-Sat.kz» атты бірегей жоба жүзеге асырылды, бұл жобаны 2022 жылы Индонезияда өткен INNOPA әлемдік өнертапқыштар байқауының алтын жүлдегері Аманкелді Шолпан әзірлеген. Оның жобасы – ғарыштық деректерге қолжетімділікті қамтамасыз ету және оларды жаңарту үшін жасалған төмен орбиталық (биіктік диапазоны 30-50 км) ғарыш серігі. Наноспутник табиғи апаттар кезінде нақты аймақтардағы зақымдану деңгейі туралы алғашқы ақпаратты ұсына алады.

2024 жылдың наурыз айында, шамамен 20 жылдық үзілістен кейін, обсерватория қайтадан жұмысын бастады. Жаңа, жоғары технологиялық обсерватория төрт заманауи телескоппен жабдықталған, олар зерттеушілер мен астрономия әуесқойларына ғарыштың құпияларын бұрын-соңды болмаған дәлдікпен және егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік береді. Осы телескоптардың үшеуі – Unistellar, Sky-Watcher Dob 14″, DISON 350F/3 – түнгі бақылаулар үшін арналған, олар жұлдыздар, планеталар мен галактикалардың айқын және жарқын бейнелерін ұсынады. Төртіншісі – Coronado хромосфералық телескопы – күндізгі уақыттағы Күнді бақылауға арнайы жасалған, ол күн белсенділігі мен оның Жерге әсерін зерттеуге ерекше мүмкіндіктер береді. Жаңғырту жұмыстары Обсерваторияны және бүкіл ғылыми-техникалық бөлімде келесі жобаларды іске асыруға мүмкіндік берді:

«Күн жарқылдарын және олардың Жерге әсерін зерттеу» авторы – Чапаев Абулхайыр; 

«Құтқарушы өрмекші» авторлары – Аманжолқызы Ақшолпан, Бибосынова Алия;

«Өте жеңіл кластағы зымыран прототипі», авторлары – Макарова Маргарита, Есенгелдіұлы Әлімжан, Смағұл Абылай, Мырзабай Бекжан.

Осы жобалар “Балаfest Jas Galym Science Quest” қалалық фестивалінде Қазақстан Республикасының Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлына және ғылыми қауымдастыққа сәтті таныстырылды.

Оқушыларымыздың зерттеу жасауына мүмкіндік беретін осындай жағдайдың арқасында бүгінгі күні біздің балаларымыз – шығармашылық, спорттық және зияткерлік байқаулар мен жарыстардың белсенді қатысушылары, қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың жеңімпаздары атанып келеді. Мысалы «Сазсырнай» халық аспаптар ансамблі – Испаниядағы «Festalonia Milenio» Халықаралық байқауында Гран-при иеленседі. Ал Тұрдалы Дастан, Төлеуғазы Ералы, Қанапия Омар, Аймауыт Майдан, София Балгазина, Төлеген Айша, Әбілда Аиша, Дүйсенбай Тимур секілді талантты жастардан құралған «Шабыт» вокал студиясы Ресей, Өзбекстан, Түркия, БАӘ-нен келген жас өнерпаздар арасында бас жүлдені жеңіп алды. Оқушылар сарайының джаз оркестрі – АҚШ-та өткен Халықаралық джаз конференциясында да алғашқы орынды иеленіп қайтты. Сол секілді музыка мектебінің оқушылары София Ягупова, Мади Исабеков – Мәскеудегі «Art royal» фортепиано өнері Халықаралық байқауының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, Санкт-Петербургтегі «Виват» Халықаралық ашық өнер және орындаушылық шеберлік байқауында да жеңімпаз атанды. Енді «Достар» балалар хоры Қазан қаласындағы «Свободная птица» Халықаралық вокалдық байқауында жеңімпаз атанса, «Золотые струны» ансамблі – Бішкек қаласындағы «Sounds of Asia» Халықаралық байқауының бас жүлдесін иемденді. Бұған Оразалина Айсұлу деген талантты қызымыз Иркутск қаласындағы «Info GEO» Халықаралық геоақпараттық технологиялар мен бағдарламалау байқауының лауреаты, Графеева Виктория, Абдибай Сеним, Асылхан Арсен – бокстан Республикалық және Халықаралық турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды.

2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша Оқушылар сарайының педагогтары түрлі бағыттар бойынша байқаулар мен жарыстарға 704 лауреат дайындады. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесі балаларға үлкен халықаралық деңгейдегі жетістіктерге жетуіне мүмкіндік берді.

- Білім берудің басты міндеттерінің бірі – балаларды ерте бейіндеу арқылы ересек өмірге бейімдеу. Оқушылар сарайы қандай бағыттар бойынша жұмыс істейді?

 -  Қосымша білім беру жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – кәсіби өзін-өзі анықтау дағдыларын қалыптастыру және дамыту. Әртүрлі мамандықтардың ерекшеліктерін бала кезінен жақсы түсінген оқушы болашақта қай салада оқып, қай жерде жұмыс істейтінін сенімді түрде таңдай алады. Біздің Оқушылар сарайындағы бірлестіктердің бағдарламасы балаларға болашақта кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға көмектесетін негізгі дағдыларды дамытуға мүмкіндік беруге бағытталған.

Ғылыми-техникалық бағыттағы үйірмелер мен студиялар инженерлік мамандықтар бойынша – инженер-геодезист, инженер-конструктор, инженер-электроник, масс-медиа саласында – журналист, дизайнер, фотограф және видеооператор, VR-әзірлеуші, блогер сияқты кәсіптердің дағдыларын қалыптастырады. 

Экологиялық-биологиялық бөлімшеде балалар гидроэколог, биоэколог, геоэколог, өндірістік эколог, экологиялық консультант, лаборант-эколог сияқты мамандықтар бойынша бастапқы дағдыларды меңгереді. 

Оқушылар сарайының «Өрнек» балаларға арналған жазғы лагері аясында «Астрофизика», «Программалау», «Өнеркәсіптік дизайн», «Робототехника», «Art&Science», «Туризм» сияқты бағыттар бойынша профильдік ауысымдар өткізіледі.

Оқушылар сарайының педагогтары мен тәрбиеленушілері ерте кәсіби бағдар беру мақсатында халықаралық және республикалық конференциялар, семинарлар мен көрмелердің тұрақты қатысушылары болып, олар сол жерде жаңа ынтымақтастыққа жол табады. Сондай-ақ, 1 ақпанда Digital Almaty 2025  – инновациялық даму және цифрландыру саласындағы жетекші халықаралық алаң аясында – Ұлттық ғарыштық зерттеулер орталығымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Жоспарда ТжКБ және жоғары оқу орындарымен бірлесіп жобалық кеңселер-лабораторияларды ашу бойынша жұмыстар жүргізу қарастырылған.           

Білім беру ортасын дамыту, оқытудың инновациялық әдістерін, жаңғыртуға негізделген цифрлық ресурстарды енгізу, сайып келгенде, қосымша білім беру саласындағы инновациялық нысандарды, әдістер мен тәсілдерді әзірлейтін, біріктіретін және енгізетін білім беру, ғылыми және шығармашылық орталық ретінде Оқушылар сарайының бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

- Айгүл Болатбекқызы, уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін рахмет! Болашағымыз үшін істеп жатқан жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз! 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:45

15:22

15:15

14:49

14:18

14:04

14:02

13:50

13:31

12:38

11:49

11:29

11:14

10:51

10:38

10:13

17:29

17:24

17:20

17:14

17:09

17:00

16:56

16:48

16:47