Алматыда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілетін жоғары технологиялық кардиохирургиялық көмектің көлемі жыл сайын артып барады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Сақтандырылған қала тұрғындары құны кейде ондаған миллион теңге болатын күрделі операцияны енді тегін жасата алады.
Қалалық кардиологиялық орталықта өткен баспасөз турында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматыдағы бөлімшесінің халықты ақпараттандыру бөлімінің басшысы Шынар Әлжанова осылай деді.
Оның айтуынша, кардиохирургия отандық медицинаның ең қымбат бағытының бірі саналады. Соған қарамастан, жүрекке жасалатын барлық операция МӘМС жүйесі есебінен толық қаржыландырылады екен.
«МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін азаматтардың жоғары технологиялық медициналық көмек алу мүмкіндігі айтарлықтай кеңейді. Қазір жүрекке жасалатын қымбат операция сақтандыру жарнасының мөлшеріне қарамастан, сақтандырылған әр азаматқа қолжетімді», – дейді Шынар Әлжанова.
Статистика да мамандандырылған көмектің қолжетімділігі артқанын көрсетеді. 2019 жылы, яғни МӘМС жүйесі іске қосылғанға дейін Алматыда жалпы құны 7,6 млрд теңге болатын 5 304 кардиохирургиялық операция жасалса, былтыр оның саны екі есе өсіп, 11 146 операцияға жетті. Қаржыландыру көлемі де төрт есеге артып, 28,3 млрд теңгені құраған екен.
Кардиохирургиялық операцияның құны күрделілігіне байланысты әртүрлі болады. Мәселен, стандартты операциялардың бағасы 300 мың теңгеден басталса, ең қымбатының бірі – қан айналымын қолдайтын қосымша құрылғыны имплантациялау құны шамамен 79 миллион теңгеге жетеді.
Ең көп жасалатын операцияның қатарында жүректің ишемиялық ауруын, жүрек қақпақшаларының ақаулары мен жүрек ырғағының бұзылуын емдеуге арналған отаулар бар. Олардың ішінде аортокоронарлық шунттау, жүрек қақпақшаларын протездеу мен пластика жасау, сондай-ақ кардиостимулятор орнату операциялары кеңінен жүргізіледі. Бұл жоғары технологиялық емдеу тәсілінің барлығы Алматыдағы көпбейінді стационарларда да, мамандандырылған кардиологиялық орталықтарда да сәтті жасалып жатыр.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, егер пациент МӘМС жүйесіне қатыспаған жағдайда, мұндай емге миллиондаған теңге жұмсауға тура келер еді. Сақтандырылған азаматтарға бұл операция тегін. Бұл – медициналық сақтандыру жүйесінің әлеуметтік бағыттылығының негізгі қағидатының бірі.
Қазіргі уақытта Алматы тұрғындары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан кардиохирургиялық көмек көрсететін 14 медициналық ұйымның кез келгенін өздері таңдай алады. Оның ішінде 9-ы жекеменшік клиника. Бұл мамандандырылған медициналық көмекті қолжетімді ете түсіп, ем алу кезегін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.