Астанада 8-14 қыркүйекте өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Әзірбайжан белсенді түрде қатысады.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Әзірбайжандағы Елшісі Әлім Байел мен Әзірбайжан Республикасының Жастар және спорт министрі Фарид Гаибовтың кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Кездесу барысында Әлім Байел 2024 жылғы 8-14 қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы ақпарат берді.
Дипломат жарыстарға әлемнің ондаған елдерінің өкілдері қатысатынын, ойындар аясында 20 жарыс және 10 көрмелік сайыстарды өткізу жоспарланғанын атап өтті. Олардың қатарында ат жарыстары, ұлттық жекпе-жек түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, садақ ату, саятшылық, халық ойындары және т.б. бар.
Қазақ дипломаты осы ауқымды шараға Әзірбайжанның қатысуының маңыздылығын атап өтіп, Министрді оған арнайы қонақ болуға шақырды. Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі бұл іс-шара Түркі мемлекеттері ұйымына Қазақстан төрағалығының аясында өтетінін және кезекті рет бүкіл түркі әлемін біріктіретінін атап өтті. Іс-шара түркі халықтарының бірегей дәстүрлерін насихаттау және оларды сақтау бойынша шараларға серпін береді.
Фарид Гаибов Қазақстанға шақыруды ризашылықпен қабылдап, Әзірбайжанның кезекті Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсенді түрде қатысатынын мәлімдеді. Сұхбат барысында Ф. Гаибов Қазақстан Елшісіне Министрліктің жастар саясаты саласындағы жұмысы және спортты дамыту саласындағы бірқатар табысты жобалары туралы да ақпарат берді. Министр жаңа спорт нысандарын салу және ескі спорт нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қазақ спортшылары да Әзірбайжанда өткізілетін іс-шараларға белсенді атсалысуда.
Кездесу соңында тараптар екі елдің жастар саясаты мен спорт саласындағы ынтымақтастығының әрі қарайғы перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, әзірбайжан тарапы Қазақстанның қысқы спорт түрлерін, оның ішінде хоккейді дамытудағы тәжірибесіне қызығушылық танытуда.