1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ
ТӘУЕЛСІЗДІКТІ ЖАҚЫНДАТҚАН ЖЕЛТОҚСАН
Демократия десе, көз алдымызға не елестейді? Әрине, ойымызға бірден Америка Құрама Штаттары келеді. XIX ғасырда Францияда өмір сүрген қоғам қайраткері, ғалым Алексис де Токвилдің «Америкадағы демократия» атты еңбегі бар. Қазір ғана емес, сол заманның өзінде АҚШ-тағы демократиялық өзгерістер еуропалық саясаткерлер мен ғалымдарды таңқалдырған. Солардың ішінде Алексис де Токвил бар. Ол атақты еңбегін АҚШ-қа сапары барысында жергілікті өмірді көру арқылы жазды.
Халқымызда көріпкелдігімен есте қалған ірі тұлғалар бар. Бірі Мәшһүр Жүсіп десе, өзгелері Абылай ханның түсін жорыған Бұқар жыраудың есімін еске алады. Жаһандық деңгейдегі осындай тұлғалардың бірі Алексис де Токвил. Ол өз кітабында «ерте ме, кеш пе, бәрібір әлемде демократия орнайды», – деп болжап еді.
XX ғасырда оның болжамын америкалық әлеуметтанушы және саясаттанушы Самуэл Хантингтон дәлелдеді. Ол «демократиялану толқындары» теориясын жасады. Демократиялану толқыны теориясы саяси жаңғыру концепциясы аясында өмірге келді. Оның теориясы бойынша XIX ғасырдың басынан бері 3 демократиялану толқыны мен 2 кері кету толқындары болды:
- 1-толқын (1828–1926 ж.ж.)
- 1-кері кету (1922–-1942 ж.ж.)
- 2-толқын (1943–1962 ж.ж.)
- 2-кері кету (1958–1975 ж.ж.)
- 3-толқын (1974 ж. бері).
Кері кету толқынында демократиялық өзгерістер тежелген. КРСО ыдыраған соң одақтас елдердің тәуелсіздік алу үрдісі осы үшінші демократиялану толқыны аясында өтті.
ТАРИХИ ӘДІЛДІК КЕРЕК
Демократиялану үдерісіне тек әлемдік соғыстар ғана емес, колониялардағы азаттық үшін күрес те әсер еткен. Тәуелсіздікке қол жеткізген елдердің тарихына мән беріп қарайтын болсақ, халықтың егемендік үшін күрескенін көреміз. Америка демократиясы аталарының саяси идеялары, Махатма Гандидің бейбіт жолмен күресі, Мұстафа Кемалдың этатизміне негізделген саяси күресі болмаса қазіргі заманғы АҚШ, Үндістан мен Түркияны елестете алмаушы едік. Бұл саяси күрестің астарында халықтың әділдік, теңдік пен еркіндікке ұмтылысы жатыр.
Қазақстанның тәуелсіздік алуына да халықтың демократияға ұмтылысы әсер етті. Демократияға ұмтылыс жалаң сөз емес, астарында әділдік, теңдік пен еркіндік бар. Тәуелсіздікке жол ашқан 1986 жылы 17-18 желтоқсандағы жастардың көтерілісі себепші болды.
Күреспей жеткен дүниенің еш қадірі болмайды. Сондықтан осы тарихи күндерге тек саяси-құқықтық баға беріліп қана қоймай, мемлекеттік идеологияның негізіне айналуы тиіс. Сол кезде ғана мемлекет пен халық шынайы рухани тәуелсіз екенін сезінеді.
Желтоқсан көтерілісінің егемендік пен тәуелсіздікке қол жеткізудегі тарихи рөлін мойындау арқылы біз тарихи әділдікті ғана қалпына келтірмейміз. Біз осы арқылы демократиялық өзгерістерге жол ашамыз. Себебі, жастардың алаңға шығуына демократиялық талаптары әсер етті. Бұл бағытта жұмыс істеуге заңнамалық негіз бен атқарылып жатқан шаралар жеткілікті.
Сөзсіз XX ғасырды адамзат тарихындағы маңызды кезең деуге болады. Себебі, колониалды жүйе күйреп, бүкіл әлемде тәуелсіздік салтанат құрды. Бірінші дүниежүзілік соғыс империализмге ауыр соққы берді. Алып державалар енді есін жинай бергенде Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Осы екі әлем соғысынан соң көп ел егемендікке қол жеткізді. КСРО-ның ыдырауы мен Югославияның бөлінуі бұл үдерістің соңғы нүктесін қойды. Кеңес өкіметі ыдыраған соң Қазақстан тәуелсіздікке ие болды. Сол тәуелсіздікке халықтың демократияға деген ұмтылысы себепші болды. Бұл тарихи әділдік ақырындап қалпына келуде. Осы орайда тек Тәуелсіздік күнін ғана емес, Демократиялық жаңару күнінің де тарихи маңыздылығын атап өткен жөн.
«ЕГЕМЕН ЕЛДЕР ШЕРУІ»
1986 жылдан басталды
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл егемендік күні қарсаңында өткен шарада сөйлеген сөзінде «Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруымыз керек», – деп еді. Осы орайда өткенге назар аударған жөн.
1991 жылы 16 желтоқсанда Жоғарғы кеңесі «ҚР тәуелсіздігі туралы» заңды қабылдады. Одан бір жыл бұрын 25 қазанда «Егемендік декларациясын» қабылдап еді. Бұл Жоғарғы Кеңестің азаттық тарихындағы маңызды рөлін көрсетеді.
Осы күндер өте маңызды. Десе де, сол өзгерістерге біз жоғарыда атап өткен 1986 жылғы жастардың көтерілісі себеп болды. 1991 жылы 12 желтоқсанда «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлық шығып, Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған адамдар ақталды. Сондай-ақ, Жарлықтың 4-тармағы бойынша желтоқсанның 17-сі – Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні деп жарияланды. Себебі, дәл сол оқиғалар демократиялық және рухани саладағы өзгерістерге түрткі болды.
Ресейлік депутат Петр Зериннің «Суверенитеттер парады» деген тұжырымы бар. Ол бұл сөзі арқылы 1988–1991 жылдардағы одақтас республикалардағы тәуелсіздікке ұмтылған саяси күресті сипаттады. Депутат не үшін 1988 жылдан бастады? Себебі, сол жылы балтық бойы елдерінде Эстония, Литва және Латвияда саяси күрес басталды. Біздіңше «Егемен елдер шеруін» 1986 жылдан бастаған жөн. Себебі, Михаил Горбачевтің саяси реформалары басталғаннан кейінгі ең алғашқы халық толқулары сол жылы Алматыда өткен. Кейін халықтың егемендікке ұмтылысы республика басшылығының саяси сақтығының әсерінен бір орында тұралап қалды.