ffin.kz

Азап лагері туралы не білеміз?

Азап лагері туралы не білеміз? Фотолар ашық дереккөздерден

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні




Алдыңғы жылғы жазғы демалыста бала-шағамен қыдырып, елордаға барғанбыз. Ханшатыр, Бәйтерек, ЭКСПО дейсіз бе, бар жақсыны көрдік, қалағанымызша араладық. Ойнадық, күлдік. Сосын балаларды тек ойын-сауық орталықтарымен ғана шектемей, бұл өмірдің тек жарқ-жұрқ еткен, қызылды-жасылды сәттерден ғана тұрмайтынын сездіру үшін  астана іргесінде жатқан, Қарағанды жерінде орналасқан «Карлаг» мұражайына апардық.


 


Балалардың көзімен


Балалар мектеп оқулығында саяси қуғын-сүргін туралы жалпылама жазылған мәліметтерін осы мұражайдан көзбен көріп, тереңірек сезінгендей, сол бір қасіретті жылдардың салмағын бала жүрегімен өз әл-қадерінше салмақтай алған секілді көрінді бізге.


Мұражай үйінің аумағы өте үлкен екен. Бәрін аралап шықтық. Рас, мұражай табалдырығын аттағаннан еңсеңді басатын бір аура барын сезінесіз. Басқаша болуы мүмкін емес, өйткені ол үйдің қабырғасында қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандардың, жазықсыз әйел-аналардың азапқа толы сәттері, жан қиналысы - бәрі-бәрі сақталып қалған. Иә, күңгірт шамдар, ауыр есіктер көз алдыңызға кинолардан, деректі фильмдерден көрген эпизодтарды әкелетіндей. Балаларымыз ұлт қаймақтары азапталған, шынжырға байлап буындырылған, тырнақтарының астына ине тыққылап қиналған, белуарға дейін жететін мұздай су толтырылған, беті темірмен шегенделген құдық-зынданға сөткелеп отырғызылған тас камераларды көзімен көрді. Құр саман, қамыс, қанар қаптар төселген темір төсектерді көрді. «Халық жауы» атанған азаматтардың әйелдерінің де (манекен-адамдардың) оты сөнген жанарына үңілді. Тас қабырғадағы қолдан жасалған қан іздері де балалардың денесін түршіктірді. Себебі, олар әр камераға аяқ басарда ішке абайлап, бажайлап енді.


 


«Даладағы тамұқ»


Патшалы Ресейдің еңбекпен түзеу колониясы принципі бойынша құрылған «Карлаг» (Қарағанды еңбекпен түзеу лагері) сталиндік концлагері 1931 жылы 19 желтоқсанда құрылды. Ол ГУЛАГ архипелагы құрамындағы ең ірі азап аралы болған. Лагерь үлкен аумағына қарай және тікелей Мәскеуге ғана бағынғандықтан, «Мемлекет ішіндегі мемлекет», ал азаптау құралының күштілігі жағынан «Даладағы тамұқ» деген атқа ие болған деседі. «Карлагтың» түпкі мақсаты – социализм құрудың сталиндік бағдарламасын жүзеге асыру үшін тұтқындардың тегін еңбегін жаппай пайдалану. Лагерьдің орталығы Қарағанды қаласынан 45 шақырым жердегі Долинка ауылы болған. Оған егістікке жарамды 120 мың га жер, 41 мың га шабындық жер бөлініп берілген. «Карлаг» аумағы солтүстіктен оңтүстікке дейінгі 300 шақырым, шығыстан батысқа дейінгі 200 шақырым жерді алып жатты.


Құрылғаннан кейін бір жыл өткенде, мұндағы тұтқындар саны 10 400 адамға жетті, олардың 8400-і ауыл шаруашылығымен айналысты. Саяси қуғын-сүргін құрбандары Долинкада шыны, қант, май зауыттарын, ет комбинатын, тігін шеберханаларын, көкөніс кептіргіштер, диірмен салған. 1940 жылы лагерьде 12 диірмен, 9 жармалағыш, 14 май зауыты, екі ірімшік қайнататын өндіріс, 9 сүзбе ірімшік қайнататын өндіріс, 11 көкөніс тұздау пункті, бір қасапхана болған.


 


Бір тілім нан


Азап лагерінде болған 1,5 миллион тұтқынның дені «халық жауы» деген айыппен сотталған және cолардың отбасы мүшелері ретінде бас бостандығынан айырылған жандар еді. Олар – қазақтар, немістер, украиндар, поляк, еврей, шешен, француз, латыш, эстондар секілді көптеген этнос өкілдері. «Карлаг» шаруашылығы тез дамып, өркендеді. Себебі, оған тоғытылған тұтқындар бүкіл әлемге танымал ғалымдар, әскери қолбасшылар, мәдениет және саясат өкілдері мен басқа белгілі тұлғалар еді.


Тергеуші мен күзетші күнделікті ауысып отырғанымен, тұтқынға ұйықтауға, отыруға да рұқсат берілмей, тоқтаусыз тергеп-сұрау жүргізіле берген. «Карлагтағы» азаптау түрлі әдістермен жүргізілген деседі. «Кінәсін» мойындамағандарды жабық камераларға апарып, екі-үш күн ас-су бермей қинаған. Ұрып-соғу, қинау әрекеттерін сенбі-жексенбі күндері жүргізген. Бұл күндері ауыл-аймақтарда арнайы ойын-сауық кештерін, музыкалық бағдарламалар ұйымдастырылған. Бұл – азаптаудан жан дауысы шыққан адамдардың ащы айқайын жұртшылыққа естіртпеу үшін қолданылған әдіс болған көрінеді. Лагерь қызметкерлері ажарлы қыз-келіншектерді пайдаланған.


Ас түгілі қара суға да жарымаған тұтқындар жүрек жалғайтын тамағын күл-қоқыстың ішінен іздеп, қалған сүйек-саяқты жеген. Олар өзіне бұйырған бір тілім нанды бірден жеп қоймай, ұсақтап бөліп, таңдайында сорып жүретін болған. Оларға ботқаны малға берілетін, тазаланбаған арпадан дайындаған. Көгерген картопты қара суға асып беріп отырған. Өздеріне керек жұмыс күші болғандықтан, оларды әйтеуір осылай өлтірмей ұстаған.


 


«Анамның үйі»


«Карлагта» «Отанын сатқан, қоғамға қауіпті халық жауларының» балалары да азапты күндер кешкен. Жүкті әйелдер үшін жазаны кейінге қалдыру мүмкіндігі болмаған. 1938 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Карлагқа» келген 2103 әйелдің арасында  жүкті және омырауда баласы бар 655 аналар болған. Әйелдерге нәрестесін емізіп, жөргегін ауыстыруға ғана рұқсат берілген. «Карлаг» аумағында балалар комбинаты, «Осакаров» балалар үйі, «Долинский» балалар үйі, Санитарлық және медициналық бөлімнің сәбилер үйі, 18 балабақша болған. Оларда тәрбиеленген балаларда «отбасы», «әке», «ана» деген ұғымдар болмаған.


Долинкада 4 жасқа дейінгі балаларға арналған «Мамочкин дом» атты арнаулы мекеме жұмыс істепті. Ал төртке толған балаларды «Осакаров» балалар үйіне жөнелтіп отырған. Мұндайды көтере алмаған кейбір әйел-аналар есінен алжасып кеткен. Әйелдер нәрестесін бір емізіп кетуге мүмкіндік алу үшін 10 немесе одан көп сағат жұмыс істеуге мәжбүр болған. Ал қара жұмысқа жегілген нәзік жанның омырауынан қайдан сүт шықсын, сәбилері шетінеп кетіп отырған. Долинканың бір шеті сол сәбилердің қорымына ұласады. Әзірге қанша періштенің көз жұмғаны туралы нақты дерек жоқ. Бір ғана 1943 жылы 450 бала бір мезгілде өкпесі қабынып қырылып қалған.


Қақаған аязда тас болып қатып қалған жерді қазу мүмкін болмағандықтан, лагерь өкілдері қыстыгүні балаларды жерлемеген. Балалар үйінің жанындағы кішкентай ғана тастай тамға бөшкелер қойылып, соған өлген балалардың денесін жинай берген. Күн жылығанда барып жерді қазып, шұңқырға бөшкесімен көме салатын болған.


Осыншалықты азаптың бәріне төзген адамдардың бастан кешкендері бұл күні тарихқа айналды. Иә, ол күндер, айлар, жылдар талай жанның өмірін өксітті, үмітін үзіп тастады, қанатын қиды. Сол уақыт аямады оларды. Бірақ ақ парақтары жазылып қалды.



 


 


 


 


 


 



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

08:52

08:35

08:20

08:10

17:47

17:15

16:46

16:16

15:45

15:15

14:44

14:14

13:02

12:45

12:22

11:49

11:11

10:50

10:09

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49