Тамыз айы басталғаннан ата-аналар жаңа оқу жылына дайындыққа қызу кірісіп кетеді. Оқушының мектеп формасы, оқу құралдары, спорттық киімі, сөмкесі, аяқ киімі, қысқасы, бұл науқанда қалтаны біраз қағуға тура келеді. Әрине, баласы үшін еш ата-ана аянып қалмасы анық. Барын салып, баласын ешкімнен кем қылмауға әрекет етеді. Дегенмен, кейде қу тіршілік қос бүйірден қысқанда шарасыз күйге түсіп, баласын мектепке дайындай алмай қиналатын жағдайлар да жиі кездеседі.
Осындай келеңсіздіктің алдын алу мақсатында елімізде біраз жылдан бері «Мектепке жол» акциясы талай балаға қуаныш сыйлап келеді.
Өткен оқу жылында осы акцияның аясында мектебіміздегі 42 баланың мектепке дайындығына 400 мың теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, қажетті құрал-жабдықтар мен киімдер үлестірілген болатын. Биыл да республикалық «Мектепке жол» акциясына барлық деңгейдегі мекеме басшылары, аудан әкімдері, кәсіпкер азаматтар, мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдар, аудан тұрғындары атсалысуда. Аталмыш шараға мектебіміздің ұстаздарымен қатар, шағын кәсіпкерлер де белсене қатысты. Атап айтқанда, мектеп ұжымының демеушілігімен 10 оқушыға мектеп құралдары таратылса, Алматы қалалық мәслихатының депутаты Дулат Тастекей 6 оқушыға мектеп формасы мен оқу құралдарын тарту етіп, азаматтық танытты. Сондай-ақ, Жетісу ауданының әкімшілігінің демеушілігінің арқасында 20 оқушыға «Glasman» тігін фабрикасының 50 000 теңгелік сертификаты және оқу құралдары салынған сөмкелер сыйға тартылды. «Мектепке жол» акциясы аясында “Novotel Almaty City Center” қонақүйінің әкімшілігі мектебіміздің көпбалалы отбасыларынан шыққан 10 оқушыға (5-8 сынып) кеңсе тауарлары салынған рюгзактар сыйға тартылды. Балаларымызға қуаныш сыйлаған абзал жандарға мектеп ұжымы атынан зор алғысымызды білдіреміз!
Осындай қоғам алдындағы жауапкершілікті жүрегімен сезіне білетін әрбір адам қайырымдылық шарасынан шет қалмайтыны белгілі.
Қорыта айтқанда, біз қайырымдылық іс-әрекеттерімізбен тек балалардың ғана емес, бүкіл қоғамның болашағын жарқын етуге атсалысамыз. Әрбір бала өмірге мейірім мен махаббатқа толы көзқараспен қарауға лайық.