Алмалы ауданында аудан әкімі Арман Шамшиннің қатысуымен БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өтті.
Пресс-турда журналистер «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жаңартылған Панфилов көшесін, абаттандырылған «АЗТМ», «Шипа Дент» скверлері мен күрделі жөндеуден өткен М.Дулатов атындағы №136 мектеп-гимназияны аралап көрді.
Алыстан көз тартатын аймақ
Алдымен журналистер Алматының ең танымал жаяу жүргіншілер көшелерінің біріне айналған Панфилов көшесінде атқарылған жұмыстармен танысты.
Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин аталмыш көшенің қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы демалыс орнына айналғанын тілге тиек етіп, аймаққа ағымдағы жылы қандай жұмыстар жүргізілгені туралы баяндады.
– 2017 жылы көшені қайта жаңарту жобасы аясында Панфилов көшесі жаяу жүргіншілерге арналған демалыс аймағына айналған болатын. Содан бері көшеге ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген еді. Биыл Қабанбай батыр көшесінен Жібек Жолы даңғылына дейінгі ұзындығы 1,3 шақырым аралыққа жаңғырту жұмыстарын жүргіздік, - деді аудан әкімі.
Спикердің айтуынша, ағымдағы жөндеу жұмыстары «Sity Development Service»ЖШС қыркүйек айында басталып, 30 қарашада толығымен аяқталған. Жоба бойынша көшенің жасыл аймағы кеңейтіліп, 13 мың көпжылдық бұталар мен 45 дана липа, алма, алмұрт секілді жеміс ағаштары отырғызылды. 8 500 м2 аймаққа асфальт, 2000 м2 жерге қалыңдығы 8 см болатын брусчатка төселген. 3500 м2 аумақтағы ескі тас төсеніштер ауыстырылды. Жол бойына бордюрлер мен шойыннан жасалған төртбұрышты люктер орнатылды. 130 дана жайлы орындықтар мен композиттік скамейкалар, біреуінде инклюзия элементтері бар, 2 ойын алаңдары қойылды. 3 спорт алаңына шатырлар орнатылып, 2 субұрқақ жөнделді. Жарықтандыру бойынша 2,6 шақырым кабельдер ауыстырылып, жол белгілері орнатылған. Сондай-ақ, көше бойынан шетелдік туристер үшін «Визит орталық», «Полиция» пункті секілді арнайы үйшіктерді көруге болады.
Панфилов көшесі әсіресе, кешкі мезгілде ерекше күйге енеді. Қызыл-жасыл шамдармен безендірілген аймаққа аптасына шамамен 10-15 мың адам келіп, серуендейді. Ал мереке күндері олардың саны екі есеге артады. Тұрғындардан сұрағанымызда, көше бойындағы түрлі иллюстрациялар мен жаңа жылдық шыршаның қасында суретке түскенді ұнатады екен.
Айта кетейік, Панфилов көшесі Алматының орталығында орналасқан. Ол оңтүстік-шығысында Қабанбай батыр көшесінен басталып, солтүстік-батысында Райымбек даңғылына дейін созылады.
Заманауи білім ордасы
Пресс-турға қатысушылар одан кейін Байзақов көшесі, 130-мекенжайында орналасқан М.Дулатов атындағы №136 мектеп-гимназияға барды. Онда БАҚ өкілдерін мектеп директоры Талғар Төреқұлов қарсы алып, күрделі жөндеуден өткен ғимараттың тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Бүгінде 750 оқушы білім алып жатқан №136 гимназия мектебі 1989 жылы салынған. Қала әкімінің тапсырмасымен мектепте 35 жыл ішінде алғаш рет күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ, ғимараттың сейсмикалық төзімділігі күшейтілді. Білім беру үдерісі биылғы 2 қазанда қайта басталған.
– Мектебіміз сейсмикалық төзімділікті арттыра отырып жасалған күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін 2 қазанда қайтадан ашылып, жұмысын бастаған болатын. Химия, биология, физика, робототехника, информатика пәндеріне арналған жаңартылған кабинеттер жұмыс жасауда. Барлық пәндік аудитория интерактивті панельдермен және жаңа жиһаздармен жабдықталған. Оқушыларға қосымша білім беру мақсатындағы шахмат, тоғызқұмалақ, футбол, волейбол, би, домбыра секілді түрлі үйірмелер мен спорт алаңдары жұмыс істейді. Акт залында заманауи үлкен интерактивті тақта орнатылып, асханамыз арнайы жабдықтармен, ыдыс-аяқтармен толығымен жаңартылды. Мектеп аумағы көгалдандырылған, қоршалған және оқушылардың демалуы үшін толық абаттандырылған. Ғимарат дабыл, бейнебақылау сынды барлық қажетті қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етілген. Мектебімізді заманауи талаптарға сай жабдықтап, оқушыларымыздың толыққанды білім алуына жағдай жасаған Алматы қаласы әкімдігіне мектеп әкімшілігі мен ұстаздар, ата-аналар тарапынан қала әкімдігіне алғыс білдіреміз, - дейді мектеп директоры Т.Талғатұлы.
Бос жатқан жер әдемі сябаққа айналды
Баспасөз-туры аясындағы үшінші нысан - «Шығыс АЗТМ» сквері болды, Аудан әкімінің айтуынша, бұл сквер 2023 жылы «Номад» тұрғын үй кешені тұрғындарының өтініші бойынша «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылған.
Төле би көшесі мен Жароков көшелері қиылысында пайда болған демалыс аймағы бұрын қараусыз бос жатқан жер болған. Абаттандыру, көгалдандыру және автоматты суару құрылғыларымен жабдықталғаннан кейін бұл аймақ тұрғындардың сүйікті демалыс аймағына айналған. Сквер бүгінде барлық жастағы тұрғындардың сұраныстарына жауап беретін отбасылық және бос уақытты тиімді өткізетін таптырмас орын деуге болады.
Жаяу жүргіншілер жолы мен демалыс орындарын іске асыра отырып негізгі күшті толықтай көгалдандыруға бағыттадық. Спорт алаңы, балалардың ойын алаңы мен work out алаңдар орнатылды. Сондай-ақ, мұнда жоба авторларының идеясымен пайда болған жасанды тоған бар. Жазда тоғанның іші түрлі гүлдерге толады. Тоғанға су Жароков көшесіндегі арық желілері арқылы келеді. Скверге 5000 мыңнан астам гүл мен 80 данаға жуық ағаш отырғызылған. Ағаштың әр шұңқыры бөлек автоматты суару жүйесімен жабдықталған. Бұл жалпы жасыл қордың қурап, жойылып кетуіне жол бермейді. Күн жылынғанда сквер жасыл желек пен хош иісті гүлдерге толған тамаша демалыс аймағына айналады.
– «Номад» ТК тұрғынымын. Біз әкімдікке бос жатқан жерді абаттандыруға ұсыныс жолдаған болатынбыз. Өтінішіміз қабылданып, бүгінде осындай керемет демалыс аймақа қол жеткізіп отырмыз. Маған бұл жердегі ең қатты ұнайтыны – жасанды тоған. Онда жаз кезінде лотостар отырғызылады. Мұнда балалар ойнайтын алаң, спорт алаңдары секілді барлық қажетті жабдықтар бар. Сквер өте жайлы әрі қауіпсіз, - дейді аудан тұрғыны Алена Шин.
Адам танымастай өзгерген аймақ
Баспасөз туры бойынша соңғы барған нысанымыз Розыбакиев көшесі мен Дүйсенов көшелері қиылысында пайда болған «Шипа Дент» сквері болды.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында абаттандырылған аймақта бұрын жабайы сауда мен ретсіз көлік тұрағы болған.
Бүгінде Алматы қаласындағы қоғамдық кеңістіктердің біріне айналған аймақ толығымен жаңғыртылып, тұрғындар үшін жайлы демалыс орнына айналды. Скверде жасыл желектер, демалыс орындары және жаяу жүргіншілер аймағы қарастырылған.
– «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы – тамаша жоба. Бұрын адам айтса сенгісіз стихиялық сауда орны болған жер бүгінде адам танымастай өзгеріп, тұрғындардың бос уақытын өткізуге арналған арнайы абаттандырылған кеңістікке айналды. Халық үнін естіп, өтінішімізге құлақ асқан қала билігіне, аудан әкімдігіне алғыс айтамыз. Бізде жаяу жүргіншілер жолы, балалар ойнайтын алаң, қолайлы орындықтар, бәрі бар. Сквер кешке қарай жарқырап тұрады., - дейді аудан тұрғыны Әсел Нұрғазина.
Тур барысында аудан әкімі Арман Шамшин жүзеге асырылған жобалардың маңыздылығын айта келіп, журналистердің сауалдарына жауап берді.
– Соңғы жылдары Алматының көркеюіне «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының әсері көп. Демалыс аймақтары қоғамдық кеңістіктерді жақсарту және қаланың экологиялық жағдайын арттыру мақсатында маңызды рөл атқарады. Біз әрқашан аудан тұрғындарының бастамаларын қолдаймыз, - дейді аудан әкімі Арман Шамшин.
Айта кетейік, Алмалы ауданында 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 34 жоба жүзеге асырылса, биыл барлығы 52 жоба іске қосылған.
АУДАН АЖАРЫ АЙШЫҚТАЛЫП КЕЛЕДІ
- Автор Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ
- 20:27, 13 желтоқсан 2024