Атап айтқанда, ақша өтемақысы – Заңның 101-1-бабының 3-тармағында және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңның 55-бабының 6, 7-тармақтарында көзделген жағдайларда жүзеге асырылатын біржолғы тұрғын үй төлемдері екені нақтыланды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылғы 8 мамырдағы Үкімет қаулысымен ақша өтемақысын төлеу Қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Ақша өтемақысын алушылар:
2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 10 және одан да көп жыл әскери қызметте болған және 20 жыл күнтізбелік әскери қызметтен кейін қызметтік тұрғын үйді тегін жекешелендіруге құқығы бар, жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғын үйде тұратын әскери қызметшілер.
Қазақстан Республикасы бойынша жаңа тұрғын үйді сатудың бір шаршы метрінің құны (уәкілетті органның мемлекеттік статистика саласындағы деректері бойынша, ағымдағы жылдың қаңтар айында оның интернет-ресурсында жарияланатын) отбасының әр мүшесіне, оның ішінде әскери қызметшінің өзіне 18 шаршы метр есебінен тұрғын үй алаңына көбейтіледі, одан бұрын жүзеге асырылған ағымдағы тұрғын үй төлемдерінің сомасы шегеріледі.
Ақша өтемақысын алушылардың отбасы мүшелері "Заңның" 101-10-бабына сәйкес әскери бөлімдер тізімінен шығарылған (әскери қызметтен босатылған) күнге айқындалады.
Сондай-ақ ақша өтемақысын төлеу үшін алушы белгіленген тәртіппен мына құжаттарды ұсынады:
әскери қызметтегі мәртебесі, отбасы құрамы және тұрғын үй төлемдерін алу туралы мәліметтері бар, мемлекеттік мекеменің кадр бөлімшесі (жинақтау бөлімшесі) берген қызмет орнынан анықтама;
егер жұбайы (зайыбы) құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган, азаматтық қорғау органы қызметкері немесе әскери қызметші болса, тұрғын үй төлемдерін алу туралы мәліметтері бар қызмет орнынан анықтама;
жұбайының (зайыбының) тұрғын үй төлемдерін алуын есепке алатын аналитикалық есеп карточкасы, егер жұбайы әскери қызметте немесе құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарда, азаматтық қорғау органдарында қызмет еткен болса.
Әскери қызметшінің қызметтік тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқығының орнына ақша өтемақысы мына жағдайларда төленбейді, егер әскери қызметші немесе оның жұбайы:
Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйі болса, оның ішінде 50%-дан аз үлес немесе мұрагерлікпен алынған үлес жағдайын қоспағанда;
купондық тетік арқылы жекешелендіруді жүзеге асыруды қоспағанда, тұрғын үйді жекешелендіру құқығын іске асырса;
біржолғы тұрғын үй төлемдерін, біржолғы ақша өтемақысын немесе ақша өтемақысын алса;
соңғы бес жыл ішінде Қазақстан Республикасында өзіне тиесілі тұрғын үйді иеліктен шығарса.
Бұл ретте әскери қызметшіге ақша өтемақысы оның жұбайын (зайыбын), сондай-ақ олардың баласын есепке алмай төленеді, егер олардың тұрғын үйге құқығы некеге тұрғанға дейін жүзеге асырылған болса.
Ақша өтемақысы оны төлеу туралы бұйрық шығарылған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей алушының жеке арнайы шотына аудару арқылы төленеді.
Сондай-ақ алушы тұрғын үй төлемдері үшін банкке тек бір ғана жеке арнайы шот ашатыны және пайдаланатыны көрсетілген.
Ақша өтемақысы мақсатты сипатқа ие.
Ақша өтемақысын алған алушылар оның мақсатты пайдаланылғанын растау үшін алты ай ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын мақсаттар бойынша тұрғын үй төлемдерінің пайдаланылғанын растайтын құжаттарды ұсынады.
Қаулы 2026 жылғы 19 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі.