Алматы қаласы Алатау ауданындағы №210 мектеп-лицейде соңғы қоңырау биыл ерекше форматта ұйымдастырылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Әскери оркестр әуенімен өрілген салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері қатысып, мерекенің айрықша сәнін келтірді. Оқу ордасымен шефтік байланыс орнатқан әскерилердің қатысуы түлектер үшін де, ата-аналар мен ұстаздар қауымы үшін де есте қаларлық сәтке айналды.
Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылды. Ел Әнұранын Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің әскери үрмелі аспаптар оркестрі орындады. Ал Мемлекеттік Туды алып шығу құрметі әскери қызметшілерден жасақталған ту ұстаушы топқа берілді. Әскери марштар, сап түзеген сарбаздардың айбынды келбеті мен ерекше рәсімдер соңғы қоңырау салтанатына өзгеше рух сыйлады. Мұндай форматтағы мереке оқушыларға патриоттық тәрбие беріп қана қоймай, мектеп тарихындағы жарқын оқиғалардың біріне айналды.
2023 жылы ашылған №210 мектеп-лицейі бүгінде Алатау ауданындағы заманауи білім ордаларының бірі саналады. Қазіргі таңда мұнда екі мыңға жуық оқушы білім алады. Биыл мектеп қабырғасынан 99 түлек қанат қаққалы отыр. Төрт 11-сынып үлкен өмірге жолдама алды. Бұл – білім ордасының тарихындағы екінші түлектер легі.
Мектеп мақтанышына айналған озат оқушылардың бірі – «Алтын белгіге» үміткер Дінмұхаммед Сепбосынов. Оның айтуынша, бұл күн – түлектер өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы.
– Бүгін біз үшін қуанышты да, толқынысқа толы ерекше күн. Осы мектепте білім алып, ұстаздарымыздан тәлім-тәрбие көрдік, нағыз достар таптық. Алдымызда үлкен жауапкершілік пен жаңа белестер тұр. Болашақта елге қызмет ететін, халқына пайдасын тигізетін маман иесі болғым келеді, — дейді түлек.
Түлектерге ақ жол тілеген мектеп-лицей директоры Гүлнара Ахметова бүгінгі жас буынға үлкен сенім артатынын атап өтті.
–Әрбір шәкіртіміз – біздің мақтанышымыз. Мектебіміздің ашылғанына көп уақыт болмаса да, бүгінде өзіндік дәстүрі мен жетістігі қалыптасып келеді. Бүгінгі түлектер өмірден өз орындарын тауып, ел болашағына үлес қосатын азамат болады деп сенемін. Олар өз мектебін әрдайым мақтан тұтады деп ойлаймын, – деді мектеп директоры.
Әскери оркестр сүйемелдеген соңғы қоңырау шарасы мектеп өміріндегі ең жарқын әрі тағылымды мерекелердің біріне айналды. Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қатысуы іс-шараның маңызын арттырып, жас түлектерге ерекше әсер мен Отанға деген мақтаныш сезімін сыйлады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі