Өзекті мәселелерді талқылады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласы Әуезов ауданының дамуы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы ретте жауапты тұлғалар Әуезов ауданындағы «Жетісу-2» және «Жетісу-3» шағынаудандарының тұрғындарымен арнайы кездесу өткізді.
Ашық диалог форматында өткен жиында аумақтың көше жарығы, электрмен қамту, көркейту-көгалдандыру және инженерлік желілердің қазіргі жай-күйі жан-жақты талқыланды.
Тұрғындар тарапынан көтерілген басты мәселелердің бірі — қауіпсіздік пен жарықтандыру сапасы. Атап айтқанда, Абай даңғылының бойындағы учаскелердің біріне қосымша жарық шамдарын орнату қажеттілігі туындаған. Осыған байланысты жауапты мамандарға тез арада тиісті тапсырмалар беріліп, мәселені шешу жолдары айқындалды.
Қазіргі уақытта қаланың барлық аудандары мен шағынаудандарында инженерлік желілерді төлқұжаттау (паспортизация) жұмыстары белсенді қолға алынған. Бұл шара қай аумақта жөндеу немесе желілерді ауыстыру жұмыстарын бірінші кезекте жүргізу қажет екенін нақты анықтауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта бүгінде су, электр және кәріз желілерінің жағдайына толықтай тексеру жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, кездесу барысында тұрғындар балалар мен аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді әрі жайлы өткізуіне арналған қоғамдық кеңістік құру туралы ұсыныстарын жеткізді. Осы орайда, аталған аумақта заманауи балалар ойын алаңы, спорттық жаттығу құрылғылары (воркаут аймақтары) және ыңғайлы демалыс орындары бар жаңа сквер жасау мүмкіндігі қарастырылатын болады.
Жергілікті билік өкілдері тұрғындардың әрбір өтініші мен ұсынысы назардан тыс қалмайтынын және инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті.