5–7 тамызда Индонезияның астанасы Джакарта қаласында ASEAN елдері бас қосты. Ұйымның биылғы төрағасы Индонезия 43-саммитті сәтті ұйымдастырды. Саммиттің қорытындысы бойынша ұйымға мүше мемлекеттер экономикалық интеграцияны одан әрі ынталандыру мен геосаяси текетірестен алшақ болуды жөн санады. Десе де, Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы стратегиялық әріптестерімен қарым-қатынасын одан әрі нығайтты.
ASEAN туралы бірер сөз
ASEAN ұйымы 1967 жылы 8 тамызда құрылған. Оған оңтүстік-шығыс Азия аймағы елдері кіреді. Бастапқыда 5 мемлекеттің, Индонезия, Малайзия, Сингапур, Тайланд және Филиппиннің бастамасымен өмірге келді. Кейін аймақтық ұйымға Бруней (1984 ж.), Вьетнам (1995 ж.), Лаос және Мьянма (1997 ж.) және Камбоджа (1999 ж.) мүше болды.
Соңғы мәліметтерге сәйкес ASEAN халқының саны 665 млн-нан асты. Жер көлемі 4,5 млн шаршы шақырым. Ортақ ЖІӨ 9,7 трлн АҚШ долларынан астам.
Оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы құрылуының басты мақсаты аймақтағы экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстарды нығайту. Сондықтан саяси не әскери одақ дегенге келмейді. Биылғы өткен саммитте де осы мақсат қойылды. Индонезия төраға болған саммиттің басты тақырыбы ретінде ұйымды экономикалық өсім орталығына айналдыру таңдалды. Және де әлемдегі геосаяси текетірестерден алшақтау әрекеттері де байқалады. Себебі, аймақ елдерінің бірігудегі басты мақсаты экономикалық интеграция. Десе де, сауда- экономикалық салада негізгі стратегиялық әріптестермен байланысты одан әрі нығайтуда.
Негізгі геоэкономикалық бағыттар
Аймақ өзге елдермен қарым-қатынасқа ашық. Алайда, бәрімен бірдей емес, әрі сауда-экономикалық салаға аса мән береді. Бүгінгі таңда ASEAN Аустралия, Канада, Қытай, ЕО, Үндістан, Жапония, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ елдерімен терең әріптестік орнатқан. Бірақ бәрімен бірдей деңгейде емес.
Аустралия, Қытай, Үндістан және АҚШ елдерін стратегиялық әріптес деп біледі. Бұл осы елдермен қарым- қатынасқа аса мән береді деген сөз. Мұны сауда айналымы да дәлелдеп отыр. 2021 жылғы мәлімет бойынша экспорттың 20% Қытайға жөнелтілген. Ал АҚШ-қа 19,1%. Бұл көрсеткіш бойынша Үндістан мен Аустралия сәл артта қалған. Алайда, аталмыш елдер аймақ үшін геостратегиялық тұрғыдан маңызды. Сондықтан олармен стратегиялық әріптестікті нығайтып келеді.
Импорт көлемі бойынша да 30%-бен Қытай көш бастап келеді. Келесі орында Жапония (9,83%). Бұл мәліметтер аймақтың Қытаймен терең экономикалық байланыс орнатқанын көрсетеді. Жалпы көрсеткішінде АҚШ, Үндістан мен Аустралия елдерімен тауар айналымы оң көрсеткішке ие. Себебі, импорт экспорттан аз.
Аймақ елдері сонымен қатар, белгілі бір салалар бойынша ғана өзге елдермен әріптестік орнатқан. Оларға Бразилия, Марокко, Норвегия, Пәкістан, Оңтүстік Африка, Швейцария, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері жатады. Мысалы, Бразилиямен аталмыш келісім 2022 жылы жасалған. Ол келісім бойынша азық-түлік қауіпсіздігі, орман және ауыл шаруашылығы, қалпына келетін энергия, цифрлық байланыс және өзге де салалар бойынша әріптестік орнатылған. Түркиямен терроризм мен экстремизммен күрес, туризм, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда байланыс орнатылған.
Түрлі аймақтық одақтар мен бірлестіктермен байланыс та бар. Әсіресе, Латын Америкасындағы сауда-экономикалық негізде құрылған аймақтық ұйымдармен әрістестік жоғары деңгейде. Олардың қатарында MERCOSUR (Аргентина, Бразилия, Уругвай, Парагвай, Венесуэла), Тынық мұхиты альянсы (Мексика, Перу, Чили, Колумбия, Коста-Рика) бар. Тіпті, ШЫҰ-мен де байланыс бар.
Көріп тұрғанымыздай, Оңтүстік-шығыс Азия елдері сауда-экономикалық салада белсенді саясат жүргізуде. Олар үшін басты қағида геоэкономикалық тиімділік болып отыр.
Елдер |
Экспорт |
Импорт |
Қытай |
20% |
30% |
АҚШ |
19,1% |
8,51% |
Үндістан |
4% |
2,93% |
Аустралия |
3,2% |
3,04% |
Қазақстан және ASEAN
Қазақстан мен Оңтүстік-шығыс Азия елдерінің сыртқы саясаты ұқсас. Экономикалық тиімділік екі жаққа да ортақ саяси құндылыққа айналған. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, екіжақты әріптестікті нығайту тиімді. Алайда, бүгінгі күні жоғары деңгейде дамып жатыр деп айта алмаймыз. Оған көптеген фактор әсер етеді. Ең басты кемшілік – географиялық алшақтық пен теңізке шығу мүмкіндігінің жоқтығы. Содан шығар, олар біз түгілі Ре сейді стратегиялық әріптес деп санамайды.
Соған қарамастан сауда - экономикалық әріптестікті нығайтуға болады. Ол үшін Вьетнам «кілт пен қақпа» болуы мүмкін.
«Аlmaty-akshamу» №107, 9 қыркүйек, 2023 жыл