Алматыда «Студенттік спорт лигасының» республикалық финалы басталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда «Студенттік спорт лигасының» республикалық финалының ашылу салтанаты өтті.
Ірі спорттық дода ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, Қазақстанның Ұлттық студенттік спорт одағымен бірлесіп ұйымдастырылып отыр.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан, Ұлттық студенттік спорт одағының президенті Қайрат Закирьянов, Сиднейде өткен жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Ермахан Ыбрайымов қатысты.
Ақерке Абылайхан студенттерге сәттілік тілеп, министрлік жастардың жан-жақты дамуына қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып, білімге, ғылымға ұмтылып жүрген жастарсыздар. Сіздердің толық тұлға, толық адам болып қалыптасуларыңызға министрлік тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Соның айқын көрінісі – бүгін Қазақстанның түкпір-түкпірінен Алматыға спорттық додаға келіп отырғандарыңыз. Жеңіске жеткен жастардың жеңісі құтты болсын. Ең бастысы, қатысып отырған Қазақстанның 48 университетінің жастарына, спортқа деген қызығушылықтарыңызға алғыс айтамыз», – деді ол.
Сиднейде өткен жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Ермахан Ыбрайымов студенттік спорттың болашағы зор екенін айтты.
«Бұл лиганың болашағы зор. Студенттік спорт арқылы олимпиадалық спортқа жол ашылады. Өздеріңіз білесіздер, олимпиада чемпиондарының бәрі – студенттер. Сіздердің мақсаттарыңызды білемін, спортты жақсы көресіздер, тек алға» – деді ол.
Финалдық кезеңде еліміздің 50 жоғары оқу орнынан 2500-ден астам студент бақ сынайды. Қатысушылар спорттың 7 түрі бойынша мықтыларды анықтайды. Атап айтқанда, волейбол, баскетбол, футзал, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат және қазақ күресінен жарыстар өтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, лиганың басты мақсаты – студенттік спортты дамыту, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, үздік командалар мен спорт клубтарын анықтау, сондай-ақ жоғары оқу орындары арасындағы достық байланысты нығайту.
Жарыстар Алматыдағы жоғары оқу орындары мен спорт ұйымдарының базасында өтеді. Оған еліміздің жетекші университеттері қатысады.