Алматы мектептерінде 357 мыңнан астам оқушы оқу жылын аяқтады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда 2025–2026 оқу жылы ресми түрде қорытындыланды. Қаладағы 360 мектепте білім алған 357 222 оқушы үшін жазғы демалыс басталды. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері хабарлады.
Оқу жылы «Адал азамат» бағдарламасы аясында өткен «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағатымен түйінделді. Ал мектеп түлектері үшін «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты жиын ұйымдастырылды.
Биыл қала мектептерін 51 391 оқушы тәмамдады. Оның ішінде 30 411 оқушы 9-сыныпты бітірсе, олардың шамамен 11 мыңы колледждерде білімін жалғастыруды жоспарлап отыр.
11-сыныпты аяқтаған 20 980 түлекке жалпы орта білім туралы аттестат табысталады. Оның 17 493-і мемлекеттік мектептердің, ал 3 487-сі жекеменшік білім беру ұйымдарының оқушылары. Сонымен қатар, 799 түлек «Алтын белгіге» үміткер атанып отыр.
Қорытынды аттестаттау емтихандары 29 мамыр мен 15 маусым аралығында өтеді. Аттестаттарды салтанатты табыстау рәсімі 18 маусымға жоспарланған.
Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев мектеп бітіру іс-шараларында қауіпсіздік талаптары басты назарда болатынын айтты.
«Біз түлектер бұл күнді тек жағымды естеліктермен есте сақтауы үшін барлық жағдай жасаймыз. Сондықтан заңсыз ақша жинауға жол берілмейді. Аниматорлар, автокортеждер мен артық салтанатты шаралар ұйымдастырылмайды. Мектеп ең алдымен балалар үшін жұмыс істеуі керек. Барлық іс-шара мектеп аумағында, күшейтілген бақылаумен және қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып өткізіледі», – деді Сәкен Аралбаев.
Басқарма өкілдерінің мәліметінше, биылғы оқу жылы алматылық оқушылар үшін жетістіктерге толы болды. 160 мыңнан астам оқушы ғылыми және шығармашылық байқауларға қатысып, 2,7 мыңнан аса жүлдеге ие болған.
Сонымен қатар Алматы құрамасы 24 жыл қатарынан жаратылыстану-математикалық бағыттағы республиканың үздік олимпиадалық командасы атанды.
Халықаралық деңгейдегі білім додаларында да алматылық оқушылар жоғары нәтиже көрсетті. Олар Литвада өткен European Mathematical Olympiad, Тунистегі I-FEST² және АҚШ-тағы FIRST Championship секілді беделді жарыстарда жалпы саны 99 медаль жеңіп алды.
Қалада білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. 2025–2026 оқу жылында 37 білім беру нысаны пайдалануға беріліп, нәтижесінде 40 мыңға жуық жаңа орын ашылды.
«Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында жалпы сыйымдылығы 34 200 орындық 20 жаңа мектеп іске қосылды. Бұдан бөлек, қосымша оқу корпустары мен мемлекеттік балабақшалар салынды.
«Біздің мақсат — тек екінші ауысымды қысқарту емес, білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеру. STEM-зертханалары, робототехника және жасанды интеллект кабинеттерімен жабдықталған заманауи мектептер, жаңартылған телекоммуникация колледжі, “Самғау” мен “Шабыт” шығармашылық орталықтары — қазіргі қоғам сұранысына берілген нақты жауап. Сонымен қатар жетім балаларға арналған “Жанұя” кешені толықтай жаңғыртылды», – деді Сәкен Аралбаев.
Сондай-ақ, басқарма өкілдері жазғы демалыс кезінде оқушыларға арналған «Балалар кітапханасы» жобасы аясында кітап оқу мен фильм көруге қатысты ұсынымдар әзірленгенін хабарлады. Бұдан бөлек, ата-аналармен балалардың қауіпсіздігіне қатысты қосымша түсіндіру кездесулері ұйымдастырылады.