ffin.kz

Арғымақ мінген ару

Арғымақ мінген ару

Қазақ қыздарына көкпар тарту жат емес


Жануар атаулының ішінде болмысы бөлек, сұлулықтың идеалы саналатын мінсіз жылқы түлігін ерекше жақсы көремін. Қазанаттың құлағында еркін ойнап, құдды бір сол аттың үстінде туғандай ерекше үйлесе кететін жандарға қызыға қараудан ешқашан жалықпаймын. Қазір ат спорты деген түсінік қалыптасқан. Қала маңында атқа еркін отыруды үйрететін бағасы қолжетімді арнайы клубтар да көбейіп келеді.


Жылқы – төрт түліктің төресі


Соңғы кездері әлеуметтік желіге жүктелген сурет, бейнелерден жылтыраған, қымбат, кез келгеннің қолы жете бермейтін нәрсе емес, барынша қарапайым дүниелердің өтімді болып жүргенін сіз де байқаған боларсыз?! Яғни қазір трендте – шынайылық.


Ат жалын тартып мініп, сәйгүлікпен желдей ескен шабандоздардың бейнежазбалары әлеуметтік желіде жиі жарияланып жүр. Әсіресе, ауылдағы ат баптайтын азаматтар, кішкентай балалар, тіпті, жасөсірім қыздар ат үстінде шауып бара жатқанын рухты әнмен желіге жүктейді. Нәтижесінде қаралымы көп, әсерлі, керемет дүние шығады. Жылқы малын қолға үйреткен алғашқы жұрт қазақ жерін мекен еткенін ескерсек, бұған таңқалудың түк те керегі жоқ. Бірақ текті жануардың қадірін түсініп, бабын таба білген жандарға, оның үстіне жастарға еріксіз таңдай қағасың. Атқа міну дәстүрінің әлі де сақталғанына қуанасың...


Ат үстіндегі адуынды ойын


Қазақта ат спортына жататын жарыс түрлері көп. Солардың бірі – білектілер мен тақымы мықтыларға ғана тән – көкпар. Ұлттық ат спорты сынға түскенде, бастысы – күш пен әдіс ұштасу керек. Көкпарда жәй ғана атқа мініп, шаба білу аздық етеді. Кез келген адам аттың бабын тауып, ыңғайын жақсы білсе де, көкпар тарту мүлдем бөлек нәрсе. Ер-азаматтың күші мен шыдамы сыналатын көкпарға қыздардың да атсалысқаны дұрыс па? Күні кеше желіге тараған, көптің ықыласына бөленген, 5 жасында атқа қонып, 15-інде көкпар тартқан Алтынай есімді көкпаршы қызды көргеннен кейінгі ең бірінші ойға оралған нәрсе – осы болды.



Сурет massaget.kz сайтынан алынды.


Дегенмен, бұл сұраққа қатысты пікірлер екіге жарылып жатыр. Желіге жүктелген бейнежазбада оқырмандардың дені ешқандай боямасыз, шынайылық пен нәзіктік үйлесім тапқан қазақ қызына тамсанып, сәттілік тілеп жазыпты. Осылайша шабандоз қыз көпшілікті тәнті етті.


Бірнеше ай бұрын қала маңында ұйымдастырылған көкпарға барғанымда, әңгіме арасында палуандардың бірі «қыз баланың көкпар тартқаны дұрыс емес» деп кесіп айтқаны бар. Халқымыздың еш жерде жазылмаған, дәстүр мен салт арқылы бүгінге жеткен өз заңдылықтары бар. Солардың бірі – қазақтың көкпарға қыз баласын қатыстырмауы. Ұлттық спорттың бұл түрі пайда болғалы келе жатқан үрдіс әйел жыныстыны көкпарға араластырмауының нақты себебін әлі күнге түсіне алмадым. Аса қауіпті, ең экстремалды спорт түріне жататындықтан болар деп топшыладым.


Осы орайда «Қазақ жылқысының тарихы» атты энциклопедияға татитын кітаптың авторы, 40 жылға жуық ғұмырын жылқының, қазақ пен жылқының байланысын зерттеуге арнаған Ахмет Тоқтабайдың да пікірін біле кеткенді жөн көрдік.


Ахмет ТОҚТАБАЙ, тарих ғылымының докторы, этнограф:


Қазақта көкпаршы қыздар көп болған


Қазақ – көшпенді халықтардың ішінде өз этномәдениетін сақтаған ең ірі халық. Қазақ тарихында Алтай қазақтарының арасында көкпар тартқан қыздар болған. Оған таңқалудың қажеті жоқ. Көпшілікке көрсетіп, жиі насихаттау керек деп санаймын. Жазба деректерде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде көкпаршы қыздар кездеседі. Бірақ жаппай тек қыздар ғана көкпар тартқан жоқ, әрине. Қыздардың көкпар тартқаны, сол арқылы халықтың алдында беделге ие болғаны туралы әңгімелер бар. Сондықтан қазақ қыздарының көкпар тартқанын жоққа шығара алмаймыз.



Қазір де қазақ қыздарының арасынан көкпар тартатын қыздар шығып жатса, оған тек қуану керек. Жаман нәрсе емес қой. «Қазақ жылқысының тарихы» деген кітабымды жазарда 30 жылдай зерттедім. Бүкіл Қазақстанды, шетел қазақтарын араладым. Елдің кез келген өңірінде көкпаршы қыздар жайында деректерді жиі кездестірдім. Қазақта барымташы қыздар да болған. Еразаматтармен қатар жаудың жылқысын айдауға қатысқан. Қазір қыздар зілтемір көтеріп, ауыр атлетикамен де айналысып жүр. Оның қасында көкпар тарту деген аса қиын емес. Қыздардың аттың құлағында еркін ойнауы – үлкен өнер. Ат спортының барлық түрі қыз балаға тән.



Француз ғалымы В.Вуаезеннің «ер мен әйел теңдігі көшпенділер атқа мінгенде басталды» деген сөзі бар. Ертеде Еуропада, т.б. отырықшы елдерде атқа тек ер-азаматтар мінді. Ал көшпенділерде ер мен әйел атқа қатар мінген кезде оларда белгілі бір дәрежеде теңдік қалыптасты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38