Аңдушының бейнесі: сталкерді қалай тануға болады?

Аңдушының бейнесі: сталкерді қалай тануға болады? Сурет: Жасанды интеллект

Кейінгі жылдары сталкинге қатысты қауіп айтарлықтай көбейді. Жақында Шымкентте болған 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімі елдің қабырғасын қайыстырды.  Бұл қайғылы жағдай сталкингтің қоғамда қаншалық қауіпті деңгейге жетіп, асқынып кеткенін тағы көрсетті. Aqshamnews.kz бұл тақырып төңірегінде мамандар пікірін саралап көрді. 

Нұрай Серікбайдың өлімі: сталкингтің ауыр салдары

Нұрай мектепті үздік бітіріп, Алматыда "Сән және дизайн" мамандығы бойынша білім алып жүрген. Қысқы демалысына байланысты ауылына барған жас қыз өз үйінің маңында ажал құшқан. 

2024 жылғы қазанда күдікті Нұрайды еркінен тыс алып қашқан. Полиция қызметкерлерінің көмегімен қыз жігіттің үйінен босатылып, туыстары оның қауіпсіздігі үшін арыз жазған. Кейін Нұрай кешірім бергенімен, жігіт тарапынан қудалау мен қорқыту әрекеттері тоқтамаған.

Қайғылы оқиға 11 қаңтарда кешке болған. Нұрай дүкенге шыққан сәтінде күдікті оны аңдып жүріп, көшеде қуып жетіп, бірнеше рет пышақ сұққан. Бойжеткен оқиға орнында көз жұмды. Қылмысқа күдікті ретінде 28 жастағы ер адам іздеуге жарияланып, Шымкент қаласынан 10 шақырым жерде ұсталды.

Сонымен, сталкер деген кім?

"Сталкер" сөзі ағылшын тілінен аударғанда "аңдушы" деген мағынаны білдіреді. Бұл - басқа бір адамның артынан мақсатты түрде ізіне түсіп, үнемі бақылап жүретін адам. Сталкинг мәжбүрлі түрде назар аудартуға тырысу, адамның жеке шекарасын бұзу және психологиялық қысым көрсету арқылы сипатталады.

Кейде "сталкер" сөзі олжасын аңдыған аңшыға немесе қараусыз қалған ғимараттар мен орындарды аралауды хоббиіне айналдырған адамдарға да қатысты қолданылады. Ал адамды "мезі ететін, жалықтыратын аңдушы" мағынасындағы бұл термин 1990 жылдардан бастап БАҚ беттерінде кеңінен қолданыла бастады. Ол кезде бұрынғы серіктестерін аңдитын адамдар туралы хабарламалар көп шығатын еді.

Сталкингтің әлемдегі және Қазақстандағы көрінісі қандай?

Сталкинг оқиғалары бүгінде бүкіл әлемді жайлап барады. Мысалы, АҚШ-та халықтың шамамен 4 пайызы өмірінде кем дегенде бір рет сталкингке ұшыраған. Германияда тәртіп сақшылары жыл сайын 20 мыңға жуық осындай жағдайды тіркейді. Ресейде сталкинг мәселесі және оған қылмыстық жауапкершілік енгізу бірнеше жылдан бері талқыланып келеді.

Қазақстанда да бұл мәселе кейінгі жылдары қоғамда ашық айтыла бастады. Бұған себеп болған қайғылы оқиғалар да аз емес.

Батыс елдерінің статистикасына сүйенсек, сталкинг құрбандарының басым бөлігі - 18-24 жас аралығындағы жастар. Солардың 11 пайызы бес жыл немесе одан да ұзақ уақыт бойы қудалауға ұшырап келеді. Көп жағдайда құрбандар сталкерін жеке таниды: олардың 40 пайызы -  бұрынғы немесе қазіргі серіктестері, 42 пайызы - таныстары.

Сталкингтің түрлері

Адвокат Константин Ерохиннің айтуынша, сталкинг іс жүзінде көбіне үш жағдайға байланысты туындайды:

  • бұрынғы серіктес, көңілдес, дос немесе (сезімі, ұсынысы) қабылданбаған табынушының (поклонник) аңдуы;
  • аноним фанаттың медиа тұлғаны қудалауы;
  • құпия табынушының көпшілікке танымал емес адамды бақылауы.

Маманның пікірінше, әлеуметтік желілер, мессенджерлер, GPS-навигация, заманауи бақылау құралдары және әр смартфондағы камералар сталкингпен айналысуды әлдеқайда жеңілдетті. Сонымен қатар ірі компаниялардан ұрланған адамдардың жеке деректері интернетте жиі тарап кететіні бар. Осындай дерекқорлардың көмегімен сталкер жәбірленушінің нақты мекенжайын, жақындарының деректерін, пәтер нөмірі мен домофон кодын, тіпті оның қай уақытта үйде болатынын да анықтай алады.

Киберсталкинг: цифрлық технологиялар арқылы қудалау

Еуропалық гендерлік теңдік институты киберсталкингті заманауи технологиялардың көмегімен адамды үздіксіз аңду деп бөлек қарастырады. Ол әртүрлі формада көрінуі мүмкін және әрдайым ашық агрессиямен қатар жүрмейді.

Мысалы, ерлі-зайыптылардың бірі GPS-трекер немесе арнайы бағдарламалар арқылы серіктесінің жүрген-тұрғанын жасырын түрде бақылауы мүмкін. Институттың пікірінше, мұндай жасырын бақылау - зорлық-зомбылықтың бір түрі, өйткені қаскүнем сталкингті жәбірленушіні толық бақылауға алу үшін қолданады.

Көп жағдайда киберсталкинг - басқа қылмыстардың бастапқы, дайындық кезеңі. АҚШ-тың Ұлттық виктимологиялық сауалнамасының деректеріне сәйкес, қылмыс құрбандарының әрбір төртіншісі киберқудалауға да ұшыраған. Қылмыскерлер электрондық пошта, мессенджерлер, GPS және тыңшылық бағдарламалар арқылы жәбірленушілердің хат-хабарларын оқып, олардың қозғалысын кейде айлар бойы бақылап отырады.

Киберсталкингтің психологиялық себептері

Психолог әрі сот сарапшысы Олег Долгицкийдің айтуынша, киберсталкингтің негізгі мотиві - жыныстық қызығушылық пен билікке ұмтылу. Сталкер жәбірленушіні өз үстемдігін көрсетуге болатын жыныстық объект ретінде қабылдайды.

Сталкер өзіне объектімен тікелей қарым-қатынас жасауға рұқсат бермейді, бірақ өз қызығушылығын әртүрлі формада білдіруі мүмкін. Бұл әрдайым агрессия түрінде көрінбейді. Мысалы, әлеуметтік желідегі фотосуреттерге жағымды пікір жазу, мақтау, талантын мойындау сияқты әрекеттер болуы мүмкін. Сырт көзге бейтарап көрінетін мұндай мінез-құлық қоғамда жиі қалыпты, тіпті мақұлданатын әрекет ретінде қабылданады.

Киберсталкинг пен кибербуллинг

Киберсталкинг интернет арқылы жасалатын қудалауға ұласуы мүмкін. Ол қорқыту, қорлау, кемсіту мақсатында SMS-хабарламалар, әлеуметтік желілер немесе компромат материалдар тарату арқылы көрінеді. Мұндай әрекеттердің барлығы кибербуллингке жатады.

Сталкер психологиясы

Zigmund.Online онлайн-психотерапия сервисінің клиникалық психологы және психотерапевті Юлия Каминская қазіргі қоғамда сталкингті жиі "романтикаландырып" жіберетінін айтады. Көп жағдайда сталкерді жауапсыз махаббаттан зардап шеккен адам ретінде қабылдайды.

Алайда шын мәнінде сталкерлер әртүрлі болуы мүмкін:

  • құрбанының қорқынышынан ләззат алатын нарцисс-абьюзер;
  • эротоманиядан, соның ішінде сандырақтық түрінен зардап шегетін тым романтик тұлға;
  • галлюцинациялары бар, шизофрения диагнозы қойылған психиатриялық пациент.

Юлия Каминская сталкерлерді олардың мотивтеріне қарай үш түрге бөледі.

1. Қатынастың үзілгені үшін кек алушы

Мұндай адам қарым-қатынастың аяқталуын ауыр сатқындық ретінде қабылдайды. Ол күйзеліс пен ашуды түрлі жолмен шығарады: мүлікті бүлдіру, әлеуметтік желіде жала жабу, қорқыту.

2. Махаббат пен мақұлдауға зәру адам

Бұл типтегі сталкер сандырақтық бұзылыстан зардап шегіп, жәбірленушімен арасында "тағдырлы байланыс бар" деп сенеді. Қатаң бас тартудан кейін ол кек алушы сталкерге айналуы мүмкін.

3. Қудалаушы-абьюзер

Бұл сталкер қудалау мен жәбірленушінің азабынан ләззат алады. Оның негізгі мотиві - бақылау және үстемдік. Бұл санатқа маньяктар да кіреді.

Сталкерді қалай тануға болады?

АҚШ-тағы Лэнгстон университеті мынадай белгілерге назар аударуды ұсынады:

  • нақты бас тартудан кейін де байланысқа ұмтылу;
  • себепсіз сыйлықтар жіберу;
  • үй, жұмыс, оқу орны маңында аңду;
  • суицидпен қорқыту арқылы манипуляция жасау;
  • жалған ақпарат тарату;
  • жәбірленушінің отбасы мен үй жануарларына қоқан-лоқы көрсету.

Қазақстанда сталкинг үшін жауапкершілік бар

2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне "сталкинг" ұғымы енгізілді. Енді адамның психологиялық жағдайына елеулі зиян келтіретін жүйелі қудалау үшін:

  • 200 АЕК-ке дейін айыппұл,
  • 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс,
  • 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Алдын алу - ең маңызды қадам

Қазақстандық нейропсихолог Айнұр Алдаш сталкерлік мінез-құлық бір күнде пайда болмайтынын айтады. Оның сөзінше, Нұрайдың өлімі - ескерілмеген психологиялық бұзылыстың салдары.

Маман қауіпті мінез-құлықтың мына белгілеріне назар аударуға шақырады:

  • жиі әрі бақылаусыз агрессия;
  • ашуды тоқтата алмау;
  • эмпатияның болмауы;
  • жануарларды қинау;
  • "жоқ" дегенді қабылдай алмау.

"Психика өздігінен түзелмейді. Ол не реттеледі, не бақылаудан шығады", - дейді маман.

Сталкингті тек ерге тән деп тану дұрыс болмас, дегенмен жәбір көргеннің көбі -  әйел. Еуропалық гендерлік институтының мәліметіне сүйенсек, әрбір оныншы әйел сталкингке ұшырайды. Ұдайы бақылау мен аңдудың кесірінен психологиялық жағдайы нашарлаған адамдар жетіп артылады. Мұның мысалын әлеуметтік желіден мыңдап кездестіруге болады. Өкініштісі, Қазақстанда күйеуі не досы маза бермеген соң өзіне қол жұмсаған қыздардың саны көп.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:01

13:50

13:40

13:16

13:04

12:56

12:42

12:39

12:06

11:49

11:41

11:37

11:31

11:25

11:11

11:06

10:49

10:38

10:28

10:23

10:14

10:11

08:48

20:13

17:56