Телефонмен жиі қал-жағдай сұрасып тұрғаныңмен, анаңның мейіріміне шомылып, әкеңнің бір-ақ ауыз қуатты сөздерін естіп қайтқанды кім қаламайды дейсіз?!.
Бірде төркіндеп үйіме бардым. Әдеттегідей, келініміз дастарханын жайып, қонақжайлылық танытты. Біздің келгенімізді білген көршіміз де амандаса келіп, дастархан басынан табылды. Шай ішілді. Ата-анамызды көріп, көңіл жайланды. Енді үлкен асқа дейін біраз уақыт бар. Мұндайда бос отырасың ба, өткен-кеткенді айтып, жағдай сұрасып жатырмыз. Содан не керек, әңгімеміздің соңы «Анаңа қоңырау шаласың ба?» деген тақырыпқа ойысып, қызу пікірталасқа ұласты.
– Жоооқ, мен анама мерекелерде ғана телефон шаламын. Өз басым, жөнсіз хабарласып, мазаларын алмаймын. Бір-екі айда бір сөйлесіп қоямын, жетеді, – деп тәкаппарлана сөйледі көршіміз.
– Қалай шыдайсыз, сонда, анаңызды сағынбайсың ба? – дедім таңдана.
– Үйреніп кеткенмін. Хабарласпаса, яғни бәрі жақсы деген сөз... – деді ол сұрағымды іліп әкетіп.
– Ал маған анам өзі хабарласып тұрады. Олар ауылда ғой, – деді келініміз.
Қасымда отырған сіңлім шыдамады білем, сөзге араласып:
– Мәссаған, мен олай істей алмаймын... Лажы болса, алыста болса да күнде
хабарласып, анамның қал-жайы мен көңіл-күйін сұраймын. Сосын анама өзінің әлемдегі ең керемет анна екенін айтамын. «Жылы сөз жан семіртеді».
Анам күнде тыңдаса да, бірінші рет естігендей қуанып қалады. Сосын айналып-толғанып қиясына қонып, өз бетімен қанат қаққан балапанына дұғасын жаудырады. Әкем мен анамның бойында балалары үлгі тұтарлық көп нәрсе бар. Барлық мәселені екеуі ақылдасып шешеді. Бірінсіз бірі ас ішпейді, қайда барса да жұбымен жарасып, қолтықтасып келе жатқанына сүйсінесің. Екеуі сканворд шешкенді жақсы көреді. Шемішкеше шаққанда таң қаласың. Өздеріне хобби. Анаммен хабарласқанда бір-екі аптаға жететіндей газет-журнал, сканвордтарды апарып беретінімді айтамын. Міне, осы сөйлескеніме бар-жоғы бір-екі минут кетеді. Есесіне анаңның дауысын естисің, батасына шомыласың. «Айналайын, сәттілік жолыңа! Алла жар болсын» дейді мейірленіп.
– Сіз білесіз бе, ана мен баланың арасында көзге көрінбес энергия қуаты болады. Сол қуаттың әсері ме екен, әйтеуір, анаммен сөйлескеннен кейін тұла бойымды ерекше бір сезім билеп ала жөнеледі. Міне, сол сезім көңіліңе қанат бітіріп, тіршілігіңе сүңгітіп жібереді ғой, шіркін! – деді сіңілім.
– Өмір болған соң, бір күнің бір күніңе ұқсамай жатады. Сол себепті кей кездері бір-екі күн хабарласпай қалатыным болмаса, мен де ата-анама жиі хабарласамын. Денсаулығын, жағдайын сұраймын. Анаңның көңіл-күйін білгің келсе, дауыс ырғағына мән берсең жетіп жатыр. Өз басым, бірден сеземін, – дедім мен әңгімені түйіндеп.
Әйтсе де көршіміздің сөздеріне ойланып қалдым. «Қалай анасымен тек мерекелерде ғана сөйлеседі. Неге аналардың әр күнін мереке етпеске?!» деп.
Егер ол өз анасымен – бір-екі айда бір сөйлессе, өзгенің анасымен жылдап сөйлеспеуге бар ғой. «Хабарласпаса, яғни бәрі жақсы деген сөз...» дегені несі?!. Өмірде неше түрлі жайттар болып жатады. Бәлкім, оның анасы қандайда бір көмекке зәру шығар. Мүмкін, сырқаттанып жатқан болар, бәрі мүмкін ғой. Көп аналар ондай сәттерде «балам уайымдамасын» деп хабарласпайды, білем. Барлық ананың баласына деген мейірімі һәм махаббаты теңіздей терең, аспандай биік, күн нұрындай шуақты екені ақиқат.
Сондықтан, ананы сағынбау әсте мүмкін емес-ау... Мәселен, қазір мен үшін анам бар кездегі төркіндеп баратын сол күндерім сағынышқа айналған. Егер анам бар болғанда, бүгінгі мерекесімен құттықтауға құстай ұшып барып қайтар едім, әттең... Ислам ғалымдарының бірі: «Бір күні анаң о дүниеге аттанады. Ананың балаға деген махаббаты өзімен бірге кетеді. Біліп қой, ананың о дүниеге аттануымен, сен үшін «жәннат есіктерінің» бірі жабылады. Егерде сенің анаң
тірі болса, оны жалғыз қалдырма. Алыста болса дереу хабарлас, үйде болса тезірек барып, маңдайынан сүй! Қолыңнан келгенше анаңа жақсылық жаса. Ол қандай сөз айтса да, анаңды разы қылуға тырыс. Ешуақытта анаңа ашуланба. Оның саған деген махаббаты орналасқан «жүрегін» жаралайтын ауыр сөздер айтушы болма!» деген екен. Ендеше, аналарыңызды барында бағалаңыздар! Өйткені, бұл өмірде АНАның мейірімі мен аялы алақанына, ыстық құшағына ештеңе жетпейді.
Мәселен, сіз бүгін анаңызбен хабарластыңыз ба? Егер әлі сөйлеспесеңіз, дәл қазір телефон шалыңыз, қуанып қалсын. Бүгінгі АНАЛАР күні мерекесімен құттықтауды да ұмытпаңыз! Әйтпесе, мұндай сәттің бір күндері мүмкін болмайтыны анық...