Бүгін Алматы қаласының Алмалы ауданына қарасты Бөлтірік Атыханұлы атындағы №36 гимназияда Республика күніне арналған «Қыран елім, Қазақстан!» атты мерекелік іс-шара өтті.
Біртұтас тәрбие бағдарламасының «Тәуелсіздік және отаншылдық» жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға жиналған көпшілік мектеп оқушыларының өнерін тамашалады.
Жас ұрпақтың отансүйгіштік, ұлтжандылық, ел мен жерге деген құрметін арттыратын әсерлі кеш Мемлекеттік Әнұранды шырқаумен басталды.
Иә, талант қырларын ұштап, дүниенің тылсым сыры мен ғажайып сиқырлы күйін ұғындыратын ол әрине, мектеп пен ұстаз. Жетісу өлкесіне шұрайлы өлеңдерімен ақын, жыршы, күйші ретінде танылған Бөлтірік Атыханұлының есімімен аталатын №36 гимназия өнерлі ұл-қыздарға бай. Себебі, бұл мектепте шәкірттерін ұлттық өнерге баулып, түрлі аспаптарда ойнауды үйрететін, рухани байытып, таланттар тәрбиелейтін кәсіби мамандар, тәжірибелі ұстаздар көп.
Іс-шарада Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері, М.Мақатаев төсбелгісінің иегері, №36 гимназияның «Асыл мұра» көркемсөз үйірмесінің жетекшісі, ардақты ұстаз Гүлшара Есетованың әдебиетке баулыған шәкірттері Әріп Ғалым, Нұрақын Нұрәли, 2 сынып оқушылары Хадиша Кенжебек пен Аяна Қайраттың нақышына келтіріп оқыған өлеңдері көркем сөздің көсегесін көгертті.
Санира Қайранова жетекшілік ететін халықаралық, республикалық, қалалық байқаулардың жеңімпазы «Тұмарханым» би ансамблінің бишілері сахнаның шырайын келтірді. 4 сынып оқушысы Кенжебек Абдрахманның «Өз елім» деп салған әні жүрегі елім деп соққан жандардың жанын тебірентті.
Ақмарал Ақсерікова басшылық ететін №36 гимназияның өскелең ұрпаққа берер тәлімі мен тағылымы мол. Байқағанымыз, мектеп күнделікті үзіліс кезіндегі қоңырау үнін күйге алмастырған білім ошақтарының бірі екен. Гимназия басшысының айтуынша, мектепте күйдің ойнатылуының өзіндік ережесі қалыптасқан. Мәселен, әдеттегі сабақ басталатын сәтте төкпе күй қойылса, ал сабақ соңында шертпе күй ойнайды. Рас, мұндай үрдіс балаларды мектеп қабырғасынан еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін оятып, ұлттық өнеріміздің асыл қазынасына сусындап өсуіне жол ашары сөзсіз.
– Бүгінгі іс-шараның мақсаты – жас ұрпақты туған жерін, туған елін ардақтауға баулу, отансүйгіштік ұлтжандылыққа тәрбиелеу, оқушылардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру. Гимназиямызда білім алумен қатар, түрлі музыка аспаптарының құлағында ойнайтын, тамылжыта ән салып, мың бұрала би билейтін балалар көп. Шәкірттеріміз халықаралық, республикалық байлауларға қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Мұның барлығы ұстаздарымыз бен ата-аналарымыздың бірлігінің арқасы, - дейді гимназия басшысы Ақмарал Мағжанқызы.
Мереке аясында Республика күніне арналған көрме ұйымдастырылды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Серік Серкешпаев пен Эльмира Исахметованың ұйымдастыруымен өткен мерекелік кештің соңында оқушылар мектеп ауласына ағаш отырғызды.
Іргетасы қаланғалы бері қала мәдениеті мен өнерін дамыту ісіне қомақты үлес қосып, жас ұрпаққа сапалы білім мен рухани-мәдени тәрбие беру №36 гимназия ұстаздарының еңбегі зор. Білім ошағының қала мектептері арасында алар орны ерекше, беделі де жоғары. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақстанның дамуы жолында қызмет етіп жүрген шәкірттеріміз – біздің мақтанышымыз дейді мектеп ұстаздары.
Айта кетейік, 25 қазан күні елімізде Ұлттық мереке – Республика күні атап өтіледі. Осы айтулы күннің құрметіне Алматы қаласында түрлі мәдени- іс-шара ұйымдастырылады.